ЖаңалықтарСпорт

Мерген қыздың мерейі

Ақтауда дәстүрлі садақ атудан ересектер арасында «Altyn Orda» әлем кубогы өтті. Байрақты бәсекеге әлемнің 20 елінен 100-ге жуық спортшы қатысып, мергендіктерін сынаған. Аталған чемпионатта өңір намысын алты спортшы қорғап, ұлттық құрама сапында өнер көрсетті. Солардың қатарында, 50 метр қашықтықтағы «Қалқан» нысанасында бақ сынаған жерлесіміз Әйгерім Кәдірман мергендігін дәлелдеп, әлем кубогының қола жүлдесін иеленді.

Суреттер жеңімпаздың
жеке мұрағатынан

Жарыстың алғашқы күнінде қатысушылар 60 метр қашықтықтан «Пута» нысанасы бойынша бақ сынады. Екінші күні мергендер 50 метрден «Қалқан» нысанасын көздесе, үшінші күні 40 метр қашықтықтағы «Орта Азия» нысанасында шеберліктерін сынады. Ал, жарыстың соңғы күнінде спортшылар 30 метрден «Жамбыны» нысанаға алды.

Қыздар арасындағы «Қалқан» нысанасында 80-ге жуық спортшы бақ сынаған. Жарыс ережесіне сәйкес, қатысушылар 50 метр қашықтықтан нысананы көздеп, жеті мүмкіндік бойынша шеберлігін сынады. Әр мүмкіндікте тоғыз оқтан атылып, спортшылардың жалпы жинаған ұпайы есепке алынды.

Алғашқы іріктеу кезеңінде жоғары нәтиже көрсеткен жерлесіміз Әйгерім Кәдірман үздік 32 спортшының қатарына еніп, содан кейін 1/16 финалға жолдама алды. Бұл кезеңнен бастап спортшылар жарыс кестесі бойынша бір-бірімен жекелей сынға түскен. Әр жұп үш раундта тоғыз оқтан атып, өзара мықтыны анықтады.

Әйгерім бұл кезеңде де қарсыласынан басым түсіп, 1/8 финалға жолдама алды. Жерлесіміз бұл кезеңде башқұрт спортшысын төрт ұпай айырмашылығымен жеңіп, 1/4 кезеңде отандасымен кездесті. Ол қарсыласынан да айласын асырып, финалдық бәсеке үшін өткен ойында қырғыз спортшысына есе жіберіп алды. Ал, соңғы жүлделі ІІІ орын үшін өткен кездесуде отандасы Аяш Қабдоллаевамен кездесіп, жеңіске жеткен.

– Садақ атумен былтырдан бастап айналысамын. Қатысқан алғашқы турнирім Қарағандыда өткен облыстық жарыс болды. Өкінішке қарай, жүлдегерлер қатарынан көріне алмадым. Дегенмен, бұл дода мен үшін тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берді. Кейін «Ақбидай» республикалық турниріне қатысып, «Қалқан» нысанасында жүлделі ІІ орын иелендім.

«Қалқан» – менің сүйікті нысаным. Бұл нысанада сынға түскенде өзімді еркін әрі сенімді сезінемін. Әлем кубогында да нысаналардың барлығында бақ сынадым. Алайда, «Қалқан» нысанасында бағым жанып, жүлдеге қол жеткіздім, – деді Әйгерім Кәдірман.

Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button