Халық Конституциясы

Білімге жасалған инвестиция

Жаңа Конституцияның басты ерекшеліктерінің бірі – адам капиталын, білімді, ғылым мен инновацияны мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуының стратегиялық бағыты ретінде конституциялық деңгейде бекітуі. Ата Заңның кіріспесінде де мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтарына басымдық беріліп, келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік айқын көрсетілген.

Сурет Ақордадан

Осы бағыт Конституцияның 3-бабында нақты бекітілген. Онда Қазақстан Республикасының негізгі қағидаттарының қатарында еңбексүйгіштік, прогресс және білім құндылықтары аталып, адам капиталын, білімді, ғылым мен инновацияны дамыту мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде айқындалған. Білім беру енді тек әлеуметтік саланың бір бөлігі емес, елдің ұзақ мерзімді дамуының конституциялық тірегіне айналып отыр.

Ал, азаматтардың білім алу құқығы 33-бапта нақтыланған. Осы бапқа сәйкес, азаматтарға мемлекеттік білім беру ұйымдарында өздері ақы төлемейтін орта білім алуға кепілдік беріледі. Бастауыш және негізгі орта білім алу міндетті. Азаматтың жоғары оқу орындарында заңға сәйкес жоғары білім алуға құқығы бекітілген. Маңыздысы – мемлекет білім беру саласында ортақ талаптарды да белгілейді. Конституцияның 33-бабында мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын мемлекет белгілейтіні, ал барлық білім беру ұйымдарының осы стандарттарға сәйкес жұмыс істеуі керектігі жазылған. Білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты да конституциялық деңгейде бекітілді.

Білімнің Конституцияда жеке құқық ретінде ғана емес, стратегиялық даму факторы ретінде қарастырылуы – қазіргі заман талабынан туындаған шешім. Өйткені, технология қарқынды дамып, жасанды интеллект еңбек нарығына еніп жатқан кезеңде мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі азаматтарының білімі мен кәсіби құзыретіне тікелей байланысты. Бұл үрдіс білім беру жүйесіндегі нақты өзгерістерден де көрінеді. Мәселен, 2026-2027 оқу жылынан бастап мектептерде 5-7 сыныптарға «Конституция негіздері», 8-11 сыныптарға «Заң және тәртіп», 5-11 сыныптарға «Жеке қауіпсіздік» курстары енгізіле бастады.

Жаңа Конституцияның тағы бір маңызды тұсы – ғылым мен инновацияның біліммен қатар қойылуы. Бұл елдің білім экономикасына көшуіне құқықтық негіз қалыптастырады. Жоғары білім беру жүйесінде сапалы маман даярлау, ғылыми зерттеулерді дамыту, жаңа технологияларды өндіріске енгізу сияқты бағыттардың маңызы арта түседі. Ресми түсіндірулерде де адам капиталы, білім, ғылым және инновация алғаш рет мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуының негізі ретінде конституциялық деңгейде айқындалғаны атап көрсетіледі.

Жалпы, 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енді. Ата Заң кіріспеден, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады. Оның ішінде, білім мен ғылымға қатысты нормалардың күшеюі мемлекеттің болашаққа қандай басымдықпен қарайтынын көрсетеді.

Білімге жасалған инвестиция – бір адамның ғана емес, тұтас мемлекеттің капиталы. Сондықтан, жаңа Конституциядағы білімге қатысты нормалар бүгінгі оқушы мен студенттің құқығын қорғаумен қатар, ертеңгі Қазақстанның интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыруға бағытталған. Адам капиталы мықты ел ғана технологиялық өзгерістерге бейімделіп, жаһандық бәсекеде өз орнын сақтай алады.

Жамал АКПАРОВА
Ortalyq.kz

Фотоға түсініктеме: Ақорда

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button