Бас тақырыпСпорт

Қарағандыда аударыспақтан ел чемпионаты басталды

Қарағандыда аударыспақтан 2006-2008 жылы туған жастар арасындағы Қазақстанның ХХ чемпионаты басталды. Оған 16 өңірден 200-ге жуық спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтауда. Жарыстың ашылу салтанатына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Әшірбек пен «Нәтиже сүт фабрикасы» ЖШС директоры Ерлан Әшім қатысып, қатысушыларға жылы лебізін білдірді.

Суреттер облыстық спорт басқармасынан

Аталған чемпионат 16 салмақ дәрежесі бойынша өтуде. Қарағандының атынан 16 спортшы бақ сынауда.

– Аударыспақ – күш пен жігерді, батырлық пен шапшаңдықты біріктірген атадан балаға мұра болып қалған төл спорт түрі. Сондықтан, бүгінгі таңда елімізде ұлттық спорт түрлеріне баса назар аударылып, осы төл спорт түрлеріміз олимпиадалық спорт түрлерімен теңестірілген болатын. Соның арқасында еліміздің спортшылары жақында ғана өткен көшпенділер ойындарында жоғары нәтиже көрсетіп, баршамызды қуантты. Осындай жетістіктеріміз алдағы уақытта көп болсын деп тілеймін, – деді Нұркен Жақсылықұлы.



Шет ауданының тумасы Алик Бычков бұл чемпионатта 52 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, жүлделі ІІІ орыннан көрінді. Жас спортшының аталған спорт түрімен айналысып жүргеніне сегіз жылға жуық уақыт болған. Осы аралықта ол облыстық додаларда бірнеше мәрте топ жарып, өзінің шеберлігін шыңдап келеді. Бұл жолы Алик ел чемпионатында да сәтті өнер көрсетіп, қоржынына қола жүлдені қосты.

– ​Тартысқа толы бәсекеде қарсыластардың дайындығы жоғары болды. Десе де өз тәжірибем мен төзімділігімнің арқасында жүлделі орыннан көріне білдім. Екі кездесу өткізіп, екеуін де жеңдім. Үшінші орын үшін белдесуде қарсыласымды таза жеңдім. Ұлттық спорт – ата-бабамыздан қалған асыл мұра. Оны дәріптеу және жас буынға насихаттау – әрбір спортшының басты парызы, – деді Алик Бычков.

Айта кетейік, ел чемпионаты 17-қыркүйекке дейін «Turan-el» спорт клубының базасында жалғасады.

Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар. 

Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button