Бас тақырыпСпорт

Қарағандыда Серік Сәпиевтің жүлдесіне арналған бокс турнирі басталды

Қарағандыда ХХХ жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Серік Сәпиевтің жүлдесіне арналған XIV халықаралық бокс турнирі басталды. Биыл дәстүрлі додаға еліміздің 12 облысынан және Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия мен Тәжікстаннан келген 320 спортшы қатысып, шаршы алаңда өзара мықтыны анықтауда. Чемпионаттың ашылу салтанатына Құрылтай депутаты, грек-рим күресінен Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұркен Нұратов қатысып, жылы лебізін білдірді.

Суреттерді түсірген автор

Сонымен қатар, турнирдің ашылу салтанатына спорт саласының ардагерлері мен белгілі спортшылар да қатысты. Олардың қатарында Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Валерий Громов, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрғазы Жарылғапов, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Серік Елеуов, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев және бокстан әлем мен Азия чемпионы Мерей Ақшалов та бар. Салтанатты жиында облыстық спорт басқармасының басшысы спортшыларға сәттілік тілеп, турнирдің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, облыс әкімінің атынан Серік Сәпиевтің иығына оқалы шапан жауып, құрмет көрсетті.

– Турнирдің ашылу салтанатына келіп, қолдау көрсеткен барлық достарым мен әріптестеріме шынайы алғысымды білдіремін. Өзге елдерден келген қонақтарымызға ерекше сәлем жолдаймын. Басқарма басшысы Нұркен Қанатұлына ұйымдастыру жұмыстарын тікелей бақылап, жан-жақты қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын, – деді Серік Жұманғалиұлы.

 Нұрбақыт Молдахметов  сөз алып, спортшыларға сәттілік тіледі.

– Жарысқа қатысып жатқан жас боксшыларға сәттілік, ал төрешілерге әділдік тілеймін. Биыл 14-ші рет ұйымдастырылып отырған бұл турнирдің жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсеткен Қарағанды облысының әкімдігіне, спорт басқармасына және демеушілерге алғыс білдіремін. Жас спортшыларға Серік ағаларының жолын берсін. Көк туымыз көкте желбіреп, жеңісті күндеріміз көп болсын! Жарыс құтты болсын! – деді Құрылтай депутаты.

14 жастағы қарағандылық Ерсұлтан чемпионатқа тыңғылықты дайындықпен келіпті. Бокспен айналысып жүргеніне алты жылдан асқан жас спортшы осы уақыт ішінде талай белесті бағындырған. Облыстық чемпионатта қола жүлдеге қол жеткізсе, ел біріншілігінде топ жарып, үздіктер қатарынан көрінген. Енді ол бұл додада 44 келі салмақ дәрежесінде бақ сынамақ. Жас боксшы Әлия Молдағұлова атындағы спорт мектеп-интернатында жаттығады. Чемпионаттағы алғашқы кездесуін де сәтті бастап, тәжікстандық қарсыласынан басым түскен.

– Бұл чемпионатқа ұзақ уақыт бойы дайындалдым. Соның нәтижесінде алғашқы қарсыласымды жеңіп, келесі кезеңге өттім. Дегенмен, бұл додада осал қарсылас жоқ. Менің салмақ дәрежемде ірі жарыстарда топ жарып, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген қостанайлық және елордалық боксшы бар. Олармен әзірге басқа турнирлерде кездескен емеспін. Осы чемпионатта шаршы алаңда жолығамыз деп ойлаймын, – деді қарағандылық жас боксшы.

Айта кетейік, финалдық кездесулер 24 қазанда анықталады.

Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.

Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button