Ұлттық құндылық – ұрпаққа аманат
Елдің ертеңі ең алдымен бүгінгі ұрпақтың тәрбиесімен, алған білімімен, бойына сіңірген ұлттық құндылықтарымен өлшенеді. Тарихтың талай өткелінен өтіп, тіліміз бен ділімізді, салт-санамызды сақтап келген халқымыз үшін осы қасиетті ұғымдардың орны қашанда бөлек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген әлеуметтік-экономикалық міндеттерді саралай отырып, мен ең алдымен, адам капиталына, ұрпақ тәрбиесіне, әлеуметтік әділеттілік пен ұлттық бірлікке қатысты мәселелерге назар аудардым. Өйткені, мемлекеттің шынайы байлығы – жерінің кеңдігімен немесе қазынасының молдығымен ғана емес, азаматтарының білім-білігімен, денсаулығымен, рухани кемелдігімен айқындалады.

Қазақ «Бала – бауыр етің» деп бекер айтпаған. Ұрпақтың қамын ойлау – ұлттың болашағына жауапкершілікпен қарау деген сөз. Осы тұрғыдан алғанда, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсету, емдеу-оңалту орталықтарын дамыту, олардың сапалы білім алып, қоғамға бейімделуіне жағдай жасау мәселелерінің маңызы зор. Әрбір баланың қабілетін ашуға, өз мүмкіндігін жүзеге асыруға толық құқығы бар. Қоғамның кемелдігі де қамқорлыққа мұқтаж жандарға жасаған қарым-қатынасынан танылады.
Біздің халқымыздың болмысында мейірім мен жанашырлықтың тамыры тереңде жатыр. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған елдің ұрпағымыз. Ендеше, бүгінгі әлеуметтік саясаттың да өзегінде осы адамгершілік құндылықтар жатуы тиіс. Ерекше қажеттілігі бар баланың сапалы білім алуы немесе дер кезінде оңалту көмегіне қол жеткізуі тек бір отбасының мәселесі емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі.
Мемлекет басшысының ұстаздардың жүктемесін азайту, оларды артық міндеттерден арылту жөніндегі ұстанымы да көңілге қонымды. Ұстаздың негізгі міндеті – балаға білім беріп қана қоймай, оның бойына ізгілік пен адамдық қасиеттерді сіңіру. Ал, қағазбастылыққа кеткен уақыттың орнын шәкіртпен өткізген бір тағылымды сабақ баса алар ма?! Мұғалімнің мәртебесін көтеру – білімнің ғана емес, ұлт тәрбиесінің де мерейін өсіру.
Кітапханалар мен спорт кешендерін дамыту мәселесі де осы мақсатпен сабақтас. Кітап оқыған бала танымын кеңейтсе, спортпен шұғылданған жас жігерін шыңдайды. Бірақ, осы мүмкіндіктердің барлығы ұлттық тәрбиемен ұштасқанда ғана жемісті болмақ. Өйткені, тамырынан ажырамаған ұрпақ қана заманның жаңалығын бойына сіңіріп, өз болмысын сақтай алады.
Жолдауда көтерілген мемлекеттік басқаруды жетілдіру, артық бюрократияны қысқарту және цифрлық технологияларды кеңінен енгізу мәселелері де халықтың күнделікті тұрмысымен тікелей байланысты. Әсіресе, құжат рәсімдеу, мемлекеттік қызмет алу, әлеуметтік қолдауға жүгіну кезінде адамға түсінікті әрі қолайлы жүйе қажет. Технологияның жетістігі де азаматтың уақытын үнемдеп, мәселесін жедел шешуге мүмкіндік беруімен бағалануы тиіс.
Ал, бюджет қаражатын тиімді пайдалану, білім мен медицинаға, әлеуметтік инфрақұрылымға басымдық беру – келешек ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің көрінісі. Мемлекеттің әрбір теңгесі халықтың игілігіне жұмсалып, нақты нәтиже беруі қажет.
Президент сөзіндегі «Заң мен тәртіп», адал еңбек, қоғамдық жауапкершілік және жаңа этикалық құндылықтар туралы ойлар да ұлттық тәрбиеден алшақ емес. Қазақтың «Ұят болады», «Обал болады», «Аманатқа қиянат жасама» деген қағидаларының өзінде үлкен адамгершілік өлшем жатыр. Заман өзгергенімен, ар мен адалдықтың бағасы өзгермеуге тиіс. Дәстүрдің өміршеңдігі де оның бүгінгі қоғамның ізгі мұраттарымен үндесе алуында.
Түптеп келгенде, елдің дамуы қабылданған бағдарламалардың көптігімен емес, қарапайым азаматтың тұрмысындағы оң өзгерістермен өлшенеді. Бала сапалы білім алып, ата-ана ертеңіне алаңдамай, әр азамат еңбегінің жемісін көрсе, қолға алынған бастамалардың нәтижесі де сол болмақ.
Меруеш БАШАЙ
«Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі Қарағанды облыстық филиалы мен «Отандастар қоры» өңірлік фронт-офисінің жетекшісі



