АймақБас тақырыпБілім

Қарағанды облысында үздік ұстаздар марапатталды

Шәкіртінің жеңісінен ұстаздың еңбегі көрінеді. Бүгінде Қарағанды оқушылары халықаралық олимпиадалар мен әлемдік білім бәйгелерінде топ жарып, өңірдің білім әлеуетін танытып жүр. Әр медаль мен әр жеңістің артында баланың қабілетін танып, оны биік мақсатқа жетелеген мұғалімнің маңдай тері бар. Мұғалімдер күні қарсаңында осындай еңбегімен дараланған педагогтерге құрмет көрсетіліп, үздіктер марапат төрінен көрінді.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

​Мұғалімдер күніне арналған «Ұстазыма алғыс» атты салтанатты шара өтіп, білім саласының ардагерлері мен қазіргі буын педагогтері бас қосты. Мерекелік жиынға өңірдің 370-ке жуық білім беру саласының өкілі қатысты. Олардың қатарында педагогикалық қызметардагерлері, мұғалімдер, балабақша тәрбиешілері мен мектеп директорлары бар.

Салтанатты жиында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ұстаздың шәкірт тағдырындағы айрықша рөлін атап өтті.

– Ұстаздың шәкірт тағдырындағы орны ерекше. Білім мен тәлім ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, талай тұлғаның қалыптасуына жол ашқан. Бұған Қаныш Сәтбаевтың ғылым жолын таңдауына профессор Михаил Усовтың ықпалы секілді мысалдар дәлел. Бүгінде педагогтердің еңбегі шәкірттердің халықаралық олимпиадалар мен байқаулардағы жетістіктерінен көрініп отыр. Әрбір жеңістің артында ұстаздың күнделікті ізденісі мен қажырлы еңбегі бар. Сондықтан, ұстаз мәртебесін көтеру, олардың еңбегін бағалау – ортақ міндет, – деді өңір басшысы.

Облыс оқушылары соңғы жылдары халықаралық деңгейдегі білім додаларында жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. Соңғы үш жылда өңір оқушыларының халықаралық олимпиадалардағы медаль саны 24-тен 32-ге дейін өскен. Биыл білімпаз облыс тарихында алғаш рет география пәнінен республикалық және Еуропалық халықаралық олимпиадаларда екі алтын медаль жеңіп алынды.

Робототехника бағытында да қарағандылық оқушылардың жетістігі жоғары. «JELTOQSUN» командасы Хьюстонда өткен әлем чемпионатында 58 елдің қатысушылары арасында бірінші орынға ие болса, Ақпараттық технологиялар мектебінің командасы Абу-Дабиде өткен «RoboCup 2025» жарысының жеңімпазы атанды. Ал, «Alem Tech Fest 2026» жеңімпаздары АҚШ пен Қытайда өтетін әлемдік кезеңдерге жолдама алды.

Осыжетістіктердің артында оқушының талантымен қатар, оны ашуға мүмкіндік берген ұстаздың еңбегі тұр. Бір кездері шәкіртінің бойындағы қабілетті байқап, оған сенім артқан мұғалімнің еңбегі жылдар өте халықаралық додалардағы жеңіске ұласады. Бүгінде ондаған түлек еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының білім гранттарына ие болып отыр.

Өңірде білім беру сапасын арттырумен қатар, педагогтерге қолайлы жағдай жасауға да басымдық берілуде. Соңғы үш жылда облыста 13 жаңа мектеп салынды. Биыл білім беру ұйымдарын жөндеуге 15 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталды. Мектеп ғимараттары мен инженерлік жүйелер жаңартылып, оқу кабинеттері, асханалар мен спорт залдары жөнделуде. Физика, химия, STEM және робототехника кабинеттері заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп келеді. Ауыл мектептерінің мүмкіндігін кеңейтуге де ерекше көңіл бөлініп отыр.

Білім беру саласындағы ерекше еңбегі, жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі елеулі жетістіктері үшін өңірдің бірқатар педагогі мемлекеттік наградалармен марапатталды. Шет ауданы Ақадыр кентіндегі Юрий Гагарин атындағы мектеп-лицейдің физика пәнінің мұғалімі Аманжол Жекебай «Парасат» орденінің иегері атанды.

«Құрмет» орденіне Ақтоғай ауданы Күләш Байсейітова атындағы тірек мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Палмара Ермекова, Осакаров ауданы №9 гимназия базасындағы тірек мектептің информатика пәнінің мұғалімі Сергей Зубрин, Шет ауданы Сәкен Сейфуллин атындағы жалпы білім беретін мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тишкул Ибраева, «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Алмагүл Испулаева ие болды. №1 «Білім-инновация» лицей-интернатының математика пәнінің мұғалімі Серікжан Қалданов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Білім беру саласындағы ерекше еңбегі мен жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін Сара Толенова, Елена Крыженкова және Салдина Лидия Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері»төсбелгісімен марапатталды.

«Парасат» орденімен марапатталған Шет ауданы, Ақадыр кентіндегі Юрий Гагарин атындағы мектеп-лицейдің физика пәнінің мұғалімі Жекебай Аманжол бұл марапатты ел мен халықтың ұстаздарға артқан сенімі деп қабылдайтынын айтты.

– Жалпы еңбек өтілім – 30 жыл. Осы уақыттың барлығында мектепте мұғалім болып еңбек етіп келемін. Қазір физика пәнінен сабақ беремін. Бұл мектепте 20 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Бүгінгі марапатты еліміздің, халқымыздың бізге деген сенімі деп түсінемін.Бұл – үлкен сенім әрі жауапкершілік. Сол сенімді ақтауға тырысамын. Марапатты алған сәтте ерекше көңіл күйде болдым. Қуаныш пен толқынысты қатар сезіндім. Көп жылғы еңбегіміздің бағаланғаны, еленгені, әрине, қуантады, – деді Жекебай Аманжол.

«Білім-инновация» лицейінің математика пәні мұғалімі, олимпиада координаторы Серікжан Калдановтың да ұстаздық жолы бала күнгі арманнан басталған. 16 жылдық еңбек өтілі бар педагог Қарағанды облысындағы №1 «Білім-инновация» лицейінде 2023 жылдан бері қызмет атқарып келеді.

– Ұстаздарыма оқушы кезімнен қызығатынмын. 11-сыныпта саналы түрде мұғалім болу туралы шешім қабылдадым. Қазір бұл мамандықты жай ғана жұмыс деп қабылдамаймын. Ұстаздықты өзіме жақын, сүйікті ісім, тіпті хоббиім деп қабылдаймын.Бүгінгі марапат мен үшін күтпеген әрі ерекше қуаныш болды. Ең алдымен мектеп әкімшілігі мен әріптестерімнің қолдауының нәтижесі деп білемін. Осындай марапатқа ие боламын деп күтпеген едім. Мені әрдайым қолдап, кәсіби тұрғыда демеп жүрген ұжымдастарыма ерекше алғысымды білдіремін, – деді Серікжан Калданов.

Ұстаздар арасында «Ыбырай Алтынсарин»атындағы төсбелгіге де лайықтылар анықталды. Бұл марапатқа Абай ауданы, Қарабас кентіндегі №15 жалпы білім беретін мектептің директоры әрі математика пәнінің мұғалімі Бақыт Бошанова, Балқаш қаласы білім бөлімінің әдіскері Күләш Айнабекова және Қарқаралы ауданы Айнабұлақ ауылындағы №31 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұргүл Нұртаева ие болды.

Мерекенің мәртебесін арттырған тағы бір марапат – «Қарағанды облысының білім беру саласының Құрметті педагогі» төсбелгісі мен облыс әкімінің қаржылай гранты. Биыл грант көлемі 3 миллион 460 мың теңгені құрады. Аталған марапатқа Шахтинск технологиялық колледжінің педагогі Малика Орынбасарова, №2 Білім-инновация лицей-интернатының педагогі Перуза Жайықпаева, Теміртау қаласы Ғабиден Мұстафин атындағы жалпы білім беретін мектептің педагогі Сара Темирбулатова, Қарағанды қаласы Мағжан Жұмабаев атындағы гимназияның педагогі Гульнара Уатаева және Қарағанды облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңесінің директоры Жанар Ержолова ие болды.

Мұндай марапат – ұстаз еңбегіне берілген бағаның ғана емес, педагог мамандығының қоғамдағы беделін айқындайтын көрсеткіш.

Білім сапасының артында заманауи мектеп пен жаңа технология ғана емес, баланың болашағына сеніп, оның қабілетін дамытуға бар күшін салатын мұғалім тұр.

Жамал АКПАРОВА
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button