Бас тақырыпЖаңалықтар

«Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағына Амур есімді аталық жолбарыс жіберілді

Қазақстанда 70 жылдан астам уақыттан кейін жолбарыстарды тарихи мекеніне қайтару жұмыстары жалғасуда. 31 қазанда «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағына Амур есімді аталық жолбарыс жіберілді. Ол биыл табиғи ортаға шығарылған екінші жолбарыс атанды,деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі.
Cуреттер ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінен

Еске салсақ, 31 шілдеде осы резерват аумағына Үміт есімді аналық жолбарыс жіберілген болатын. Мамандардың мәліметінше, ол жаңа ортаға сәтті бейімделіп, өздігінен аң аулап жүр. Қозғалысы спутниктік қарғыбау арқылы бақыланады.

Амур Қазақстанға жеткізілгеннен кейін арнайы бейімдеу қоршауында ұсталды. Табиғатқа жіберілмес бұрын ветеринариялық тексеруден өтіп, аңшылық дағдылары мен мінез-құлқы бағаланды. Мамандар оның жабайы ортада өздігінен тіршілік етуге дайын екенін растады. Енді жолбарыстың қозғалысы мен бейімделу барысы спутниктік бақылау арқылы қадағаланады.

Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, бағдарламаның басты мақсаты – жолбарыстарды тарихи мекеніне қайтарып қана қоймай, олардың табиғи жағдайда көбейіп, тұрақты популяциясын қалыптастыру.

Айта кеткен жөн, Оңтүстік Балқаш өңірі мен Іле өзенінің аңғары ертеде Тұран жолбарысының табиғи мекені болған. Алайда ХХ ғасырдың ортасында тоғайлы ормандардың азаюы, қоректік жануарлар санының кемуі және браконьерлік салдарынан бұл жыртқыш Қазақстан аумағынан жойылды.

Оларды қайта жерсіндіру жұмыстары 2018 жылы «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылғаннан кейін жүйелі түрде қолға алынды. Мұнда табиғи ортаны қалпына келтіру және жолбарыстардың қоректік қорын молайту жұмыстары жүргізіліп келеді.

Атап айтқанда, резерват аумағына Бұқар бұғылары мен құландар қоныс аударылды. Биыл қыркүйекте «Алтын-Емел» ұлттық табиғи паркінен тағы 30 құлан жеткізілді.

Жолбарыстарды қайта жерсіндіру бағдарламасы Қазақстан мен Ресейдің бірлескен жұмысы аясында жүзеге асырылуда. Биыл мамырда Ресейдің Хабаровск өлкесінен Қазақстанға төрт Амур жолбарысы жеткізілді. Оның екеуі – ересек, екеуі – күшік.

Жобаға «Амур жолбарысы» орталығы, Дүниежүзілік табиғат қоры (WWF), Freedom Holding Corp. және Freedom «Шапағат» корпоративтік қоры да қолдау көрсетіп келеді.

Жолбарыстарды табиғатқа жіберумен қатар, жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылған. Осы мақсатта адам мен жыртқыш арасындағы ықтимал қақтығыстардың алдын алу тобы құрылған. Мамандар жануарлардың қозғалысын бақылап, тұрғындармен байланыс орнатады.

Ал Қазақстанға жеткізілген екі жолбарыс күшігі әзірге мамандардың бақылауында. Олар қажетті жасқа жетіп, ветеринариялық тексерулер мен мінез-құлық сынақтарынан өткен соң табиғатқа жіберу мәселесі қарастырылады.

Айта кетейік, Тұран және Амур жолбарыстары генетикалық тұрғыдан жақын туыстас. Сондықтан тарихи мекенде жойылып кеткен жолбарыстар популяциясын қалпына келтіру үшін Амур жолбарысы таңдалған.

Бағдарламаның түпкі мақсаты – Іле өзенінің атырауы мен Оңтүстік Балқаш өңірінде табиғи ортада өздігінен тіршілік етіп, көбейе алатын тұрақты жолбарыстар популяциясын қалыптастыру.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button