БалқашЖаңалықтар

Балқаштық ұстаздар құрметке бөленді

Бүгін Балқаш қаласында Ұстаздар күніне арналған «Ұстаз – ұлт шамшырағы» атты қалалық салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға білім саласының ардагерлері, ұстаздар, қала басшылығы, білім беру ұйымдарының өкілдері мен қадірлі қонақтар қатысты.

Суреттер автордан

Салтанатты шара қазақтың ұлы ағартушысы, ұстаз әрі жазушы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл толуына орайластырылды. Мерекелік кештің мазмұны ағартушының білім мен өнерді дәріптеген өнегелі мұрасымен сабақтасты. «Өнер-білім бәрі де оқуменен табылған» деген Ыбырай Алтынсариннің тағылымды сөзі бүгінгі ұстаз еңбегінің де өзегіне айналып отыр. Шара барысында ұстаз мәртебесі, білім мен тәрбиенің қоғам дамуындағы маңызы кеңінен айтылды. Ұстаз – жас ұрпаққа білім беріп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, ел болашағын қалыптастыратын тұлға екені атап өтілді.

Мерекелік жиында Балқаш қаласы әкімінің орынбасары Саягүл Жақсылықова ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтап, бірқатар білім саласының қызметкерлерін марапаттады.

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің 2026 жылғы 11 қыркүйектегі №22 бұйрығына сәйкес Берікбол Мейрамғазы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Сондай-ақ, Қарағанды облысы әкімінің Алғыс хатына Гульнар Асемханова ие болды. Балқаш қаласының қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысып, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі мен мінсіз еңбегі үшін бірқатар ұстаздарға Балқаш қаласының Құрмет грамотасы табысталды. Мерекелік марапаттар мұнымен шектелмеді. Қала әкімі атынан білім саласының бірқатар өкілдеріне Алғыс хаттар табысталып, ұстаздардың еңбегіне лайықты құрмет көрсетілді.

Сонымен қатар, Балқаш қаласы білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Шынаргүл Алишеваға сөз берілді. Ол ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтап, білім беру саласында атқарып жүрген қажырлы еңбектеріне алғыс білдірді.

– Балқаш қаласында колледждерінің техникалық және кәсіптік білім беру гранттары – мыңдаған жастардың оқуын жалғастырып, кәсіби жол бастауына берілген маңызды қолдау білдіріп отыр. Бұл – педагогтердің қажырлы еңбегін қолдауының нәтижесі. Соңғы жылдары қала мектептерінде жастарды ұстаздық мамандығына баулитын педагогикалық сыныптар ашылып, бұл мектеп қабырғасынан болашақ педагог кадрларды дайындауға үлкен үлес қосуда, – деді Шынаргүл Амангелдіқызы.

Салтанатты шараның келесі бөлімінде білім беру саласындағы елеулі еңбегі үшін ұстаздар Қарағанды облысының білім басқармасы мен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталды. Жиында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының, сондай-ақ «Заң және тәртіп», «Таза Қазақстан» бастамаларының білім беру жүйесіндегі маңызына да назар аударылды. Ұстаздардың жас ұрпаққа патриотизм, жауапкершілік, адалдық, заңға құрмет және қоршаған ортаға жанашырлық құндылықтарын қалыптастырудағы рөлі ерекше екені айтылды.

Ұстаздардың кәсіби мерекесіне арналған кеште білім саласының ардагерлеріне де ерекше құрмет көрсетілді. «Балқаш қаласының білім және бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» ұйымының атынан бірқатар ұстаздар кәсіподақтық марапаттарға ие болды. Олардың қатарында Күлпаш Жакишева, Жұлдыз Болатбекқызы, Евгения Федорова, Бахыт Машурбекова, Алия Абаканова және басқа да ұстаздар бар. Сонымен қатар, «Ұлағат» және «Білім» кәсіподақ ұйымдарының төсбелгілерімен де бірқатар педагог марапатталды.

Мерекелік жиын концерттік бағдарламамен жалғасты. Өнер мектебі мен Оқушылар сарайының шығармашылық ұжымдары ұстаздарға арнап ән мен би тарту етті. «Ұстазым-мектебім», «Школьный учитель», «Ұстазым», «Мектеп вальсі» секілді музыкалық композициялар орындалып, мерекелік кештің мазмұнын аша түсті.

Шара барысында ұстаз мамандығының жалғастығы мен шәкірт сабақтастығы да көрініс тапты. Бүгінгі мектеп оқушысы – ертеңгі ұстаз. Осы орайда жас ұрпақтың білімге деген қызығушылығы мен ұстаздық мамандыққа деген құрметі туралы жылы лебіздер айтылды. Салтанатты кеш соңында ұстаздарға жүрекжарды алғыс білдірілді.

Нұрдос КӘРІМ
«Ortalyq Qazaqstan»

Автор: Нұрдос КӘРІМ

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button