Теміртауда көшеттерді қайта отырғызу жұмыстары жүргізілді
Теміртауда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бастамасы аясында қоршаған ортаны қорғауға бағытталған акция ұйымдастырылды. Шараға қатысушылар экологиялық сабақтарға қатысып, көшеттерді қайта отырғызу жұмыстарына атсалысты.

Акция барысында табиғатты қорғау тақырыбында шеберлік сабақтары мен тренингтер өтті. Қатысушылар ағаш көшеттерін қайта отырғызу әдістерін үйреніп, олардың жаңа жерде жақсы өсіп, жерсінуіне қажетті жағдай жасау жолдарымен танысты.

«Таза Қазақстан» бастамасының үйлестірушісі Яуда Мирас мұндай шаралардың жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастырудағы рөліне тоқталды.

— «Таза Қазақстан» бастамасы қоршаған ортаның тазалығын сақтаумен ғана шектелмейді. Оның басты мақсаты – табиғатқа деген жауапкершілікті қалыптастыру. Мұндай акциялар жастардың экологиялық мәдениетін арттырып, оларды туған қаласының тазалығын сақтауға белсенді атсалысуға ынталандырады. Қоршаған ортаға қамқорлық әрқайсымыздың нақты іс-әрекетімізден басталады, – деді ол.

Іс-шара тұрғындардың экологиялық сауатын арттырып, табиғатқа жанашырлықпен қарауға үндеді. Осындай бастамалар қаланы көгалдандыруға, қоршаған ортаны қорғауға және тұрғындардың ортақ іске жұмылуына ықпал етеді.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



