Бас тақырыпЖаңалықтар

Тарихтан сыр тартқанда…

Күн ұясынан енді ғана көтеріліп келеді. Таңғы салқынның табы әлі қайтпаған. Алдымызда – ұзақ жол. Көңілде – сапарға деген қызығушылық, көкейде – туған өлкенің тарихын тереңірек танып, өткеннің өнегесін зерделеуге деген құштарлық. Адамға лық толы ақ «Газель» Ақтоғайды бетке алып, жолға шығуға әзір. Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесі ұйымдастырған «Елтану» тарихи-танымдық экспедициясы кезекті екі күндік сапарға аттанбақ. Бұл жолғы бағыт – Ақтоғай және Шет ауданы.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Сапардың алғашқы аялдамасы Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханның туған топырағы. Бағыт – Жекежал қыстағы мен Желтау шатқалы. Алдымен Әлиханның ата-анасы, туған-туыстары жерленген Талдыбейіт қорымына тағзым етіп, одан әрі Жекежалдағы Желтау петроглифтері мен Беғазы кешенін аралау. Ал, екінші күні Шет ауданында жалғасып, Талды ауылынан сегіз шақырым қашықтықта орналасқан қола дәуірінің құнды мұрасы – Қаражартас қорымымен түйінделмек.

Алаш арыстарының ізімен…

Бетке алған бағытымыз – Алаш арысының ізі қалған қасиетті мекен болса, енді бірі – мыңдаған жылдық өркениеттің үнсіз куәгері. Тасқа қашалған таңбалар мен көне қорымдар – бүгінгі ұрпақты өткенмен жалғап тұрған алтын көпір. Экспедицияның мақсаты да осы таныммен сабақтас. Өңірдегі тарихи-мәдени маңызы бар нысандарды аралап, өзге этнос өкілдеріне туған өлкенің рухани мұрасын таныстырып, ортақ тарихқа деген құрметті нығайту. Өйткені, ел тарихын тану – бірлікті бекемдеп, татулықты тереңдетудің төте жолы. Қазақ тілін жетік меңгерген этнос өкілдері, этнос өкілдері арасында ұйымдастырылған өңірлік байқаулардың жеңімпаздары, ғылыми-сараптамалық топтың мүшелері мен қоғам белсенділері бір арнаға тоғысып, киелі мекенге бет алды.

 

Жол ұзақ болғанымен, көлік ішіндегі көңіл күй бөлек, әңгіме ауаны да айрықша. Жол бойы өрбіген тағылымды әңгімелер уақыттың қалай өткенін сездірмесе керек. Ақ көліктің Ақтоғайға қалай жетіп келгенін де аңғармай қалыппыз. Арқаның аяулы топырағына табан тіреген экспедиция мүшелерін аудан әкімінің орынбасары Айдос Қуанышбаев арнайы қарсы алып, сапарға сәттілік тіледі. Ақжарма ниетін білдіріп, алдағы танымдық жолға ақ тілегін арнады.

Қарағандыдан басталған сапарға белгілі тарихшы, археолог, этнограф Темірғали Аршабеков пен қоғам белсендісі Сәкен Келдібаев, Қоғамдық келісім мекемесінің ғылыми-сараптамалық сүйемелдеу және әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің жетекшісі Думан Малаев жетекшілік еткен.

Бір қызығы, дәл осы күні Ақтоғайға елордадағы Назарбаев университетінің бір топ студентін бастап, алаштанушы ғалым, университет профессоры Айгүл Ісмақова да келіпті. Ұстаз шәкірттерін Әлиханның туған жеріне арнайы алып келіп, тарихи оқиғалардың куәсі болған қасиетті топырақты бастырып, сол өлкенің тынысын сезіндіруді мақсат еткен. Кешегі тарихты бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіру үшін оны құрғақ дерекпен шектемей, тарихи орындармен сабақтастыруды жөн көріпті ұстаз.

Ал, қос экспедицияның сапарына аудандық археологиялық-этнографиялық музейдің ғылыми қызметкері Сағат Қалиясқар да қосылып, жол бастады. Өлке тарихын жетік білетін маман әрбір тарихи орынның мән-маңызын тарқата таныстырып, сапардың танымдық мазмұнын тереңдете түсті. Оның келтірген деректері мен тағылымды әңгімелері көне мекендердің көмескі тартқан сырын ашып, өткеннің өнегесін бүгінгі ұрпақтың танымымен сабақтастырды.

