Бас тақырыпЖаңалықтар

Академиктің асқаралы асуы

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының білім, ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Арыстан Мәуленұлы Ғазалиев 75 жасқа толды. Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ұжымы үшін бұл – оқу орнының дамуына өлшеусіз үлес қосып, көптеген ғалымдар мен мамандардың кәсіби қалыптасуына жол ашқан тұлғаға деген шынайы ризашылықты білдіретін ерекше себеп. Мерейтой уағында Арыстан Мәуленұлына университетке арнаған саналы ғұмыры, оның дамуы мен өркендеуіне сіңірген еңбегі үшін жүрекжарды алғыс пен ыстық ықылас білдіргіміз келеді.

Сурет автордан

Ізденіс пен ілгерілеу

Бүгінде университетті басқара отырып, әрбір елеулі жетістіктің қыр соңында қаншама күнделікті еңбек жатқанын жақсы түсінемін. Ол университет алдына қойылған міндеттер төңірегіне үлкен ұжымды жұмылдыра білді. Сол жылдары атқарылған ауқымды жұмыстар мен қалыптасқан бастамалардың көбі бүгін де маңызын жоғалтпай, кейінгі буынға қызмет етіп келеді.

Қадірлі кейіпкеріміз Қарағанды қаласында Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, қаладағы ағарту жүйесін қалыптастыруға атсалысқан тұлғалардың бірі Мәулен Ғазалиевтің отбасында дүниеге келген. Білімге деген құрмет пен ұстаз еңбегін қадірлеу оның тәрбиесіне бала кезінен сіңді. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ ол химия пәні бойынша бүкілодақтық олимпиадаларға қатысып, ғылымға бейімділігін танытты.

Алғашқы ғылыми ізденістер оның кейінгі кәсіби жолын айқындады. Жас зерттеушінің ғылым жолында қалыптасуына оның ұстазы, Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі А.Шарифкановтың ықпалы зор болды. 1977 жылы кандидаттық диссертациясын қорғағаннан кейін Арыстан Мәуленұлы ғылыми-зерттеу және оқытушылық қызметін жалғастырды.

Оның ғылыми жолының елеулі кезеңі Қарағанды қаласындағы академиялық Органикалық синтез және көмір химиясы институтымен байланысты. 1987 жылы осы институтта академик М.Журиновтың жетекшілігімен органикалық қосылыстар электрохимиясы зертханасын ұйымдастырды. Ғалымның ғылыми ізденістері бірнеше іргелі бағытты тоғыстырды. Ол нәзік органикалық синтез, табиғи қосылыстар химиясы, фармакология және кванттық химияның мүмкіндіктерін ұштастыра отырып, жаңа ғылыми бағыттың дамуына жол ашты.

Осы бағыттағы көпжылдық еңбектің нәтижесі 1991 жылы сәтті қорғалған докторлық диссертацияға ұласты. Ал, 2003 жылы ғалымның салаға қосқан қомақты үлесі үшін ол Қазақстан Республикасының білім, ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды.

Оның жетекшілігімен әзірленген «Цитафат» гепатопротекторы клиникалық сынақтардың бастапқы кезеңіне дейін жеткізілді. Оның ғылыми жетекшілігі негізінде ғылым әлеміне 13 ғылым докторы мен 46 ғылым кандидаты келді. Ал, оқу-әдістемелік және ғылыми еңбектерінің саны 950-ден асты. Ғалымның шәкірттері мен әріптестерінің қатарында академиктер С.Фазылов пен Б.Тулеуов бар. Бұл тәлімгерліктің адамдық қыры туралы академик Б.Тулеуов өз естеліктерінде ерекше ықыласпен жазады. Арыстан Мәуленұлының тікелей қолдауымен оның сегіз шәкірті жас ғалымдар мен мамандарды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында баспаналы болды.

Арыстан Мәуленұлының ұйымдастырушылық және басқарушылық тәжірибесі академиялық ғылым мен жоғары білім саласында қалыптасты. Ол сол кездегі Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде бірінші проректор қызметін атқарып, кейін С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін басқарды. 2008 жылдың ақпанында Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің ректоры болып тағайындалып, бұл қызметті 2016 жылдың желтоқсанына дейін абыроймен атқарды. Осы кезеңде университеттің білім беру және ғылыми әлеуетін кеңейтуге бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіліп, оқу орнының даму мүмкіндіктері жаңа деңгейге көтерілді.

