Жаңалықтар

Қарағанды мергендері Түркістанда топ жарды

Түркістанда жастар арасында жамбы атудан өткен ел чемпионатында Қарағанды облысының мергендерінің мерейі үстем болды. Байрақты бәсекеде өңір намысын қорғаған спортшылар екі алтын, екі күміс және үш қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте І орын иеленді.

Сурет Н.Оралханның жеке мұрағатынан

Үш күнге созылған чемпионатта қатысушылар «Мажар», «Азия», «Түрік» және «Жамбы ату» стилі бойынша бақ сынаған. Өңір құрамасы сапында өнер көрсеткен бес мергеннің ішінде Нұрасыл Оралхан ерекше көзге түсті. Ол жарыстың алғашқы күнінде «Мажар» стилі бойынша қарсыластарынан басым түсіп, алтын медаль иеленді. Екінші күні «Азия» стилінде де үздік нәтиже көрсетіп, қоржынға екінші алтынын салып, «Түрік» стиліндегі бәсекеде күміс жүлдеге қол жеткізді.

Қыздар арасындағы сайыста Адина Әбілқайырова да жүлдесіз қалмады. Жерлесіміз «Мажар» стилінде күміс медаль жеңіп алса, «Азия» және «Жамбы ату» стилі бойынша қола жүлдегер атанды.

– Жарыс жоғары деңгейде өтті. Әр спортшы тыңғылықты дайындықпен келген. Арасында Азия чемпионаттарының жеңімпаздары да болды. Сондықтан, бәсеке оңай болған жоқ. Дегенмен, мен үшін чемпионат сәтті өтті. Бұл жарысқа дейін бірнеше іріктеу турнирі ұйымдастырылып, солардың нәтижесінде өңір атынан бес мерген ел чемпионатына жолдама алды. Сонымен қатар, арнайы оқу жаттығу жиындары өткізілді. Сол дайындықтың нәтижесінде жақсы көрсеткішке қол жеткіздік, – деді Нұрасыл Оралхан.

Чемпионаттың қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Қарағанды облысының құрамасы топ жарды. ІІ орынды Батыс Қазақстан облысының мергендері иеленсе, үздік үштікті Алматы облысының спортшылары түйіндеді.

Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button