Қарағандыда «Ұлт қазынасы» жобасы қорытындыланды
“Ұлт қазынасы” жобасы аясында ауыл жастарының шығармашылық қабілетін дамытуға үлес қосқан 50 ментор мен олардың шәкірттері марапатталды.

Олар түрлі бағыт бойынша білімдерін жетілдіріп, өз қабілеттерін шыңдады.

Жобаға ауылдар мен аудандардағы талантты жастар қатысты. Олар «Таза Қазақстан», мобилография және поэзия бағыттары бойынша өтінім беріп, өз идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік алды.

Жоба менторларының бірі – эколог Асылжан Төлеген. Ол Қарағанды облысында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және өңірдегі өзекті экологиялық мәселелерді шешуге үлес қосып келеді. Ментор жастарға қоршаған ортаны қорғаудың маңызын түсіндіріп, азаматтық жауапкершілігін арттыруға бағыт береді.

Сондай-ақ қатысушылар арасында мобилография бағытына қызығушылық танытқандар көп. Ментор Жайнат Жақсыбайдың айтуынша, алты-жеті ай бойы білім алып, тәжірибе жинақтаған шәкірттері қазірдің өзінде өз ауылдарында видео түсіріп, табыс тауып жүр. Бұл жастардың заманауи дағдыларды меңгеріп қана қоймай, оларды кәсіпке айналдыруына жол ашып отыр.

Жоба қорытындысы бойынша қатысушыларға Қарағанды облысы әкімінің алғыс хаттары мен арнайы сыйлықтар табысталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Ұлт қазынасы» жобасы алдағы жылы да жалғасын табады. Басты мақсат – ауыл жастарының әлеуетін арттыру, олардың шығармашылық бастамаларын қолдау және жаңа мүмкіндіктерге жол ашу.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