Халықаралық ынтымақтастық та жаңа қарқын алды. Арыстан Мәуленұлы ректор болған жылдары университет TEMPUS, Erasmus Mundus, «Синергия» бағдарламалары мен Шанхай ынтымақтастық ұйымы Университетінің жобаларына қатысты. Шетелдік ғалымдар университетте дәріс оқып, семинарлар өткізіп, оқытушылар мен студенттерді заманауи ғылыми зерттеулердің жаңа бағыттарымен таныстырды. Мұндай байланыстар университет ұжымына білім беру мен ғылыми қызметтегі озық тәсілдерді меңгеруге, халықаралық академиялық ортадағы тәжірибені өз жұмысына енгізуге мол мүмкіндік берді.

Жақсылықтан жаралған дәстүр

Студенттік өзін-өзі басқару жүйесінің дамуына да ерекше мән берілді. 2009 жылы, Арыстан Мәуленұлы университетті басқарған кезеңде, жастар ұйымдары мен студенттердің кәсіподақ комитетін біріктірген «Жас Орда» студенттік ұйымдар қауымдастығы құрылды. Бұл құрылым жастарға өз мәселелерін ашық талқылап, нақты ұсыныстар айтуға және университет өміріне тікелей араласуға септесті. Мұның астарында жастарға деген сенім жатты. Өйткені, болашақ инженер, зерттеуші немесе басшы жауапкершілікті студенттік кезеңнен бастап сезініп, шешім қабылдауға үйренуі тиіс. «Жас Орда» қызметі пікірсайыс турнирлерін, форумдар мен семинарларды, шығармашылық және спорттық іс-шараларды қамтыды. Алайда, қауымдастық жұмысының ерекше бір бағыты – қайырымдылық пен ізгі бастамалар болды.

«Ақниет» қайырымдылық ұйымы көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсету мақсатында студенттерді, оқытушылар мен университет қызметкерлерін ортақ іске жұмылдырды. «Мектепке жол» акциясы аясында аз қамтылған отбасылардың балаларына оқу құралдары жиналды. Ал, «Аяз атаға хат» жобасы балалар үйлері мен паналау орындарындағы тәрбиеленушілердің жаңа жылдық тілектерін орындауға көп көмектесті. Еріктілер балаларға арнайы барып, ойындар мен мерекелік бағдарламалар ұйымдастырды, қайырымдылық концерттерін өткізді. Қарттар да назардан тыс қалған жоқ. Қарттар үйлерінің тұрғындарына азық-түлік пен жылы киімдер жиналып, мерекелік құттықтаулар мен сыйлықтар табысталды.

Осындай ортада адам бойындағы ең маңызды қасиеттердің бірі айналасындағылардың мұң-мұқтажын сезініп, дер кезінде қолдау көрсете білу қабілеті қалыптасады. Университет басшысы ретінде студенттердің ортақ іске белсенді араласып, бір-бірін тыңдауға, бастама көтеруге және қабылдаған шешіміне жауапкершілікпен қарауға үйренуін ерекше бағалаймын. «Жас Орда» бастамасымен университетте тағы бір жарқын дәстүр қалыптасты. 2013 жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Ректор балы» студенттік өмірдің ерекше оқиғаларының біріне айналды.

Оған қатысушылар үшін жөнекей мерекелік кеш емес еді. Бірнеше айға созылған дайындық, ортақ репетициялар, би мәдениетін меңгеру және көпшілік алдында бірге өнер көрсету студенттерді жақындастырып, ерекше бірлік пен ортақ рух қалыптастырды. Осындай іс-шаралар жастардың өз қабілетін танытуына, бойындағы сенімділігін арттыруға, жаңа достар табуға және өзін университет қауымдастығының бір бөлігі ретінде сезінуіне мүмкіндік берді. Студенттік жылдардың ерекше атмосферасы да осындай сәттерден құралады.

Арада қанша жыл өтсе де, түлектердің университетті сағынышпен еске алуына себеп болатын жылы естеліктер ерекше ортада қалыптасады. Көптеген студент үшін «Жас Орда» қоғамдық жұмыс пен ұйымдастырушылық тәжірибенің алғашқы мектебіне айналды. Осы жерде шыңдалған жастар кейін алған дағдыларын экономикада, мемлекеттік басқаруда, елдің әлеуметтік және мәдени өмірінде пайдаланып жүр.

