Қарағандыдағы Н.Әбдіров атындағы спорт сарайында ерлер мен әйелдер арасында командалық рапид және блиц шахматтан өтіп жатқан ел чемпионаты өз мәресіне жетті. Іс-шараның жабылу салтанатына мемлекеттік дәрежедегі жаттықтырушы Дастан Капаев пен Қазақстан шахмат федерациясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Николай Симонян қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге марапат табыстады. Жүлдегерлердің қатарында өңір атынан сынға түскен Даниял Сапенов жекелей сында 18 жасқа дейін блиц санатында күміс жүлдеге қол жеткізді.

Айта кетейік, аталған чемпионатқа еліміздің 10 өңірінен 12 команда қатысқан. Алты күнге жоспарланған дүбірлі додада 91 спортшы шеберлігін шыңдап, чемпиондық атақ үшін өзара тартысқа түсті. Николай Авакимович чемпионаттың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, оң баға берді.
– Командалық сында Астана, Алматы және Павлодардан шыққан үш команда қарсылас шақ келтірмеді. Өзге командалар оларға қарсылық көрсетуге тырысқанымен, біздің көшбасшыларға жету әлі өте алыс екен. Ал, жекелей сындарда бәсекелестік тіптен күшейді. Сонымен қатар, Самарқандта өткен дүниежүзілік шахмат олимпиадасынан соң бірден осы турнирге келіп қатысып отырған спортшыларға да жеке алғысымды білдіремін, – деді Николай Авакимович.

Дастан Исатайұлы да соңғы жылдары отандық шахмат мектебінің әлеуеті артып келе жатқанын жасырмады. Республика көлемінде бұл спорт түрін дамытуға бағытталған турнирлердің саны біршама көбейді. Мәселен, алдағы уақытта Түркістан қаласында 6 жастан 18 жасқа дейінгі спортшылар арасында республикалық чемпионатты қайта өткізу жоспарланып отырғанын жеткізді.
– Қазақстан шахмат федерациясы қазіргі таңда өте тиімді әрі жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Федерацияның Алматы мен Астана қаласында екі кеңсесі жұмыс істейді. Ал, оның бюджеті шамамен бес миллиард теңгені құрайды. Федерация басшылығы мен бапкерлер штабы шахматты еліміздің зияткерлік ұлтына айналдыру мақсатында жүйелі түрде еңбек етуде. Бүгінгі таңда ел спортының көрсеткіші де айтарлықтай жоғары. Егер, бұрын тек қыздар арасында ғана әлем чемпиондары шықса, қазір ұл балалар да бұл биіктен көрініп, чемпиондар қатары көбейіп келеді, – деді Дастан Капаев.
Өкінішке қарай, өңір намысын қорғаған үш команда да жүлделі орындардан көріне алмады. Дегенмен, жекелей бәсекеде Даниял Сапенов үздік нәтиже көрсетіп, блиц санатында чемпионаттың күміс жүлдесін иеленді. Ал, жүлдегер өз сөзінде чемпионатқа қатысқан спортшылардың дайындығы жоғары болғанын атап өтті.
– Бұл санатта тоғыз қарсыласпен кездестім. Қарсыластарым мықты. Бірінші қарсыласымнан бастап, соңғы ойыныма дейін күрделі болды. Чемпионаттың жекелей сынында күміс жүлдеге қол жеткіздім. Рапид санатында да бақ сынағаныммен, бұл жолы қарсыластарға есе жібердім. Командаммен де жүлдегерлер қатарынан көріне алмадым. Десе де, біздің команда мықты. Тек, сәттілік жетіспей қалды. Осы құраммен 2023 жылы республикалық блиц түріндегі республикалық бәсекелерден жүлде алғанбыз, – деді жүлдегер.

Турнир барысында Дастан Капаев қарағандылық Даниял Сапеновтің шеберлігіне ерекше тоқталып, оның ойынына жоғары баға берді.
– Дастан І орын алған спортшымен ұпай саны тең түскенімен, қосымша көрсеткіштер бойынша күміс жүлдеге ие болды. Сондай-ақ рапид және блиц ойындарында да жақсы өнер көрсетіп, өз әлеуетін дәлелдеді. Спортшының қазіргі таңда рейтингі – 2500 балл. Ол рейтингі 2700-2650 деңгейіндегі мықты ойыншылармен тең дәрежеде бәсекелесе алатынын көрсетті, – деп жоғары бағасын берді.
Жалпыкомандалық есепте рапид пен блиц бойынша ерлер арасындағы бәсекеде жүлдегерлер құрамы бірдей болды. Қос санатта да елордалық шахматшылар топ жарып, чемпион атанды. ІІ орын алматылықтарға бұйырса, үздік үштікті павлодарлықтар түйіндеді.
Ал, блицтен ерлер арасындағы жекелей сында елордалық Алдияр Аңсат қарсыластарынан озып, чемпион атанды. Қарағандылық Даниял Сапенов күміс жүлдеге ие болса, оралдық Азамат Өтеғалиев қола жүлдені місе тұтты. Рапидтен ерлер арасындағы жекелей сында елордалық Алдияр Аңсат топ жарды. ІІ орынды оның жерлесі Жандос Агманов иеленсе, үздік үштікті оралдық Азамат Өтеғалиев түйіндеді.

Әйелдер арасындағы блиц бәсекесінде атыраулық Зарина Нұрғалиева жеңімпаз атанды. Күміс жүлдені қызылордалық Асель Серікбай иеленсе, алматылық Лия Құрманғалиева үздік үштікті түйіндеді. Рапидтен әйелдер арасындағы жекелей бәсекеде алматылық Мария Холявко қарсыластарынан озып, чемпион атанды. Күміс жүлде алматылық Лия Құрманғалиеваға бұйырса, үздік үштікті Алматы облысының Елназ Қалиахмет түйіндеді.
Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz



