Бас тақырыпЖаңалықтар

Сенімді сетінеткен сервис

Геосаяси шиеленістің салдары еліміздегі күнделікті тіршілікке де әсер ете бастады. Соңғы күндердегі «Яндекс GO» сервистеріндегі үзіліс пен дүрбелең такси мен жеткізу қызметінің сыртқы инфрақұрылымға қаншалықты тәуелді екенін аңғартты. Көлік те, жүргізуші де өзімізде болғанымен, оларды жолаушымен байланыстыратын жүйенің жұмысына толық ықпал ете алмаймыз. Қолайлы қосымша уақыт үнемдеп, табыс табуға жол ашты. Есесіне оның тұрақтылығы тұтас бір нарықтың қажеттілігіне айналды. Осы тәуелділіктің ауқымы қандай, жергілікті қызметтер қай тұста ұтылды, енді не істеу керек?

Сурет ЖИ арқылы жасалды

Сырттағы соққы, іштегі салдар

Компания хабарламаларына қарағанда, 8-11 қазан аралығында Ресейдің Рязань, Калуга және Владимир өңірлеріндегі «Яндекс» дата-орталықтары зақымданған. Владимирдегі нысанның жұмысы толық тоқтатылған. 11 қазанда «Яндекс Go» баспасөз қызметі Қазақстанда жүргізушілер мен курьерлерге арналған сервистердің уақытша қолжетімсіз болғанын растады.

Дата-орталық – ақпарат сақтап, өңдейтін серверлер орналасқан нысан. Қосымшадағы тапсырыстың қабылданып, жүргізушіге жетуі осындай есептеу жүйелерінің байланысына сүйенеді. Компания қызметтің кей компоненттері әр елде орналасуы мүмкін екенін түсіндірді. Демек, тәуекел мемлекеттік шекарамен шектелмейді.

Студент Қуаныш Салтанат такси шақырғанда, қосымша көліктің келгенін хабарлаған. Сыртқа шықса, көлік жоқ.

– Тегін күту уақыты аяқталып, ақылы күту басталып кетті. Сөйтсем, жүргізушіге тапсырыстың тоқтатылғаны туралы хабарлама келіпті. Қайта тапсырыс беріп көрдім, сервер істемей тұрғаны туралы жазу шықты. Бірінші сабағыма кешіктім, келесісіне басқа таксимен бардым, – деді Қуаныш Салтанат.

Жүргізуші Саян Төлегенұлының күнкөрісі осы жұмысқа байланысты.

– Тапсырыс болмай қалған сәттер болды. Жолаушылар жақта баға шарықтап тұрғанымен, біз тапсырыс таба алмадық. Жаңадан көлік алып, несиесін осы жұмыспен төлеп жүрмін. Баланcымдағы ақшаны ала алмай қаламын ба деп қорықтым, кейін алдым. Қазір серв…

Жергілікті атау, сыртқы технология

Нарықтың бүгінгі қалпы бір күнде қалыптасқан жоқ. Мемлекеттік такси қызметі кезеңінен кейін жергілікті диспетчерлік ұйымдар мен жеке парктердің рөлі артты. Цифрлық платформалар тапсырыс іздеуді жеңілдетіп, жүргізушіге жұмысты ыңғайлы уақытта бастауға мүмкіндік берді. Бірақ, тасымалды ұйымдастырудағы ықпал біртіндеп тапсырыс тарататын жүйеге ауысты.

2025 жылғы ресми талдауда Көлік министрлігінің мәліметіне сүйеніп, сегіз мобильді такси операторы аталған. Олардың арасында Қарағандының «Бауырсақ» қызметі мен Region да бар. Демек, жергілікті қызметтерді түгел жоғалды деуге болмайды. Негізгі сауал – олардың нарыққа қаншалықты бейімделе алатынында.

Мұнда назар аударарлық жайт бар. Google Play-де «Бауырсақ» қосымшасының әзірлеушісі BIT Master деп көрсетілген, әзірлеуші мекенжайы Ресейде орналасқан. Қосымша 2026 жылғы ақпанда жаңарған. Бұл оның серверінің де Ресейде тұрғанын дәлелдемейді. Бірақ, жергілікті бренд пен технологиялық дербестіктің бір ұғым емес екенін көрсетеді.

