Қарағандыда «Әлихан Бөкейхан кубогы» волейбол турнирі өтті
Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 160 жылдық мерейтойын ұлықтау рухани-танымдық іс-шаралардан бөлек, спорттық бастамалар арқылы да көрініс табуда. Осы мақсатта «Әлихан Бөкейхан кубогы» дәстүрлі қалалық мектеп ата-аналар лигасы аясында волейболдан турнир өтті. Әр мектептің намысын қорғаған ата-аналар бір алаңда бас қосып, бақ сынасты.

Биылғы спорттық доданың ұйымдастырылуына Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің Әкелер одағы ұйытқы болды. Мектеп директоры Салтанат Алданышқызы мұндай бастамалардың тәрбиелік мәніне айрықша тоқталып, алдағы уақытта ата-аналармен бірлескен жобалардың жалғаса беретінін жеткізді.

– Осындай спорттық іс-шараларды барынша жиі өткізіп тұрсақ деген ниетіміз бар. Өйткені, бұл бір жағынан оқушыларға үлгі-өнеге болса, екінші жағынан ата-аналардың бірлігі мен өзара ынтымағын арттыруға септігін тигізеді. Бала тәрбиесі тек мектептің немесе жекелеген ата-ананың ғана міндеті емес. Ол – баршамызға ортақ жауапкершілік. Мектеп пен отбасы бір мақсат жолында жұмыла әрекет етсе, жас ұрпақ та үлкендердің өнегесіне қарап бой түзейді. Әсіресе, Әлихан Бөкейхан сынды ұлт тұлғаларының есімін осындай игі бастамалармен сабақтастырудың тағылымы мол. Алдағы оқу жылында да ата-аналармен бірлесіп, жүзеге асыратын бірнеше жобамыз бар. Бүгінгі турнирдің ұйымдастырылуына атсалысып, белсенділік танытқан барша азаматқа ризашылығымызды білдіреміз, – деді мектеп директоры.

Айта кетерлігі, Әкелер одағының қызметі спорттық жарыстармен ғана шектелмейді. Ұйым мүшелері отбасылық тәрбиені нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және ата-аналардың қоғамдық белсенділігін арттыру бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.

– Біздің мақсатымыз – ата-аналарды тек спорт алаңында ғана емес, рухани-танымдық ортада да тоғыстыру. Мәселен, басқосуларымызда хакім Абайдың қарасөздерін, әдеби шығармаларды талқылап, отбасы құндылықтары мен бала тәрбиесіне қатысты ой бөлісеміз. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы айқындаған «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясындағы іс-шараларға да белсенді қатысамыз. Халқымыз «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп бекер айтпаған. Балаға тәрбие берудің ең ұтымды жолы – өз ісіңмен үлгі көрсету, – деді «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Жақыпбек Жылқыбайұлы.

Турнирдің ресми ашылу салтанатынан кейін қатысушыларға мектеп ішіне шағын экскурсия ұйымдастырылды. Ата-аналар даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының құрметіне ашылған мектеп мұражайын аралап, батырдың өмірі мен ерлік жолына арналған жәдігерлерді тамашалады.
Биылғы турнирге Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектеп, Шахтинск қаласындағы Әлихан Бөкейхан атындағы мектеп, Абай қаласындағы Абай атындағы мектеп, Доскей ауылының мектебі, №24 және №8 жалпы білім беретін мектептер, Сәкен Сейфуллин атындағы мектеп-гимназиясы мен Көкпекті ауылының мектебі қатысты.
– Сайып келгенде, бұл турнирдің шын жеңісі жүлде тұғырындағы орындармен ғана өлшенбейді. Бір мақсатқа жұмылған ата-аналардың ауызбіршілігі, мектептер арасындағы байланыстың беки түсуі және бала тәрбиесіне деген ортақ жауапкершіліктің артуы – бастаманың басты жемісі. Әлихан Бөкейханның мерейтойы аясында өрбіген игі шараның тағылымы да осында. Өйткені, ұлтқа қызмет етудің өнегесі ұрпақ тәрбиесіне жанашырлық танытудан басталады, – деді Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің Әкелер одағының мүшесі Әділет Жағыпар.
Жарыс қорытындысында Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің ата-аналар командасы топ жарып, І орынды иеленді. Сәкен Сейфуллин атындағы мектеп-гимназиясының командасы ІІ орынға табан тіресе, №24 жалпы білім беретін мектептің ата-аналары ІІІ орынға лайық деп танылды.
Айта кетелік, турнирдің тағы бір ерекшелігі – жеңімпазға көшпелі кубок табысталады. Ұйымдастырушылардың жоспарына сәйкес, ата-аналар лигасы ай сайын өткізіліп тұрмақ. Жеребе қорытындысы бойынша келесі кезеңнің Доскей ауылында өтетіні белгілі болды.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»



