Елдос Сметов пен Әбиба Әбужақынова Азиадада күміс жүлде иеленді
Қазақстандық дзюдошылар Елдос Сметов пен Әбиба Әбужақынова Жапонияның Айчи–Нагоя қаласында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында күміс медаль жеңіп алды.

60 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Елдос Сметов финалда жарыс қожайыны Хаято Кондомен белдесті. Жапониялық спортшы екі юко ұпайын алып, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша Сметов Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды.
Париж Олимпиадасының чемпионы финалға дейін үш қарсыласын жеңіп, шешуші белдесуге жолдама алған. Осылайша ол Олимпиада ойындарындағы алтын, күміс және қола медальдардан кейін Азия ойындарының жүлделер қоржынына да күмісті қосты. Сметов бұған дейін 2014 жылғы Азия ойындарында чемпион атанған, сондай-ақ әлем және Азия чемпионаттарында жүлде алған.
Әбиба Әбужақынова да күміс еншіледі
48 келіге дейінгі салмақта белдескен Әбиба Әбужақынова да финалға дейін жетіп, күміс жүлдеге ие болды.
Қазақстандық дзюдошы ақтық сында жапониялық Мицуки Кондомен кездесті. Жарыс қожайыны иппон әдісімен жеңіске жетіп, алтын медальді иеленді. Әбужақынова осылайша Азиаданы күміс жүлдемен аяқтады.
Әбиба үшін бұл Азия ойындарындағы екінші күміс медаль. Ол 2023 жылы Ханчжоуда өткен Азия ойындарының финалына дейін жетіп, шешуші белдесуде жапониялық Нацуми Цунодаға жол берген еді. Сонымен қатар қазақстандық спортшы әлем чемпионаттарында бірнеше рет жүлдеге ие болған.
Айта кетейік, Қазақстанның дзюдодан ұлттық құрамасында Азиадаға 14 спортшы қатысып жатыр. Жекелей бәсекелер 30 қыркүйек пен 2 қазан аралығында өтеді, ал 3 қазанда аралас командалық сайыс ұйымдастырылады.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



