Азия ойындарында қарағандылық спортшылар қанша жүлде еншіледі?
Жапонияда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарының тоғызыншы жарыс күні аяқталуға жақын. Осы уақыт ішінде Қазақстан құрамасы 9 алтын, 14 күміс және 25 қола медаль жеңіп алып, жалпы жүлде санын 48-ге жеткізді. Ел қоржынына Қарағанды облысының спортшылары да медаль салып, бірнеше спорт түрінен жүлдеге ие болды.

Жеңіл атлетикадан Кристина Овчинникова мен Аделина Земс күміс медаль еншіледі. Кристина биіктікке секіруден 187 сантиметр нәтижесін көрсетсе, Аделина 400 метр кедергілер арқылы жүгіру финалында 54,58 секунд көрсеткішпен мәреге екінші болып жетті. Бұл нәтиже спортшының жеке рекорды атанды.

– Бұл медальді бүкіл Қазақстанға, отбасым мен жаттықтырушыларыма, сондай-ақ туған Қарағандыма арнаймын, – деді Кристина Овчинникова.

Байдарка есуден қарағандылық Дмитрий Холмогоров 500 метр қашықтықтағы жекелей жарыста қола жүлдеге ие болды. 20 жастағы спортшы қашықтықты 1 минут 44,453 секундта бағындырды.
– Жарыс өте қиын болды. Медаль алу үшін көп еңбектендім. «Күміске» сәл ғана жетпей қалдым. Енді қорытынды жасап, жаттығуды жалғастырып, бұдан да мықты болуға тырысамыз, – деді Дмитрий Холмогоров.

Қарағанды облысы үшін аралас жекпе-жектен (ММА) алғашқы медальдің алынуы тарихи жетістік болды. Қарағандылық спортшы Санжар Әділов қола жүлдеге ие болды. ММА Азия ойындарының бағдарламасына алғаш рет енгізілгендіктен, ол осы спорт түрінен құрлықтық додада жүлде алған алғашқы қазақстандықтардың бірі атанды.

Семсерлесуден Артем Саркисян Қазақстан құрамасына бірден екі қола медаль сыйлады. Қарағандылық спортшы саблядан жеке жарыста және командалық есепте жүлдегер атанды.

Жеңіл атлетикадан Алина Чистякова жетісайыста үшінші орынға ие болып, ел қоржынына тағы бір қола медаль қосты.

Қазақстан құрамасы көркем жүзуден екі қола медаль иеленді. Жұптық жарыста Наргиза Болатова мен Ясмин Туякова техникалық және еркін бағдарламалардың қорытындысы бойынша 565,7326 ұпай жинап, үшінші орынға ие болды. Бірінші орынды 640,3576 ұпаймен Қытай дуэті, екінші орынды 601,3576 ұпаймен Жапония спортшылары иеленді.
Қазақстан құрамасы екінші медальді аралас командалар арасындағы жарыста жеңіп алды. Қазақстан құрамасы 216,7961 ұпай жинады. Алтын медаль 299,2117 ұпаймен Қытай командасына, күміс жүлде 286,2688 ұпаймен Жапония құрамасына бұйырды.
Қазақстан командасының құрамында Наргиза Болатова, Виктор Друзин, Айгерим Құрманғалиева, Карина Магрупова, Ксения Макарова, Анна Павлецова, Валерия Столбунова, Ясмин Тұяқова, Даяна Жаманшалова және Жаклин Якимова өнер көрсетті.

Осылайша, қарағандылық спортшылар Азия ойындарында екі күміс және жеті қола медаль иеленді. Алайда жарыс әлі аяқталған жоқ. Алда жерлестеріміз өнер көрсететін жаңа сайыстар бар.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