Талдыбейітте желдің толассыз соғып тұратынын бірден аңғардық. Желтау деп аталуының өзі табиғаттың осы бір мінезінен сыр аңғартатындай. Мұндағы сегіз қырлы қорымның құрылысына көз салсаң, өткен дәуірдегі сәулет өнерінің өзіндік ерекшелігіне тәнті боласың. Тұрғызылғанына бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, қорым өзінің бастапқы қалпын сақтап, беріктігін жоғалтпаған. Қабырғасының қалыңдығы шамамен 0,5 метр, ұзындығы 2,2 метр болатын құрылыс жайын Сағат Ерғалыұлы да назардан тыс қалдырмай, экспедиция мүшелеріне нысанның құрылымдық ерекшеліктері жөнінде мәлімет берді.

Осы тұста профессор Айгүл Ісмақова Бегім ана көктасындағы ұлы Смахан төре төте жазумен қашатқан жазуды оқып берді. Айта кетерлігі, былтыр профессордың «Қазіргі әдебиеттану: деколониялық дискурс» атты ғылыми-зерттеу кітабы жарық көрген. Еңбекте қазақ әдебиетін ұлттық көзқарас тұрғысынан қайта пайымдау, Алаш зиялыларының ғылыми мұрасын жаңаша бағалау мәселелеріне арналған зерттеулер топтастырылыпты.

Айгүл Ісмақова осы еңбегінде Бегім ана көктасындағы төте жазуды да аударып, ғылыми айналымға енгізгенін ерекше атап өтті. Әрі ғалым осыдан он жыл бұрын Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы тұсында ғалымдар мен профессорлардан құралған арнайы экспедиция құрамында Ақтоғайға келген екен. Ал, бұл жолы қасиетті мекенге шәкірттерін бастап келіпті.

«Шырақ» тілдерді оқыту орталығында қазақ тілін меңгеріп жүрген әлеуметтік сала қызметкері Анна Латош та экспедиция барысында өлкенің тарихи мұрасымен жақынырақ танысып, сапардан алған әсерімен бөлісті. Шежірелі мекендерді аралап, көне дәуірден сыр шертетін тарихи орындарды көзімен көріп, қазақ тарихына деген қызығушылығы арта түскенін де жасырмады.

– Сарыарқаның қасиетті жерлерін өз көзіммен көріп, қазақ даласының ұлылығын сезінуге, туған өлкеміздің тірі тарихына жақындай түсуге мүмкіндік алдым. Бұл сапар мен үшін ерекше әсерге толы, ұмытылмас сәттер мен жарқын эмоциялар сыйлады. Қазақ даласына деген сүйіспеншілігім бұрынғыдан да арта түсті, – деді ол.

Сарыарқаның көне мұрасы

Бұдан кейін экспедиция мүшелері Әлихан Бөкейханның кіндік қаны тамған қасиетті топыраққа, тұлғаның балалық шағы өткен Жекежал қыстағына ат басын тіреді. Бұл қасиетті қарашаңырақ 1958 жылы осы орынға көшірілген. Осы шаңырақта Әлихан дүниеге келіп, Жекежалдың жусанды даласында балалық шағын өткізді. Осы шаңырақта ержетіп, сайын далада қозы бағып, таудың төсінде өсті. Кейін қызмет бабымен елден жырақта жүрген жылдарының өзінде Әлихан туған жерінен қол үзген жоқ. Жаз сайын Жекежалға оралып, ата қонысында тынығып, туған өлкесінің ауасымен тыныстауды әдетке айналдырған.

1921 жылы Алашорда тарқаған соң Әлихан елге қайтқан. 1922 жылдың жазында осы ауылға келіп, соңғы рет осы туған жерінде болады. Кейін Мәскеуге алып кетердің алдында ел азаматтарын жинап, соңғы өсиетін қалдырған деседі. Сол кезде өзімен тете бауыры Әзіханға: «Осы шаңырақтың жанынан мектеп ашып, төңіректегі балалардың бәрін оқыт. Ал, сол мектепке Ташкентте оқып жүрген өз ұлың Райымжанды елге алдыртып, мұғалім ет» деп өсиет еткен.

Содан бері 1939 жылға дейін осы мектеп жұмыс жасап, талай бала сауатын ашқан. Биыл жазда осы үй мен мектептің орнын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліпті. Іргетасы көтеріліп, маңайы тазартылған.

