Қарағандыда жылу беру маусымы 1 қазанда басталады
Қарағандыда жылу беру маусымы 1 қазанда басталады. Жылу алдымен әлеуметтік нысандарға беріледі, кейін тұрғын үйлер кезең-кезеңімен жылыту жүйесіне қосылады. Бұл туралы қала әкімі Мейрам Кожухов Instagram-дағы парақшасында мәлімдеді.

Әкімнің айтуынша, Қарағандыдағы жылу жүйесі ауқымды болғандықтан, желілерді толтырып, барлық нысанға жылуды жеткізуге біршама уақыт қажет.
Бірінші кезекте балабақша, мектеп, аурухана, мәдениет және спорт нысандарына жылу беріледі. Одан кейін Майқұдық, Сұрыптау және Пришахтинскідегі көпқабатты үйлер жылумен қамтылады. Бірнеше күннен соң Оңтүстік-Шығыс пен қала орталығындағы тұрғын үйлер де жылу жүйесіне қосылады.
Мейрам Кожухов жылу беру жұмыстары бірден емес, кезең-кезеңімен жүргізілетінін атап өтті. Оның сөзінше, жүйені дұрыс іске қосып, реттеу маңызды.
Сонымен қатар тұрғындарға жылу ақысы 1 қазаннан бастап автоматты түрде есептеле бермейтіні түсіндірілді. Төлем нақты үйге жылу берілген күннен бастап есептеледі.
Қала әкімі басқарушы компаниялар мен үйлерге қызмет көрсететін жауапты мамандарға ішкі жылу жүйелерінің дайындығын тексеріп, ақаулар туындаған жағдайда жедел байланыста болуды тапсырды.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



