Бас тақырып

Қарағандыда браконьерлерден қару-жарақ пен аң еті тәркіленді

Қарағандыда полицейлер заңсыз аң аулады деп күдікке ілінген екі азаматты ұстады. Көлікті тексеру кезінде бірнеше қару мен жабайы жануардың еті табылған, деп хабарлайды Полиция департаменті.

Сурет ЖИ арқылы жасалды

Оқиға Спасск тасжолында болған. Облыстық Полиция департаментінің криминалдық және табиғатты қорғау полициясы патрульдік полиция қызметкерлерімен бірлесіп, 39 жастағы ер адам басқарған көлікті тоқтатқан.

Тексеру барысында автокөліктен екі атыс қаруы, пневматикалық мылтық, тегіс ұңғылы қаруға арналған 27 патрон және пневматикалық қаруға арналған оқтары бар екі құты тәркіленді. Сонымен қатар, бірнеше құрылыс қапшығынан жабайы жануардың еті табылды. Алдын ала болжам бойынша, ет арқарға тиесілі.

Полицейлер пневматикалық мылтыққа құқық белгілейтін құжаттардың жоқ екенін және аң аулауға рұқсат берілмегенін анықтады. Ал қалған атыс қарулары 42 жастағы жолаушының атына тіркелген.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір қажетті сараптамалар тағайындалып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Сараптама жануардың нақты түрін және еттің шығу тегін анықтайды.

Полицияның мәліметінше, Қарағанды облысында браконьерлікке қарсы рейдтер тұрақты жүргізіледі. Заңсыз аң аулау және қаруды рұқсатсыз сақтау фактілері бойынша кінәлі тұлғалар заң аясында жауапкершілікке тартылады.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button