Ақтаудағы төтенше жағдай: Мемлекет тарапынан жедел шаралар қабылдануда
Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиға 14 әскери қызметшінің өмірін қиды. Алайда, мұндай жағдайларда болған оқиғаның себептерін анықтау ғана маңызды емес. Мемлекеттік институттардың төтенше жағдайға қаншалықты жылдам жұмыла алатыны да маңызды: іздестіру жұмыстарын жүргізу, отбасыларға көмек көрсету, жауапты тұлғаларды анықтау және тергеу барысы туралы қоғамға ашық ақпарат беру.

Оқиға болған күні-ақ тиісті шаралар қабылдана бастады.
Мемлекет басшысы қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, Үкіметтік комиссияға қайғылы жағдайдың мән-жайын анықтау және әскери қызметшілердің отбасыларына көмек көрсету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.
25 қыркүйек Президенттің Жарлығымен Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.
Үкіметтік комиссия жұмысын тікелей Маңғыстау облысында бастады. Іздестіру-құтқару жұмыстары тәулік бойы жүргізілді. 25 қыркүйек күні таңғы сағат 09:15 шамасында хабар-ошарсыз кеткен деп есептелген екі әскери қызметшінің денесі табылды.
Сонымен қатар, сотқа дейінгі тергеу басталды.
Таңертең Бас прокуратура қызметке салғырт қарады және жеке құрамның қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етпеді деген күдікке ілінген лауазымды тұлғалардың анықталғанын хабарлады. Тергеушілер оқиға орнын қарап-тексеріп, 30-дан астам әскери қызметшіден жауап алды, құжаттар мен бейнематериалдарды тәркіледі. 12 сараптама тағайындалды.
Арада небәрі екі сағат өткен соң Ішкі істер министрлігі Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің жоғары және аға командалық құрамындағы бес лауазымды тұлғаның ұсталғанын хабарлады.
Олардың барлығына күдікті мәртебесі берілді. Тергеу жалғасып жатыр. Сонымен қатар әрекеттеріне құқықтық баға берілуі тиіс тұлғалардың қосымша тобы анықталуда.
Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қолдау көрсету бойынша да жұмыстар басталды. Үкіметтік комиссия материалдық және өзге де көмек көрсетуді қамтамасыз етуді тапсырды. Ал Қорғаныс министрлігі материалдық және психологиялық қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
Тағы бір маңызды мәселе — қайғылы оқиға туралы ақпарат қоғамнан жасырылған жоқ.
Іздестіру жұмыстары мен тергеу барысына қарай ресми органдар қаза тапқандар мен хабар-ошарсыз кеткендердің саны нақтыланғанын, іздестіру операциясының барысын, тергеудің алғашқы нәтижелері мен кейінгі ұсталымдар туралы ақпарат беріп отырды. Халықтан ештеңе жасырылған жоқ.
Мемлекеттік механизм қайғылы оқиға алдында тоқтап қалған жоқ. Бірі іздестіру және тергеу жұмыстарымен айналысса, енді бірі қаза тапқандардың отбасыларына қолдау көрсетуде, ал үшіншілері күнделікті міндеттерін атқаруды жалғастырып жатыр.
Мұнда бір нәрсені түсіну маңызды: иә, қайғылы оқиға болды. Оны елемеуге, ұмытуға немесе тезірек артқа тастауға болмайды. Оның себептері анықталып, жауапты тұлғалар белгіленіп, мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін тиісті қорытынды жасалуы қажет. Бірақ сонымен бірге елдің тоқтап қалуына болмайды.
Адамдар жұмысын жалғастыруда. Мемлекеттік органдар шешім қабылдауды жалғастыруда. Экономика, мектептер, ауруханалар, кәсіпорындар, көлік жүйесі — мұның барлығы тоқтатылмайды. Миллиондаған адамның өмірі жалғасып жатыр және ол мемлекеттен тұрақты жұмысты талап етеді.
Бәлкім, қайғылы оқиғаға деген жауапкершілікті көзқарас дегеніміз де осы шығар: қаза тапқандарды есте сақтау, олардың отбасыларына қолдау көрсету, барлық сұраққа жауап іздеу және өмірді әрі қарай жалғастыру.
Өйткені қайғы мен жауапкершілік өмірдің жалғасуына қайшы емес. Керісінше, мемлекеттің жауапкершілігі — ең ауыр күндердің өзінде елдің тұрақтылығын сақтап, оның қалыпты жұмысын жалғастыру.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ


