Қарағандының үш көшесінде электр желілері жаңартылуда
Қарағанды қаласындағы Ержанов, Ермеков және Ғазалиев көшелерінде «Қарағанды Жарық» ЖШС электрмен жабдықтау кабель желілерін қайта жаңғыртып жатыр. Үш учаскеде жалпы ұзындығы 5 518 метр кабель желісі ауыстырылады.

Қолданыстағы 6 кВ желілерінің орнына қимасы 240 шаршы миллиметр болатын жаңа кабельдер тартылады. Бұл электр желілерінің өткізу қабілетін арттырып, тұтыну көлемі ең жоғары кезеңдерде шамадан тыс жүктеме қаупін азайтады. Сонымен қатар, желіде қосымша қуат резерві қалыптасады.
Жаңарту жұмыстары электрмен жабдықтаудың резервтік сызбасын да күшейтеді. Жоспарлы жөндеу немесе қажетті ауыстырып-қосу жұмыстары кезінде жүктемені қайта бөлу мүмкіндігі артып, тұтынушыларды электр қуатымен тұрақты қамтамасыз етуге жағдай жасалады.
Кабельдің негізгі бөлігі арнайы траншеяларға төселіп, механикалық зақымданудан қорғалады. Ал автомобиль жолдары, тротуарлар және басқа инженерлік желілермен қиылысатын учаскелерде көлденең бағытталған бұрғылау әдісі қолданылады. Бұл тәсіл жол жабындысын кең көлемде қазбай-ақ кабельді жер астымен жүргізуге мүмкіндік береді.
Үш көшедегі қайта жаңғырту жұмыстарын 2026 жылдың желтоқсан айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.
«Қарағанды Жарық» ЖШС мұндай жобаларды қаланың түрлі бөліктерінде кезең-кезеңімен жүзеге асырып, электр желілерін жаңартып, олардың қуатын арттыру жұмыстарын жалғастырып келеді.
Электр желілерін жаңарту – қала инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жұмыстардың бірі. Бұл тұрғындардың қауіпсіз әрі тұрақты жағдайын қамтамасыз етуге бағытталған Конституциядағы азаматтардың қолайлы өмір сүру жағдайына қатысты қағидаттармен сабақтас.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



