Жаңалықтар

Теңіз контейнерлік тасымалдары бойынша әлемдік нарық көшбасшысы MSC Group Қазақстанға келді

Қазақстандық инфрақұрылымдық девелопер SEMURG INVEST және MSC Group жаһандық көлік алыбының құрамына кіретін логистикалық оператор MEDLOG стратегиялық әріптестік орнататынын жариялады.

Ынтымақтастықтың мақсаты – Шығыс–Батыс бағыты бойынша көлік байланысын нығайту және Орталық Азиядан Түркия мен Еуропаға бағытталатын экспорттық ағындарды әртараптандыру.

Жоба Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы маусымда Брюссельде MSC компаниясының аға вице-президенті Эдуард Сигристпен кездесуі және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің қолдауы нәтижесінде практикалық кезеңге өтті. Кездесу барысында контейнерлендіру деңгейін арттыру, Орта дәлізді дамыту, Құрық портының мүмкіндіктерін пайдалану, сондай-ақ MSC-нің Қазақстандағы қатысуын одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды. Бұған дейін Мемлекет басшысы Орта дәлізді ел үшін стратегиялық басымдық деп атаған болатын.

Осы міндеттерді іске асыру аясында серіктестер Sarzha Logistics компаниясын Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан аумағындағы стратегиялық логистикалық платформа әрі контейнерлік жүк ағындарының операторы ретінде дамытуды көздеп отыр.
Жоба SEMURG компаниясының жергілікті инфрақұрылымын MEDLOG халықаралық логистикалық желісімен біріктіреді. Ынтымақтастық бағыты Орта дәлізді дамыту, контейнерлендіру деңгейін арттыру, сондай-ақ off-dock терминалдарын, құрғақ порттарды, теміржол және интермодальды инфрақұрылымды пайдалануды қамтиды.

Әріптестіктің негізгі базасы Каспий теңізіндегі Құрық портында орналасқан SEMURG инфрақұрылымдық активтері болады. Sarzha Каспий кластерін дамыту жылына 5 миллион тоннаға дейін қосымша жүк өңдеу қуатын құруды көздейді. Оның ішінде контейнерлік қуат 110 мың TEU-ға дейін жетеді.

«SEMURG INVEST» ЖШС Бас директоры Нұржан Марабаев былай деп атап өтті:

«Қазіргі кезеңдегі маңызды үрдістердің бірі – халықаралық операторлар мен инвесторлардың Қазақстандағы ұзақ мерзімді қатысуын кеңейтуі. Бұл үрдіс инвестициялық саясатқа және инвесторлардың құқықтарын қорғаудың мемлекеттік тетіктеріне деген жоғары сенімді көрсетеді. Сонымен қатар бұл отандық жеке бизнестің сапалық тұрғыдан өсіп, кемелдене түскенін айғақтайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен MSC Group басшылығының Брюссельдегі диалогы нәтижесінде біздің ынтымақтастығымыздың практикалық кезеңге өткенін көріп отырғанымызға қуаныштымыз. Бұл – Қазақстанға деген сенімнің тағы бір белгісі және халықаралық әрі жергілікті серіктестердің бәсекеге қабілетті бизнесті бірлесіп құра алатынының дәлелі».

Өз кезегінде MEDLOG Қазақстан бағыттарын жыл сайын шамамен 10 миллион TEU өңдейтін 470-тен астам логистикалық нысанды қамтитын халықаралық желісіне біріктіреді. Ал бас компания MSC-нің кең ауқымды желісі өңірді әлемнің 155 еліндегі 520 портпен байланыстырады.

MEDLOG Poti LLC Басқарушы директоры Мухран Деканадзе:

«Қазақстан Шығыс пен Батыс арасындағы сауда жеткізу тізбектерінде, сондай-ақ өңірлік логистикада барған сайын маңызды рөл атқарып келеді. Осы әріптестік бізге Орталық Азияны Каспий теңізі мен Грузия арқылы Түркиямен, Еуропамен және біздің жаһандық желімізбен байланыстыратын жаңа контейнерлік және мультимодальды тасымалдарды дамытуға мүмкіндік береді», деп атап өтті.

Бұл әріптестіктің іске қосылуы Еуразияның логистикалық картасын трансформациялау жолындағы маңызды кезеңді білдіреді. Қазақстанның Каспийдегі ауқымды порттық инфрақұрылымы мен MSC Group-тың жаһандық логистикалық мүмкіндіктерінің синергиясы Орталық Азия экспорттаушылары үшін әлемдік нарықтарға шығатын баламалы әрі сенімді бағыттарды ашып қана қоймай, Қазақстанның Еуразия құрлығындағы негізгі әрі сенімді транзиттік хаб ретіндегі мәртебесін институционалдық тұрғыдан нығайтады.

SEMURG

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button