Содан кейін экспедиция мүшелері Жіңішке өзенінің сол жағалауындағы жартастарға орналасқан Желтау петроглифтеріне бет алды.

Желтау петроглифтерінің бір ерекшелігі жартас бетіндегі бейнелер күннің түсу бағытына қарай таңертең, түсте және кешкісін үш түрлі сипатта көрінеді. Тасқа қашалған бейнелердің орындалу тәсілі де менмұндалап тұр. Ежелгі шеберлер қатты тастың бетін кескіндеп, нүктелі әдіспен ойып, өздері көрген дүниені кейінгі ұрпаққа жеткізген.

– Сапар барысында өңірдің терең тарихымен танысып, талай ғасырдың сырын бүгіп жатқан көне мұраларды өз көзімізбен көрдік. Біздің дәуірімізге дейінгі 2,5-3 мың жыл бұрынғы кезеңнен сыр шертетін петроглифтер мен ерекше құрылымды пирамиданы тамашалап, ерекше әсер алдық. Тасқа қашалған таңбаларға қарап тұрып, сол дәуірдегі адамдардың дүниетанымы мен өмір салты туралы ойға қалдық. Осындай тарихи орындарға келгенде, өткеннің бізге қаншалықты бай мұра қалдырғанын тереңірек сезінесің. Тарихты кітаптан оқып білген бір бөлек те, сол оқиғалардың ізі қалған мекенге табан тіреп, оны өз көзіңмен көру – мүлде басқа, – деді облыстық Т.Шевченко атындағы украин тілі мен мәдениеті этномәдени бірлестігінің төрайымы Наталия Еременко.

Күн еңкейіп, кешкілік тыныштық орнай бастағанда, экспедиция мүшелері Беғазы тауының етегіндегі Беғазы археологиялық кешеніне де ат басын тіреді.

Күннің соңғы шапағына бөленген көне қорымдар мен тарихи ескерткіштер өткен дәуірдің үнсіз шежіресіндей анау жақтан көзге бірден шалынды. Осы жерге табан тиген сәттен-ақ мыңдаған жылдық тарихтың табы сезіліп, уақыттың тереңіне бойлағандай күй кештік.

Беғазы кешені б.з.д. XII-VIII ғасырларға жататын ескерткіштерімен танымал. Бұл мекен – Орталық Қазақстандағы қола дәуірінің соңғы кезеңін сипаттайтын Беғазы-Дәндібай мәдениетінің аса маңызды археологиялық орталығының бірі. Аталған мәдениет сол замандағы дала тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы, жерлеу дәстүрі мен құрылыс өнері туралы құнды мәлімет береді.

– Бұл сапар мен үшін туған жердің тарихын тереңірек танып, Ұлы Сарыарқаның қасиетті мекендерін өз көзіммен көруге, қазақ даласының ұлылығы мен рухын сезінуге мүмкіндік берген ерекше саяхат болды. Осындай мазмұнды экспедицияны ұйымдастырып, халқымыздың баға жетпес мұрасын дәріптеп, ұлттық құндылықтарымызға деген құрмет пен отансүйгіштік сезімді арттырып жүрген баршаңызға мың алғыс! – деді Рауана Ерболқызы.

Шежірелі Шетте

Сапардың екінші күні экспедиция мүшелері Шет ауданына жол тартты. Мұнда аудандық археологиялық-этнографиялық музейге бас сұғып, өлкенің бай мұрасымен танысты. Музей басшысы Салтанат Қамытбаева қонақтарды ықыласпен қарсы алып, тарихтың көмбесіне айналған өлке мұрасын кеңінен әңгімеледі. Әсіресе, музей қорында сақтаулы тұрған қазақ халқының дәстүрлі тұрмыс-тіршілігі мен қолөнер озық үлгілерінің жарқын көрінісі – сәндік нақыштармен көркемделген көне ертоқымның тарихына ерекше тоқталып, оның рухы мен сыр-сипатына терең бойлады.

