«Отбасы күні»АймақБас тақырып

Ұлағат ұялаған Кернебаевтар әулеті

Қарқаралының қасиетті топырағынан тамыр тартқан Кернебаевтар әулеті облыстық «Мерейлі отбасы» байқауында 26 отбасының арасынан топ жарып, бас жүлдені иеленді. Өздері бірнеше буын бойы еңбек пен білімді, береке мен бірлікті ту еткен қарашаңырақ. Әулеттің отағасы Сапар Алдоңғарұлы мен отанасы Несібелді Мәкенқызының Қарқаралыда көтерілген шаңырағы бүгінде ғылымға ұмтылған, білімге құштар, ұлттық құндылықты қастерлеген өнегелі әулетке айналды.

Суреттер кейіпкердің отбасылық мұрағатынан

Сапар Алдоңғарұлы – өмірін адал еңбекке арнаған шежірелі өлкенің қарапайым перзенті. Өсімдікті қорғау саласында ұзақ жыл басшылық қызмет атқарды. Агроном болып, астық тапсырудың бесжылдық жоспарын асыра орындағаны үшін Талды ауданы бойынша алғашқылардың бірі болып автокөлікпен марапатталғаны – ерен еңбектің нәтижесі.

Жары Несібелді Мәкенқызы да Қарқаралының білім мекемелерінде көп жыл бас есепші болып еңбек етті. 1949 жылы туған қос жүрек 1972 жылы отау құрып, биыл 54 жылды қатар өткеріп отыр. Бес перзент тәрбиеледі. Төрт қыздың ортасында еркелеп өскен еркін ойлы ұл – Айдын. Қазір бес перзентінен 11 немере, 3 шөбере сүйген ахарлы-шахарлы әулет.

Бүгінде сол киелі қарашаңырақтың түтінін түтетіп отырған Айдын Сапарұлы – философия докторы, қауымдастырылған профессор, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің жетекші ғылыми қызметкері, кәсіпорын экономикасы және менеджменті кафедрасының доценті қызметін атқарады.

Ғалымның зерттеу тақырыбы да әке жолымен сабақтас. Ауыл шаруашылығы, агроөнеркәсіптік кешен, экономиканы жаңғырту. Айдын Сапарұлының ғылыми ізденісінің өзегі. Сапар ақсақалдың маңдай терімен қалыптастырған өнегесі мен ұлағаты ұлының ғылымдағы ізденісіне ұласқан.

Сонымен бірге, Айдынның жары Айжан да білім саласында өзіндік жолын қалыптастырған. Он бес жылға жуық Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде еңбек еткен. Қазір Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты. Докторлық диссертациясын өңірдегі ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру тақырыбына арнап отыр.

1986 жылы дүниеге келген Айдын мен Айжан 2007 жылы шаңырақ көтерген. Бүгінде жиырма жылға жуық отбасылық өмірдің жемісі – бес бала. Бір үйде үш буынның жарасымды тіршілігі де осы шаңырақтың басты байлығы.

Тұңғыштары Альтаир – әкесінің ғылымға деген жолын жалғастырғысы келетін зерделі жас. Биологиядан облыстық олимпиадалардың үш дүркін жеңімпазы.

Үлкен қызы Алиана Назарбаев Зияткерлік мектебінде білім алып, орыс тілінен қалалық олимпиадалардың жүлдегері атанған. Кіші қызы Ханшайым Әлихан Ермекұлы атындағы лицейдің алтыншы сыныбын аяқтап, биыл жоғары нәтижемен Назарбаев Зияткерлік мектебіне қабылданды. Ал Әбухайыр мектеп табалдырығын алғаш аттады.

2025 жылы дүниеге келген бесінші перзентіне Дінмұхаммед деген есім берілді. Бұл – «Дінмұхаммед Қонаевтай қайраткер әрі әнші Димаш Құдайбергендей дара болсын!» деген ата-ананың ақ тілегі.

Балалардың әрқайсысы – өзінше бір әлем. Бірі ғылымға ұмтылса, бірі спортқа, әнге, биге, суретке, домбыраға жақын. Десе де, бәрін біріктіретін бір дүние бар. Ол – ізденіс. Отбасында білім мен өнер қатар жүреді. «Өнерлі өрге жүзер» дегендей, балалардың өнерге деген талпынысы да отбасының рухани тынысын кеңейтіп тұр. Дастарқан басындағы әңгіме де, үлкеннің батасы да, домбыраның үні де тәрбиенің бір бөлшегіне айналған.

– Біз үшін отбасы бір үйде өмір сүру ғана емес, ол – ортақ арман, өзара қолдау және үздіксіз даму жолы. Балаларымызды адалдыққа, еңбекқорлыққа және мейірімділікке баулимыз. Себебі тәрбиенің ең үлкен мектебі – отбасы, – дейді Айдын Сапарұлы.

Бес баланы тәрбиелеп отырған Айдын мен Айжан мемлекет тарапынан көрсетілетін көпбалалы отбасыларға арналған әлеуметтік қолдаудан да тыс қалған емес. Олар тиісті жәрдемақыны алып отыр. Айдын Сапарұлы мұндай көмектің бала тәрбиесі мен отбасының тұрмысына берер септігін оң бағалайды.

– Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдауға ризамыз. Мұндай көмек көпбалалы отбасылар үшін маңызды. Дегенмен, отбасының ең үлкен тірегі – өз еңбегі, жауапкершілігі мен бірлігі, – дейді ол.

Ал, «Мерейлі отбасы» ұғымын «Бірлігі берік, үлкені өнеге, кішісі ізетті, баласы білімді, шаңырағында мейірім мен сыйластық орнаған, қоғамға пайдасы тиетін отбасы» – деп түйіндейді Айдын Сапарұлы.

Киелі Қарқаралының топырағында еңбек еткен Сапар ақсақал мен Несібелді апаның өнегесі бүгінде ғылымға, білімге, ұлттық тәрбиеге ұласқан. Әулеттің басты мерейі – бірлігі мен сыйластығы, мұрасы – білімге, ғылымға құштар ұрпағы.

Жәлел ШАЛҚАР
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button