Мен мұны Арыстан Мәуленұлы мен оның әріптестері еңбегінің маңызды нәтижелерінің бірі деп білемін. Жастардың дербестігі мен бастамашылдығын қолдау арқылы университет олардың өзіне деген сенімін нығайтып, қоғамға пайдалы болуға ұмтылысын қалыптастырды.

Ұстаз үшін кеше ғана бірінші курсқа келген жастың уақыт өте келе сенім артуға болатын, жауапкершілігі қалыптасқан азамат болып өскенін көруден асқан қуаныш жоқ. Студентке жасалған жағдай – университеттің білім сапасына деген көзқарасының бір өлшемі. Арыстан Мәуленұлы басқарған кезеңде бұл бағыт нақты істермен көрінді. 2014 жылы 822 орындық «Армандастар Ордасы» жатақханасы пайдалануға берілді. Бір жылдан кейін оқу корпустарының бірі қайта жаңғыртылып, «Серпін-2050» жобасына қатысушыларға арналған «Серпіндестер Ордасы» жатақханасы ашылды. Университет қалашығы жаңарып, инфрақұрылым жүйелі түрде жетілдірілді.

Алыстан білім іздеп келген жас үшін жатақхана – жай ғана тұратын орын емес. Ол – оқуына алаңсыз көңіл бөлуге, жаңа ортаға бейімделуге, болашағын сеніммен жоспарлауға мүмкіндік беретін тұрақтылықтың негізі. Ал, ата-ана үшін баласының бөтен қалада баспанамен қамтылып, қауіпсіз ортада өмір сүріп жатқанын білу – жайлылық сыйлайды. Сондықтан, мұндай жобаларды тек құрылыс немесе инфрақұрылымдық жаңғырту деп бағалау жеткіліксіз. Олардың ар жағында студенттің күнделікті өмірі, ата-ананың сенімі және жас адамның ертеңіне жасалған нақты қамқорлық тұр. Ректорлық қызметтің адамға жақын қыры дәл осындай істерден айқын танылады.

Ұлағат ұмытылмайды

Арыстан Мәуленұлының университет тарихын сақтау жолындағы еңбегінің ерекше бір қыры оқу орнының негізін қалаушы, Социалистік Еңбек Ері, академик Әбілқас Сағыновтың есімін ұлықтау мен мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізуге бағытталған жүйелі жұмысы дер едік. 2008 жылдан бастап, Арыстан Мәуленұлы университетті басқарған кезеңде, атаулы бағыт жекелеген шаралармен шектелмей, тұтас әрі сабақтас жұмысқа айналды. Академик Ә.Сағыновтың есімі бас ғимараттағы заманауи жабдықталған үлкен дәрісханаға берілді де, оның бюсті орнатылды. Университет музейінде ғалымның жеке заттары қойылған арнайы экспозиция жасақталды. Ә.Сағынов атындағы ректорлық стипендия тағайындалып, оның өмірі мен еңбегіне арналған естеліктер жинақтары мен ғылыми мұрасын танытатын еселі еңбектер жарық көрді.

Бұл бастамалардың жүзеге асуына Арыстан Мәуленұлы ерекше мән беріп, университеттің тарихи жадын сақтауды маңызды міндеттердің бірі ретінде қарастырды. Соның арқасында Әбілқас Сағыновтың есімі тек университет тарихының бір бөлігі ретінде ғана емес, кейінгі буынға үлгі болатын тұлғалық және ғылыми мұра ретінде кеңінен дәріптелді. Оның бастамасымен университет тарихын жаңғырту және Әбілқас Сағыновтың мұрасын кеңінен таныту бағытындағы жұмыс нақты жобалармен жалғасты. 2012 жылдың желтоқсанында Арыстан Ғазалиевтің тікелей қатысуымен университеттің бас ғимараты алдына академик Әбілқас Сағыновтың ескерткіші орнатылды.

