Әділдік қағидаты – реформаның өзегі
Әділетті қоғамның бейнесі әрбір азаматтың әлеуметтік жағдайына, тұрғылықты жеріне, қызметіне немесе материалдық мүмкіндігіне қарамастан, заң алдында тең болуы және мемлекет тарапынан көрсетілетін мүмкіндіктерге бірдей қол жеткізуімен өлшенеді. Бүгінде әділдік қағидаты елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалардың өзегіне айналып отыр.
Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген әділдік ұғымы тек саяси немесе құқықтық түсінікпен шектелмейді. Оның мәні әр азаматтың күнделікті өмірінен көрініс табуы тиіс. Мысалы, тұрғынның мемлекеттік қызметті еш кедергісіз алуы, әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасының қолдаусыз қалмауы, ал құқығы бұзылған адамның заң аясында қорғала алуы – әділетті қоғамның көрсеткіші.

Қарағанды облысы – халқы миллионнан асатын ірі индустриялық өңір. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы 1 қазанда облыс халқының саны 1 130 336 адамды құрады. Демек, осыншама тұрғын үшін мемлекеттік қызметтердің қолжетімді әрі сапалы болуы маңызды.
Бүгінде халыққа қызмет көрсету орталықтары мен электрондық үкімет порталы арқылы азаматтар көптеген мемлекеттік қызметті үйден шықпай-ақ ала алады. Мәселен, тұрғындар жылжымайтын мүлікке қатысты мәліметтерді рәсімдеу, баланың тууын тіркеу, әлеуметтік төлемдерге өтініш беру және түрлі анықтамаларды алу сияқты қызметтерді онлайн пайдалана алады. Бұл әсіресе Теміртау, Балқаш, Саран, Шахтинск қалалары мен ауылдық елді мекендердің тұрғындары үшін тиімді. Себебі электрондық қызметтер азаматтардың уақытын үнемдеп қана қоймай, мемлекеттік мекемелерге бірнеше рет бару қажеттілігін азайтады.
Мемлекеттік қызметтің әділдігі оның барлығына бірдей қолжетімді болуымен өлшенеді. Алайда, цифрландырумен қатар, интернеті әлсіз ауылдарда тұратын және электрондық қызметтерді пайдалану дағдысы қалыптаспаған егде жастағы азаматтарға да қолайлы жағдай жасау қажет. Өйткені технологиялық даму ешбір тұрғынды мемлекеттік қызметтен шет қалдырмауы тиіс.
Әділдіктің тағы бір маңызды бағыты – әлеуметтік қолдаудың қолжетімді болуы. Қарағанды облысында аз қамтылған отбасыларға, көпбалалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, зейнеткерлер мен жұмыссыз тұрғындарға түрлі әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Ұлттық статистика бюросы ұсынған мәліметке сүйенсек, 2025 жылы облыста 54 750 мүгедектігі бар азамат тұрған. Олардың 5 242-сі – балалар. Бұл көрсеткіш өңірдегі әлеуметтік қолдау жүйесінің қаншалықты маңызды екенін аңғартады. Мүгедектігі бар азаматтар мемлекеттік бюджет есебінен кресло-арбалар, протездік-ортопедиялық бұйымдар, сурдо-тифлотехникалық құралдар, жеке көмекші және ымдау тілі маманының қызметтерімен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар санаторий-курорттық емделуге мүмкіндік беріледі.
Ал, 2023–2025 жылдар аралығында Қарағанды облысында мүгедектігі бар 5 814 адам жұмыспен қамту шараларына қатысып, оның 3 810-ы нақты жұмысқа орналастырылған. Бұл – әлеуметтік көмектің тек жәрдемақы төлеумен шектелмей, азаматтарды еңбекке араластыруға бағытталып отырғанының көрінісі.
Сонымен қатар Үкімет әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру мақсатында әл-ауқатты бағалаудың алты санаттан тұратын жаңа әдістемесін Қарағанды облысында пилоттық режимде сынақтан өткізуде. Бұл тәсіл азаматтарды тек әлеуметтік мәртебесіне қарай емес, отбасының нақты тұрмыстық жағдайына қарай бағалауға бағытталған.
Әділетті қоғамның маңызды тірегі – заң үстемдігі. Әрбір азамат өз құқығын қорғауға, заңгерлік кеңес алуға және әділ шешім талап етуге құқылы. Қарағанды облысында бұл бағытта мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесі жұмыс істейді.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
Ortalyq.kz


