Жолдау – 2026Аймақ

Қуатты аймақтар – стратегиялық басымдық

Мемлекет басшысының дәстүрлі Жолдауын тыңдай отырып, еліміздің дамуына бағытталған орасан мүмкіндіктерді байқадым. «Халықтық құрылыс» жобасының басталуы – келер ұрпаққа аманат ететін жасампаз Қазақстанды бейнелейді.

Сурет автордың жеке парақшасынан

Президентіміз әлемдік саясаттағы аласапыран кезеңде еліміз жаңа саяси-экономикалық даму кезеңіне қадам басқанын айтып,  келер ұрпақтың білім мен мәдениеті қатар дамыған елде өмір сүруіне  мемлекет жан-жақты жағдай жасау қажеттігін қадап айтты. Үкіметке, құзырлы органдарға нақты тапсырмалар берді.  

Мемлекет басшысы атап өткендей, реформаларды нәтижелі жүзеге асырудың  берік негізі – талап, тәртіп және ішкі тұрақтылықты сақтау. Осы басты қағидаттарды ұстана отырып, біз үлкен межелерді бағындыруға жол ашамыз. Жолдауда Мемлекет басшысы инфрақұрылымды дамыту, әлемдік логистика көшін бастау жайлы айтып, «Қуатты қалалар қуатты аймақтардың, ал қуатты аймақтар күшті мемлекеттің негізін қалайды. Сондықтан,  әрбір ірі қаланың Үкімет бекіткен нақты орта және ұзақ мерзімдегі даму жоспары болуға тиіс. Сонымен қатар, қала ресурсын тиімді басқару үшін Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, қала инфрақұрылымының цифрлық сыңарын көп ұзамай әзірлеуге тиіс. Қалалардың қауіпсіз, жайлы, көрікті болуына басымдық, яғни приоритет ретінде қарай отырып, бұл істі аса маңызды мемлекеттік міндет деп қабылдау керек. Бұл – «Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасына толық сай келетін талап. Егер қала қарқынды дамитын болса, сол өңірдің экономикасы да өркендейді, адами әлеуеті де артады» деді.

Осы міндеттердің бәрі елімізде ауқымды «Халықтық құрылыстың»  басталуына негіз екенін айтты. Бұл ретте инфрақұрылымды жаңарту мен әлеуметтік нысандар салу ең алдымен өңірлердегі нақты қажеттіліктерді терең зерделеуге негізделеді.

«Қуатты аймақтар – мықты мемлекеттің негізі» деген қағидат стратегиялық басымдыққа айналды.  Транзит пен логистика саласында Арал – Каспий бағытындағы жүк тасымалы, жалпы Қазақстанның әлемдік көлік хабы ретіндегі орнын айшықтау жайында атап өтілді.  Сонымен қатар, барлық деңгейдегі жолдар, республикалық, облыстық және қалалық жолдардың сапасын қамтамасыз ету мәселесі Үкіметке қатаң жүктелді.

Президент Жолдауда жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін экономикалық және әлеуметтік салаларда нәтижелі пайдалану жайлы атап өтті. Өңірлерді тұрақты қуат көздерімен қамтамасыз ету мақсатында атом электр станцияларын салуды қолға алу да назардан тыс қалмады. Салық саясатын жетілдіру, ауқымды Халықтық құрылыс нәтижесінде әрбір  Қазақстандық  азаматтың табысын, өмір сүру деңгейін арттыру аясында тапсырмалар берді. 

Қазақстан Халық Кеңесі  мүшесі ретінде еліміздің  жарқын болашағына бағытталған  бұл бастамаларға әрқайсымыз үлес қосып, бірлік пен келісімді негізге алып еңбек етеміз.

Айгерім ИСБЕКОВА
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button