2009 жылдан бастап, Арыстан Мәуленұлының бастамасы бойынша университеттің халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы «Сағынов оқулары» атауымен өткізіле бастады. «Білім мен ғылымдағы инновациялар» көрмесіне де академиктің есімі берілді. «А.С.Сағынов даналық ойлар әлемінде», «Академик А.С. Сағынов: талант қырлары» кітаптарының жарық көруі, арнайы аудиторияның ашылуы және музей қорындағы материалдардың толықтырылуы студенттерге университет негізін қалаған көрнекті тұлғаның өмір жолы мен ғылыми мұрасын тереңірек танып-білуге мүмкіндік берді.

Кемеңгер кейіпкеріміз жүйелі жұмысты бір ғана тұлғаның есімін ұлықтаумен шектелмеді. Университет тарихына үлес қосқан ғалымдар мен ұстаздардың құрметіне мемориалдық тақталар орнатылып, «Университет негізін қалаушылар» портреттік галереясы ашылды. Ұстаздар мұрасына осындай ұқыптылықпен қарау маған да жақын. Университет тарихы мемориалдық тақтадағы есімдердің ту сыртынан нақты адамдарды, олардың еңбегін, өз ісіне деген адалдығын көре білгенде ғана шын мәнінде қымбат құндылыққа айналады. Арыстан Мәуленұлы сол бірегей тұлғалардың есімін жаңғырту арқылы кейінгі буынға тағылымы терең бір құндылықты – алғыс пен құрмет мәдениетін аманат етті.

Өзімізге дейінгі буынның еңбегін ұмытпау, олар қалыптастырған мұраны қадірлеп, әрі қарай дамыту – өткенге тағзым, әрі бүгін атқарып жүрген ісімізге де үлкен жауапкершілікпен қараудың өлшемі.

Иә, Арыстан Ғазалиевтің қоғамдық қызметі бір ғана университет аясымен шектелген жоқ. Ол өз ұстазы А.Шарифкановтың есімін ұлықтауға атсалысып, Өскемен қаласында Сәрсен Аманжоловқа ескерткіш орнату бастамасын көтерді. Арыстан Мәуленұлының ғылым, білім және қоғамдық саладағы еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. Ол «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен, сондай-ақ, бірқатар мемлекеттік және кәсіби марапаттармен наградталды. 2020 жылы оған «Қарағанды қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Өзі дүниеге келген қалада ғылым мен білімнің дамуына елеулі үлес қосқан тұлға үшін мұндай құрметтің мәні айрықша. Арыстан Мәуленұлы университетті басқарған жылдары жүзеге асқан әрбір бастама үлкен ұжымның ортақ еңбегінің нәтижесі болды. Ол сол күш-жігерді бір арнаға тоғыстырып, ортақ мақсатқа бағыттай білді. Бүгін біз үшін алдыңғы буын қалыптастырған игі істерді сақтап, оны жаңа мазмұнмен жалғастыру маңызды.

Университет табалдырығын аттаған әрбір жаңа буын студенттері мен оқытушылары осы оқу орнының дамуына қаншама еңбек, күш-жігер мен жанашырлық жұмсалғанын білгенін қалаймын. Ал, ғұмырының елеулі бөлігін университетке арнаған жандар бұл қастерлі шаңырақтан әрдайым құрмет пен ризашылықты сезінуі тиіс.

Құрметті Арыстан Мәуленұлы! Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ұжымы атынан және өз атымнан Сізді 75 жылдық мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Университетке арнаған жылдарыңыз, тәрбиелеген шәкірттеріңіз, ұстаздар мұрасына деген ұқыпты көзқарасыңыз үшін Сізге зор алғыс білдіремін. Сізге мықты денсаулық, жан тыныштығын, отбасыңызға амандық пен береке тілеймін. Шаңырағыңыздан әрдайым жылу кетпей, жаныңыздан сүйіспеншілігі мен қамқорлығы күш беретін жақындарыңыз табылсын. Жаңа ойлар мен бастамаларға қуат-жігеріңіз мол болып, шәкірттеріңіздің жетістігі Сізге әрдайым мақтаныш пен қуаныш сыйласын. Сіздің еңбегіңізді жоғары бағалаймыз және университетіміздің дамуына қосқан үлесіңіз үшін шынайы ризашылығымызды білдіреміз!

Сәуле САҒЫНТАЕВА
«Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КЕАҚ Басқарма Төрағасы – Ректор

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button