Бас тақырыпЖаңалықтар

«Сарыарқа» «Арланды» сырт алаңда ірі есеппен жеңді

Қарағандылық «Сарыарқа» хоккей клубы Қазақстан чемпионатының тұрақты маусымындағы кезекті кездесуінде Көкшетаудың «Арланынан» басым түсті. Қонақтар қарсыласын 4:1 есебімен жеңіп, турнир кестесінде жоғарылады.

Сурет клубтың жеке парақшасынан

Кездесу барысында «Сарыарқа» ойыншылары шабуылда нәтижелі өнер көрсетіп, матчтың басынан бастап басымдыққа ие болды. Бірінші кезеңнің 10-минутында Виталий Божко есеп ашып, қарағандылықтарды алға шығарды.

Екінші кезеңде қонақтар басымдығын одан әрі нығайтты. 25-минутта Владислав Никулин шайба соқса, кезең аяқталар тұста, 40-минутта Руслан Дёмин мергендік танытты. Осылайша, екінші үзіліске дейін «Сарыарқа» үш шайбамен алға шықты.

Үшінші кезеңнің 48-минутында Владислав Никулин сан басымдығын сәтті пайдаланып, өзінің екінші шайбасын соқты. Ал матчтың аяқталуына бір минут қалғанда, 59-минутта Игорь Ищенко «Арланның» есеп айырмасын қысқартты. Қорытынды есеп – 4:1, «Сарыарқаның» пайдасында.

Бұл жеңістің нәтижесінде қарағандылық клубтың қоржынында 26 ұпай бар. Команда турнир кестесінде төртінші орынға көтерілді. Ал 27 ұпай жинаған «Арлан» үшінші сатыда қалып, «Сарыарқадан» бір ұпай алда тұр.

Енді қос команда 15 қазанда Көкшетауда қайта кездеседі. Қарымта матч Қазақстан уақытымен сағат 19:00-де басталады. Қарағандылықтар бұл ойында да жеңіске жетсе, турнир кестесіндегі орнын жақсартуға мүмкіндік алады.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button