"Таза Қазақстан"Бас тақырыпЖаңалықтар

Қарағандыда «Таза Қазақстан» экопавильоны ашылды

Қарағандының орталық саябағында тұрғындарға табиғатты қорғау туралы ақпарат беретін «Таза Қазақстан» экопавильоны ашылды. Жаңа нысан «Жасыл ел» жобасы аясында іске қосылды.

Сурет ұйымдастырушылардан

Экопавильон үшін жаңа ғимарат салудың қажеті болмады. Бұрыннан бар құрылым жаңартылып, қайта жабдықталды. Енді бұл орын қала тұрғындары мен жастардың басын қосып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған алаңға айналмақ.

Жобаның жүзеге асуына «Жасыл ел» еңбек жасақтарының үлесі зор. Биыл жасақтың 2 мың сарбазы Қарағандыны абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына қатысты. Экопавильон – жастар еңбегінің нәтижесінде пайда болған жаңа кеңістіктердің бірі.

Ашылу салтанатына экологтар, «Горкомтранс» кәсіпорнының, ECO Network экологиялық хабының өкілдері, «Жасыл ел» жасақтарының мүшелері мен белсенді жастар қатысты. Жиында экологиялық бастамалар талқыланып, қалдықтарды сұрыптау мәселесіне назар аударылды. Қатысушылар тақырыптық интерактивті тапсырмаларды орындап, экология саласындағы білімдерін сынады.

Алдағы уақытта орталық саябақта жастар ресурстық орталығының қатысуымен экологиялық іс-шаралар өткізуге арналған жеке сахна орнату жоспарланып отыр. Бұл бастама қала жастарының экологиялық жобаларға белсенді араласуына мүмкіндік бермек.

Жаңа экопавильон тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттырып, табиғатты қорғау әдеттерін күнделікті өмірде қалыптастыруға ықпал етпек. Мұнда жастардың экологиялық бастамаларын қолдауға және қала тұрғындарының экологиялық сауаттылығын арттыруға басымдық беріледі.

Мұндай жобалар қаланың көркін жақсартып қана қоймай, тұрғындарды ортақ іске жұмылдырады. Әсіресе, жастардың экологиялық акцияларға қатысып, қоршаған ортаны таза ұстауға үлес қосуы табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button