Ғибратты ғұмыр ғақлиясы
Әдебиеттанушы ғалым, жерлесіміз Жандос Смағұлов жетпіске толды. Әріптестері, оқымыстылар, шәкірттері мен жерлестері тарапынан көптеген құттықтаулар келіп жатыр. Өмірдің бір белесінен өткен жан туралы белгілі бір дәрежеде есеп беру іспеттес, тындырған ісі, өмір жолы жайлы пікір айтылуы заңды. Сондықтан да, осы азамат жайындағы ойларымызды ықшамдап болса да, ортаға салуға тырыстық…

Бір жайтқа ден қойған абзал. Ол – ғалым Жандос Смағұловтың саналы ғұмырын әдебиеттану ілімін зерттеуге арнап келе жатқандығы. Әділін айталық, оның зерттеуші ретінде не бір бұралаң жол, қиянат, қамығу (қажет десеңіз, торығу мен түңілу), сондай-ақ, жұлдызды сәттері, шуақты кезеңі – бәрі-бәрі сол әрі күрделі, әрі күрмеуі мол, алайда ақиқат іздеп, шындықты табуда, жігері жасымай, небір сынаққа қасқиып қарсы тұрар қайсар жанға сыйлар шарапаты да мол киелі ғылыммен, ол таңдаған әдебиеттану ілімімен тығыз байланысты. Сол ілім мен зерттеуші ғалым есімі біртұтас ұғымға айналғандай әсер қалдырады деген орынды сияқты.
Ғалым Жандос Смағұловтың қаламынан осы уақытқа дейін алты монография, 24 оқулық, оқу құралы мен оқу-әдістемелік еңбегі, тоғыз ғылыми және тарихи-танымдық кітап, 400-ден астам ғылыми, сыни және публицистикалық мақалалар туған екен. Оның ғылыми жетекшілігімен екі адам кандидаттық, 13 адам магистрлік жұмыс қорғады.
Адамның өмірінде пешене деп аталатын шетсіз-шексіз абстрактілі ұғым болады. Ол қалай болғанда да әлгі адамның өзіндік табиғатын, бейімін, қабілет, қарымын анықтайды деген тұжырымдамаға мән берсек, мына төмендегі жайтты басты назарда ұстайтынымыз анық. Ол – осынау азаматтың болмыс-бітіміне әу басынан Ұстаз деген ұғымның берік орнығуы дер едік. Сөз жоқ, ол бірден ұстаз болып қалыптасқан жоқ, алайда, адами болмысына Жаратушы Иенің сол қасиетті атақты сіңіргені анық. Мүмкін, инженер, агроном, кенші, бір ірі өнеркәсіп басшысы болды екен дейік. Ол қызметті де абыроймен атқарып кетер-ау! Бірақ, маңдайына жазылған оқытушы, педагог қызметінен алған сөзбен жеткізе алмас ләззатты ала алмайтыны еш дау тудырмаса керек-ті деп ойлаймыз. Сірә, содан да болар, атағы жер жарып, КСРО бойынша үздік институттар қатарында болған Қарағанды политехникалық институтына түссе де, құжаттарын қайтып алып, ҚарМУ-ға келгенін біреу білсе, біреу білмес.
Сөз жоқ, ғылым әлеміне дендей енген жандар өз жазғанына дәйекті де, деректі де, дәлелді де сол жеке тұлғаға қатысты іліммен айналысып жүрген зерттеушілердің еңбегінен алады. Мәселен, Абайтану ілімін М.Әуезов негіздеді, ол ілім әлі жалғасын табуда. Кеңестік дәуірден қазақ әдебиеті тарихын С.Қарабаев еңбектерінен табасыз. Ұлттық әдебиеттің тарихын дәуірлеу үдерісінен санау көне дәуірден бастасақ, ірі ғалым, зерттеушілердің (Б.Кенжебаев, М.Жолдасбеков, Қ.Жұмалиев, М.Мағауин, Х.Сүйіншәлиев, т.б.) еңбектерін саралай отырып, тәуелсіздік таңы атып, бұғанасы бәлендей қата қоймаған бүлдіршіндей енді-енді барлық саланы жаңаша, ұлттық тұрғыдан зерделеп, ұстанымын қалыптастыру үрдісі елімізде қолға алына бастағанда әдебиеттану ғылымын Тәуелсіздік биігінен соны пікірлер, тың байлам, тұжырымдар тұрғысынан ғылыми айналымға зерделей, саралай келе енгізу тарихи қажеттілік еді. Ол қажеттілік қоғамдық сұранысқа ұласты, әсіресе, әдебиеттану ғылымының алдына орасан зор міндеттер қойды.
Егер тоталитарлық тәртіптің қаһары мейлінше өктемдік құрып тұрған кезді қаперге алсақ, маркстік-лениндік әдіснама, ғаламат қуатты идеология дүниеге әкелген социалистік реализм алқауымен жарыққа шыққан туындыларды (мейлі, көркем шығарма, мейлі зерттеу еңбегі болсын) қазір де қатаң сүзгіден өткізіп, сол тұстағы большевиктік-коммунистік сарында жазылғандарға ең болмаса, қазіргі күн тұрғысынан үңіліп, қысқаша болса да, түсініктеме беру қажет-ақ дер едік. Тек сонда ғана сол уақыт, кезең аясындағы нақты қоғамдық-әлеуметтік, тарихи, саяси жағдаяттарды шынайы түсінуге болады дегеніміз орынды. Тоталитарлық жүйесіндегі идеологияның жетпіс жылдай уақыт ішінде қаншама буын өкілдерінің санасын улағанын, сол жүйеге деген шексіз сүйіспеншіліктің арқасында мәңгүртке айнала жаздағанын, ақыры бір оқ атылмай-ақ алып империяның құлап, құдіреті күшті партияның тарағанына әлем жұртшылығы куә болды.
Мұның бәрін айтып отырған себебіміз, Жандос Смағұлов бір күн емес, ұзақ уақытын арнаған, ақиқат, шындықты дәйектеп саралаған еңбектің аса қауіпті кедергіге тап болуы, бір қарағанда докторлық диссертацияға пікір жазған сарапшы ғалымның ізденушінің еңбегіне ғылыми кеңесші болған Тұрсынбек Кәкішевтей ғалымды мұқатуы, сөйтіп, тырнақ астынан кір іздеп, «кемшіліктер» табуға тырысуы болса да, біздің ойымызша, сол кешегі тоталитаризм тұсында санаға сіңген, одан арыла қоймаған (тіпті, осы уақытқа дейін сол жүйені аңсайтын), яғни, кеңестік идеологияның шырмауындағы құлдық сана мен тәуелсіздік алысымен ғылымға, ой-санаға, еркіндікке деген ұлттық ұстанымның, яғни, екі ұстаным, қос көзқарастың текетіреске түсуі дер едік…
Міне, ғылыми еңбектің нендей қиямет, қайымға толы екенін, оның рахаты ғана емес, азап, мехнаты да мол екенінен титтей де болса хабары бар жан болса, Жандос Қожахметұлының қандай қыл көпірден өтуге талпынғанын аңғарса керек дегіміз келеді.
Адам – періште емес, пенде. Сол пенделігіміз шығар, бір іссапарға барғанымызда, ғылыми жұмысы талқылаудан өтіп, қорғауға болады деп шешім шықса да, өзге бір ізденушілердің килігуі ме, қорғау кешіге берген соң ҚазҰУ-не арнайы соққан ек, бір жиналысқа асығып бара жатқан Зейнолла Қабдолов пен Тұрсынбек Кәкішов ағаларыма «Ана Жандостың қорғауын неге кешіктіріп жүрсіздер?» деп тепсінгеніміз бар еді. Тұрсекеңнің түрінен риза болғанын байқадым. Ал, Диссертациялық кеңестің төрағасы Зейнолла ағам болса, «Қорғайды ғой, алаңдама!» дегені есімде қапты. Кейіннен риза болғанын Тұрсынбек аға өз аузынан айтқан еді.
Ал, 2002 жылы Ғ.Мұстафиннің 100 жылдық мерейтойы Қарағандыда аталып, ғылыми конференция, т.б. іс-шаралар өтті. Көптеген ғалымдар келді, араларында С.Қирабаев, Т.Кәкішев, Р.Нұрғали, т.б. бар. Дәл сол күні Жандосқа ЖАК шешімі келгенін білдік. Диссертациясын, саясат, идеология, өктем әдіснама араласып, тура жолдан тайдырған, шыңғырған шындықты айта алмай, жігері құм болған немесе сол жүйе идеологиясына тәнті болып, оны қолдап, өзі де идеологқа айналып кеткен кейбір ақын-жазушылар, ғалым, зерттеушілер тағдырын, қысқаша айтсақ, тізіп шыға салмай, қисынды, ғылыми бұлтартпас дәйектермен бағалауға бар қарым-қабілетін, ғылыми білімі мен біліктілігін жұмсаған…
Ғылыми әлем – күрделі сала ғана емес, киелі, қасиетті, қастерлі сала. Оған дарынсыз, әйтеуір, ғылыми атақ, дәреже алсам ғой деген мақсатпен келгендер сол киені былғайды. Әлгі кейбір жандардың «осы күні не көп, қаптаған ғалым, профессор, академиктер көп» деп жар сап, ұрандататыны да сондықтан… Ал, шынайы ғалым өзін сол киелі саладан бөліп алып қарамайды. Сол киенің құлақкесті құлына айналды. Ес-түссіз берілгендігі соншалық, сол ғылымның «тұтқынына» қалай түсіп қалғанын өзі де аңғармай қалады. Жеке басын емес, сол ғылымға біреуден ғайбат сөз естісе, қызбаланып, кейде артық-ауыс сөз де айтып қалады. Артынан әзілге сүйеп, ғафу өтініп жататыны да мәлім.