– Аталған ертоқым 2013 жылы Ресей Федерациясының Кемерово қаласының губернаторы тарапынан қазақ халқының этнографиялық мұрасын насихаттап, мәдени құндылықтарды дәріптеп отырған музейге сыйлық ретінде табысталған. Ертоқым ағаш негізден және металл әшекейлермен көмкерілген алдыңғы әрі артқы бөліктерден тұрады. Алдыңғы қасы биік, доға тәрізді көтеріңкі пішінде жасалған. Ердің сыртқы беті күрделі иірім өрнектермен, бедерлі металл әшекейлермен және қызыл, көгілдір түсті сәндік тастармен безендірілген. Жәдігердің көркемдік ерекшелігі – ағаш пен металдың үйлесімді қолданылуында. Әшекейлердің молдығы және өрнектердің күрделі композициясы көздің жауын алады. Ою-өрнекпен көмкерілген ертоқым – ат әбзелдерінің тек тұрмыстық бұйым ғана емес, ұлттық қолөнердің көрінісі болғанын танытатын құнды мұра. Бұл жәдігер музей қорын толықтырып қана қоймай, қазақ халқының атқа міну мәдениетін, дәстүрлі бұйым жасау шеберлігін және этнографиялық мұрасын танытуда маңызды орын алады, – деді Салтанат Дәртайқызы.

Сапарға қатысушылар кеш бата Шет ауданындағы Талды ауылынан сегіз шақырым қашықтықта орналасқан «Қаражартас» қорымына да аялдады. Қола дәуірінен сыр шертетін көне мекеннің тарихымен танысып, өткеннің көмбесіне тағы бір үңілдік. Мұнда тарихшы, археолог, Темірғали Аршабеков қазба жұмыстарының барысы мен нәтижелері туралы кеңінен әңгімелеп, археологиялық зерттеулер барысында табылған құнды жәдігерлерге тоқталды.

– Бұл нысан қола дәуірінің соңғы кезеңіне тиесілі маңызды тарихи жәдігер. 2016 жылы белгілі тарихшы, археолог Игорь Кукушкин бастаған зерттеушілер бұл жерде алғашқы қазба жұмыстарын жүргізген. Алғашқы кезеңде ескерткіштің құрылысы мен ерекшеліктері толық айқындалмай, барлық жұмыстар айналма сипатта жүргізілген болатын. Алайда, кейінгі қазба жұмыстары кезінде бұл құрылыстың нақты пирамида екені дәлелденіп, бір жылдан соң оның маңызы мен сыры толығымен ашыла түсті.

Қазба жұмыстары барысында бұл жерден екі адамның қатар қойылған сүйектері, алтын бұйымдар, әртүрлі сүйектер мен еңбек құралдары, қару-жарақтар табылды. Шамамен бұдан үш мың жыл бұрын, яғни, қола дәуірінің соңғы кезеңінде бұл аймаққа жергілікті қауым өкілдері жерленген. Қаратас пирамидасы – археологиялық парктің ең басты әрі маңызды нысанының бірі. Бұл ескерткіштің биік төбеде орналасуының өзі оның сол замандағы ең ірі әрі ерекше элитарлық ақсүйектерге арналған кесене болғанын аңғартады.

Зерттеу жұмыстары көрсеткендей, байырғы дәуірден бастап, ақсүйектер мен көсемдер дүниеден өткенде, оларды жерлеу рәсімінің әрбір кезеңі осы Нұра өзенінің бойында жүзеге асқан. Сондай-ақ, осы өңірде Сақ және Патша қорғандары, Талды қорымы және басқа да бірнеше ірі қорымдар мен обалар орналасқан. Бұл ескерткіштердің барлығына бірнеше жыл қатарынан Қарағанды университетінің Тарих факультеті мен «Сарыарқа» археологиялық институтының археологтары қазба жұмыстарын жүргізген. Қазба жұмыстары аяқталғаннан кейін бұл тарихи орындар өңіріміздегі ерекше маңызға ие этноархеологиялық туристік маршруттардың біріне айналып отыр, – деді Темірғали Аршабеков.

Осылайша, тарихи орындарды аралап, өлкенің бай мұрасымен танысқан «Елтану» экспедициясы Қарағандыға қарай жолға шықты. Сапар тәмамдалды. Ал, таным тоқтаған жоқ. Көне мекендерден түйген тағылым мен туған жер тарихына деген қызығушылық көңілде жалғасып жатты. Тарихи таным тереңдеп, туған жердің қадірі арта түскендей. Сапардың шын нәтижесі де – осы еді.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Қарағанды-Ақтоғай-Талдыбейіт-Қаратал-Шет-Қарағанды

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button