Жаңалықтар

Қазақстанда жеті жылда 312 мәдениет нысаны салынды

Соңғы жеті жылда Қазақстанда мәдениет саласын дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылды. Осы кезеңде театр, музей, кітапхана және мәдениет үйлерін қоса алғанда, 312 жаңа мәдениет нысаны салынды.

Суреттер ҚР мәдениет және ақпарат министрлігінен

Кітапханаларды 2027 жылға дейін жаңғырту жөніндегі Жол картасы жүзеге асырылып, өңірлердегі мәдениет үйлерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Алматыда шығармашылық оқу орындарының студенттеріне арналған 500 орындық жатақхана құрылысы басталды.

Театр саласында Астана, Атырау, Қызылорда және Шымкентте бес жаңа мемлекеттік театр құрылды. Бірқатар қалада жаңа театр ғимараттарының құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар 10 республикалық мекемеге «Ұлттық», тағы 10 ұйымға «Академиялық» мәртебе берілді. «Қазақстанның халық әртісі» атағы да қайта тағайындалды.

Музейлер саны 250-ден 286-ға дейін өсті. Қорлар 68 669 жаңа сақтау бірлігімен толықты. «Таңбалы», «Отырар», «Ордабасы», «Ұлытау» және «Сарайшық» визит-орталықтары пайдалануға берілді.

2025 жылы E-museum платформасы іске қосылып, 66 мыңнан астам жәдігер цифрлық каталогқа енгізілді. Сонымен қатар қазақстандық музейлердің халықаралық байланысы кеңейіп, ұлттық өнер туындылары шетелдік ірі көрмелерде таныстырылды.

Заң жүзінде Түркістанның Қазақстанның рухани, тарихи-мәдени және туристік орталығы ретіндегі ерекше мәртебесі бекітілді.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button