Kaspi.kz қосымшасында жаңа қызмет іске қосылды
Қазақстандықтар енді медициналық ұйымға Kaspi.kz қосымшасы арқылы онлайн тіркеле алады. Жаңа сервис азаматтарға емхананы қашықтан таңдауға және медициналық ұйымға тіркелу мәртебесін тексеруге мүмкіндік береді.Бұл туралы Kaspi.kz қосымшасында хабарланды.

Қызмет қосымшаның «Мемлекеттік қызметтер» бөлімінде қолжетімді. Мұнда азаматтар өздері тіркелген емхана туралы ақпаратты көріп, басқа медициналық ұйым мен емдеуші дәрігерді таңдай алады. Сондай-ақ МӘМС жүйесіндегі мәртебесін тексеруге болады.
Kaspi.kz басшысы әрі негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзенің айтуынша, жаңа сервис мемлекеттік қызметтерді халыққа қолжетімді әрі ыңғайлы етуге бағытталған. Компания бұл бағытта мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеп келеді.
Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов та жаңа қызметтің маңызын атап өтті. Оның сөзінше, цифрлық сервистерді дамыту медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, азаматтардың емхана таңдау құқығын қашықтан жүзеге асыруына мүмкіндік береді.
Тегін медициналық қызметтер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көрсетіледі. Азамат бір уақытта тек бір медициналық ұйымға тіркеле алады. Ал таңдауға болатын емханалар тізімін мемлекеттік органдар айқындайды.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