Ірі платформаның күші – жолаушы мен жүргізушіні қатар жинауында. Көлік көп жерде жолаушы аз күтсе, тапсырыс көп жерде жүргізуші бос тұрмайды. Осы айналым шағын қызметтің нарыққа енуін қиындатады. Оның клиент жинауына уақыт, жарнамаға қаржы, тұрақты техникалық қолдау керек.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің өкілі Болат Самбетов 2025 жылғы наурызда Алматы мен Астанада «Яндекс» үлесі шамамен 90 пайыз екенін айтқан. Қалған қатысушыларға жиынтығында он пайыздай ғана үлес тиеді. Ал, қалааралық тасымал нарығының 2024-2025 жылғы бірінші тоқсанын зерттеген агенттік inDrive операторы Inservice қызметінің үстемдігін анықтаған. Нарықтың екі тарапында басым ойыншы әртүрлі, шоғырлану мәселесі екеуіне де ортақ.

Сондықтан, «ірі компания бәрін жұтып қойды» деген бейнені нақты сатып алу дерегінсіз қолдану дәл болмас. Дәлелді мәселе – шағын қызметтердің тапсырыс ағыны мен технологиялық мүмкіндікте ірі платформаларға ілесе алмауы. Бірнеше таксопарк бір агрегаторға жалғанса, парк санының көптігі де тәуелсіз таңдау барын білдірмейді.

Болат Самбетов сол кездегі екі қалада платформа алымын шамамен 16 пайыз, парк үлесін 4 пайыз деп көрсеткен. Осы ара-қатынасты шартты мың теңгелік сапарға шақсақ, 160 теңге платформаға, 40 теңге паркке тиеді. Жүргізушіге қалған 800 теңгеден жанармай мен көлік шығыны өтеледі. Бұл – бүгінгі тариф емес, кірістің бөлінуін түсіндіретін мысал. Жолаушы көбірек төлесе де, жүргізушінің таза табысы соған сай өсе бермейді. Экономикалық тәуелділіктің бір қыры – осы.

Тәуелділіктен қалай арыламыз?

Алдымен нақты ауқымды білу керек. Қандай қызмет сыртқы есептеу жүйесіне сүйенеді, ол тоқтаса, ел ішіндегі резерв нені жалғастыра алады? Маңызды платформалардың дайындығын осы сұрақтармен бағалаған жөн.

Сервердің Қазақстанда болуы – бастапқы қадам. Одан кейін бағдарламалардың, байланыс арналарының және резервтің бірге жұмыс істеуі сыналады.

Жергілікті сервисті қолдау да жаңа қосымшаның ашылуымен бітпейді. Оған нарыққа кіруге қолайлы жағдай, жүргізушіні тартатын түсінікті шарт және тұтынушы сенімі қажет. Бір отандық монополия қалыптастыру бұрынғы шоғырлану тәуекелін қайталауы мүмкін. Бірнеше өміршең қызметтің болуы маңызды.

Құбылмалы тарифті де техникалық сенімділіктен бөле алмаймыз. Баға көтерілгенімен, тапсырыс жүргізушіге жетпесе, одан ешкім ұтпайды. Ақау кезінде төлемнің қалай есептелгені, қайтарым мен шағымның қалай қаралатыны түсінікті болуы тиіс.

Экономикалық салдарды есептегенде орындалмаған сапарлардың жалпы бағасын шығынға теңеуге болмайды. Балама сервистен түскен табыс, жұмсалмаған жанармай, сақталған тұрақты міндеттемелер қатар есептеледі. Жүргізуші кірісі, жолаушы төлемі мен мейрамхана айналымын қоса салу бір ақшаны бірнеше рет санауға әкеледі.

Жолаушының уақытын жоспарлауы, жүргізушінің бірнеше қызметті пайдалануы пайдалы. Алайда, елдің цифрлық тұрақтылығын азаматтың сақтығына ғана жүктей алмаймыз. Жергілікті есептеу қуаты, тәуелсіз резерв, балама байланыс пен әділ бәсеке қатар дамуы тиіс.

Бүгінгі үзіліс бір сервистің жұмысын қалпына келтірумен жабыла салатын мәселе емес. Ол күнделікті қажетімізді атқаратын жүйелерге қаншалықты ықпал ете алатынымызды көрсетті. Қызмет қайта қосылғанда бұл сауалды ұмытып кетсек, келесі үзілісте сол түйткілге қайта ораламыз. Сырттағы түйін істен шыққанда, осындағы тіршіліктің жалғасуы – цифрлық дербестіктің ең маңызды өлшемі болмақ.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button