Жаңалықтар

Қазақстан Түркі мемлекеттерімен экономикалық байланысты күшейтеді

Президент сөзінде Түркі мемлекеттері ұйымы аллеясының ашылуына да тоқталды. Ол бұл бастаманы Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның қолдауымен жүзеге асқан маңызды қадам деп атап, аллея бауырлас елдер арасындағы достықтың символына айналатынына сенім білдірді.

Сурет Ақордадан

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі геосаяси жағдайдың күрделеніп бара жатқанына назар аударды. Әсіресе Таяу Шығыстағы ахуал мен Ормуз бұғазы төңірегіндегі шиеленіс түркі мемлекеттерінің сауда-экономикалық және көлік-логистикалық байланысына кері әсер етіп отырғанын айтты.

Мемлекет басшысы хуситтердің Сауд Арабиясына жасаған шабуылын да сынға алды. Қазақстан мұндай әрекеттерге қарсылық білдіретінін және оларды тоқтатуға шақырған мәлімдемелерді қолдайтынын жеткізді.

Саммитте экономикалық ынтымақтастық мәселесі де кеңінен сөз болды. Президенттің мәліметінше, Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен өзара сауда көлемі биыл 10 миллиард долларға жуықтаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 40 пайызға жоғары.

Қасым-Жомарт Тоқаев осы өсімді сақтап, экономикалық байланысты одан әрі нығайту үшін бірқатар бастаманы жүзеге асыру қажеттігін айтты. Атап айтқанда, «Түркі әлемінің келешегі – 2040» бағдарламасын сапалы орындап, ұйымның 2027–2031 жылдарға арналған стратегиясын жедел қабылдауды ұсынды.

Президент жаңа стратегияда сауда, инвестиция, өндіріс, ауыл шаруашылығы, цифрлық технология және білім салалары бойынша нақты жобалар қамтылуы керектігін атап өтті. Сондай-ақ Түркі инвестициялық қоры мен Түркі сауда-өнеркәсіп палатасының мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға шақырды.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы келесі жылы Қазақстанда Түркі мемлекеттері ұйымының аясында Іскерлік форум өткізу бастамасын көтерді. Ақсақалдар кеңесінің жұмысына да қолдау көрсетудің маңызын атап өтті.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button