Бас тақырыпЖаңалықтар

Қарағанды облысында 25 млрд теңгеден астам инвестицияға екі зауыт салынады

Қарағанды облысында электр желілеріне арналған жабдықтар мен құбыр өнімдерін өндіретін екі жаңа кәсіпорынның құрылысы жоспарланып отыр. Жалпы инвестиция көлемі 25 млрд теңгеден асады. Жобалар бойынша тиісті меморандумдарға Шымкентте өткен Kazakhstan Global Investment Roundtable (KGIR 2026) халықаралық инвестициялық форумында қытайлық серіктестермен қол қойылды.

Жаңа өндіріс орындарында жоғары кернеулі сымдар, электр беру желілеріне арналған жабдықтар және құбыр өнімдері шығарылады. Бұл өнімдер энергетика саласы мен коммуналдық инфрақұрылымның қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Жобалардың бірін «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асыру көзделген. «Energy Solutions Company» ЖШС жоғары кернеулі сымдар мен электр беру желілеріне арналған жабдықтар өндіретін заманауи кәсіпорын ашуды жоспарлап отыр.

– Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымды дамытуда әлеуеті зор екенін көріп отырмыз. Сондықтан Қарағанды облысында жоғары кернеулі сымдар мен электр беру желілеріне арналған жабдықтар шығаратын заманауи өндіріс орнын ашуды жоспарлап отырмыз. Өнімдеріміз ішкі нарықта ғана емес, одан тыс жерлерде де сұранысқа ие болады деп сенеміз, – деді компания директоры Олег Кытманов.

Екінші жоба құбыр өндірісін дамытуға арналған. «QAZ-HUANENG PIPE SYSTEMS» ЖШС өңірде озық технологиялар мен халықаралық тәжірибеге негізделген өндірістік кешен салуды көздейді.

– Қарағанды облысында мұндай өндірісті іске асыруға қажетті өнеркәсіптік әлеует бар. Біз отандық құбыр өнеркәсібінің дамуына өз үлесімізді қосамыз деп сенеміз, – деді компанияның басқарушы директоры Асқар Кенжеханов.

Жобаларды іске асыру барысын «Qaragandy Invest» инвестицияларды дамыту орталығы сүйемелдейді. Орталық басқарма төрағасының орынбасары Шахназар Әубәкіровтің айтуынша, өңір инвесторларға жобалардың барлық кезеңінде қолдау көрсетуге дайын.

Жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы облыстың өндірістік әлеуетін арттырып, өнеркәсіп өнімдерінің түрін кеңейтуге және қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button