Жөргектен бастап, бір-бірімізді білеміз деу – артықтау. Бірақ, мектепте істеп жүрген сонау жетпісінші жылдардың соңынан бастап біледі екенбіз. Содан бері жарты ғасырға жуық уақыт өтіпті. Ол аз уақыт емес. Сондықтан да осынау азаматтың қыр-сырын бір кісідей білетін сияқтымыз.
Талай өзіне тән қайсарлығына, табандылығы мен ұстанымының беріктігіне куә болғанымыз бар. ЕҰУ-де істеп жүргенімізде диссертациялық кеңес төрағасы Рымғали Нұрғалиге қолқа салып, қиянаттан бекімей қалған диссертациясын тағы да аз ғана өзгеріспен қорғауға қабылдаттық. Онда сол университетте істеп жүрген кезіміз. Ол Қарағандыда. Хабарластық, келді. Төрағамен келістік, монографиясын атын өзгертіп, шамалы өзгеріспен қайта шығарды. Қорғар кезінде төраға ағамыз: «Мүмкін, ғылыми кеңесшіңді ауыстырарсың», – деп еді, ол «қорғамай кетсем де, ғылыми кеңесшімді өзгертпеймін» деп кесіп-пішіп айтқанына куә болып ек.
Ал, Алматыдағы қорғау тұсында түрлі әңгімелер туып, оның сонда баруы керек болды. Серік аға Қирабаевқа хабарласып, жәрдем жасаңыз дедік, кейіннен ол кісі: «Диссертацияңды қайтарып ал, өзгеріс енгізіп әкел», – деп едім, ол келіспеді», – деді.
Міне, заңға сүйенсек, бәрінен бұрын, көкірегін жарып шыққан, ұзақ та терең ізденіспен жазылған еңбегінің ақиқаттан аттамаған, ғылыми жаңашылдығы мол екендігін білетін Жандостың өз айтқанынан қайтпай табандап тұрып алуы көп нәрсені аңғартса керек. Ғылым жолына түскен адам ақиқаттың ақ жолынан аттамауы керек. Ол ешқашан өзгенің алдында жағымпазданып, ар тазалығын кірлетпеуі керек. Киелі ғылым үшін ол жиіркенішті жайт.
Ғылымның киесін түйсініп, табиғатында хамелеондық жоқ болғандықтан жұмысына пікір жазушыға барған жоқ. Ол сол қайсарлығы, табандылығының арқасында ұстазы Т.Кәкішевтің, киелі ғылымның атына кір келтірген жоқ. Әрине, әдебиеттану ғылымы, басты кейіпкеріміз Жандос туралы айта берсек, әңгіме көп. Оны газет көлемі көтермейді. Осы мақаланың жарық көруіне жәрдемдесуге уәде берген дарынды журналист, білікті басшы Қайрат Жүнісұлы бауырыма алғыс айтамын.
Жандос Смағұлов туралы «Ақтоғай ажары» газетінде біраз жайттарды айттық (18.09.2026). Тек бірер жайтты айтуды парызым деп білемін. Ғылым өзекті жайттарды айырықша көтергенде ғана оны қолдаушылар, жаңа уақыт аясында негізгі идеяны жалғастырушылар табылады. Бұл орайда талантты ғалым С.Жұмағұловтың 1956–1991 ж.ж. қамтыған «ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиеттану ғылымы» атты ауқымды еңбегін айтар ек. Демек, біз сөз еткен ғалым еңбегінің арналы да жүйелі зерттеулерге ұласқанын көреміз. Осы еңбектер оқу үрдісіне енген. Ғылыми еңбек жазған ғалымдар еңбегі ЖОО-да оқытылады. Оны тыңдаған түлектер сабақтастықты сақтай отырып, мектепке барғанда оқушыларға жеткізеді. Расымен солай ма?! ЖОО мен мектеп байланысы жаңаша сипат алуы керек десек, қазір ол қандай дәрежеде, бұлар өз алдына жеке мәселе, ол туралы сәті келгенде айта жатармыз.
Осымен тәмамдайық. Ғалым бауырымызға барша жақсылықты тілейміз. Шағын жазбада өзіміз туралы көбірек айтылса, кешірім өтінеміз. Нақты шындықтар айтуға, куә болған жайттарды баяндауға тырыстық. Басқадан мақтан күтетін, мен соншама еңбек сіңіріп ем ғой дейтін жастан өтіп кеткенбіз. Мақтан қажет емес. Алланың мақтаны мен назары болса, болғаны. Бұл шағын еңбегіміз әдебиеттану ғылымының белгілі өкілі, танымал ғалым Жандос Смағұловтың мерейтойы қарсаңында оның ғылым жолындағы еңбегін, азаматтық ұстанымы мен қабілет-қарымын аз да болса аша алса, мақсатымыздың орындалғаны деп білеміз.
Мәуен ХАМЗИН
филология ғылымдарының докторы, профессор,
«Құрмет» орденінің иегері



