Қарағандылық «Шахтерге» чемпиондық кубок табысталды
Қарағандыда футболдан Қазақстан Бірінші лигасының 2026 жылғы маусымында чемпион атанған «Шахтер» командасына салтанатты түрде чемпиондық кубок табысталды.

Мерекелік рәсім 22 қазанда, чемпионаттың 26-туры аясында «Шахтер» мен алматылық «Қайрат-Жастар» арасындағы кездесуден кейін өтті.

Қарағандылықтар өз алаңында өткен матчта қарсыласына 2:3 есебімен есе жіберді. Кездесудің 5-минутында Абылай Жылқайдар есеп ашса, 45-минутта Абылай Төлеухан алматылықтардың басымдығын еселей түсті. 83-минутта Мұстафа Шен жеңіс голын соқты. Ал «Шахтер» сапынан Артем Литош 37-минутта, Андрей Ульшин 79-минутта мергендік танытты.

Ойын Қарағандыдағы «Шахтер» стадионының қосалқы алаңында өтті. Кездесуді Бекарыс Аманкелдин бастаған төрешілер бригадасы басқарды.

«Шахтер» чемпиондық атағын 9 қазанда мерзімінен бұрын қамтамасыз еткен еді. 24-турда қарағандылықтар өз алаңында Шымкенттің «Оңтүстік Академиясын» 2:0 есебімен жеңді. Қарсыластарының ұпай жоғалтуы нәтижесінде кеншілер чемпиондық атаққа қол жеткізді.
Осылайша, «Шахтер» Қазақстан Бірінші лигасының жеңімпазы атанып, келесі маусымда елдің жоғары дивизионы – Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсету құқығына ие болды.
Қарағандылық клуб бұған дейін 2011 және 2012 жылдары Қазақстан Премьер-лигасының чемпионы атанған. Енді команда өз қоржынына Бірінші лиганың алтын жүлдесін қосты.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



