Қазақстанда 2026 жылдың соңына қарай автокөлік бағасы төмендеуі мүмкін
Бұл жайлы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында айтты. Министрдің айтуынша, елімізде автокөлік өндірісі жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2025 жылы Қазақстанда 171 мың автокөлік шығарылса, биыл 191 мың көлік өндіру жоспарланып отыр.

– Жалпы, Қазақстанда шығарылатын автокөліктердің бағасы төмендеп келеді. Менің білуімше, соңғы бірнеше айда шамамен 11%-ға арзандаған. Оның үстіне түрлі жеңілдіктер мен акциялар да өткізіліп жатыр. Бағаның төмендеу үрдісін байқап отырмын, – дейді Ерсайын Нағаспаев.
Министр жыл соңында автокөліктердің арзандауына әсер ететін тағы бір жағдайды түсіндірді.
– Автокөлікке қызығатын адам ретінде жақсы білесіз, жыл аяқталған сайын сол жылы шығарылған көліктердің модельдік жылы ескіре бастайды. Сондықтан адамдар 2027 жылғы көліктерді сатып алуға ұмтылады. Қазір қараша айы, алда желтоқсан бар. Әрине, жеңілдіктер болады. Меніңше, автокөлік бағасы әлі де төмендейді, – деп түйіндеді министр.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



