Ақтоғайда “Алаш үйі” ашылады
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей Ақтоғай ауданындағы тарихи-мәдени нысандарды аралап, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстармен танысты. Ауданда Алаш мұрасын дәріптейтін жаңа орталық ашылып, Беғазы – Жекежал – Талдыбейіт бағытын туристік маршрутқа айналдыру жоспарланып отыр.

Ақтоғай – Балқаш жағалауынан Қызыларай тауларына дейін созылған, табиғаты көркем әрі тарихы терең өлке. Мұнда Сарыарқаның ең биік нүктесі – Ақсораң шыңы мен тарихы тылсым Бектауата орналасқан. Сондай-ақ бұл өңірден қазақтың біртуар тұлғалары Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев, Күләш Бәйсейітова, Мағауия Хамзин сынды қайраткерлер шыққан.

Әлібек Әлденей сапар барысында алдымен Ақтоғай археологиялық-этнографиялық музейіне барды. 1986 жылы негізі қаланған музейде қола дәуірінен бүгінге дейінгі тарихи жәдігерлер сақталған. Залдардың бірі Алаш арыстарына арналған.

Биыл Алаш қозғалысының көшбасшысы, мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл толуына орай музей жанынан «Алаш үйін» ашу жоспарланып отыр. Жоба «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асады. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау көзделген. Жаңа орталықта Алаш қайраткерлерінің көзі тірісінде жазған хаттары, киген шапандары және тұрмыста пайдаланған заттары көпшілікке ұсынылмақ.
– Биыл Алаш қозғалысының көшбасшысы, көрнекті мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл толуына орай, музей жанынан Алаш үйін ашуды жөн көріп отырмыз. Бұл ойымыз «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге аспақ. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлап отырмыз. Орталықта алып тұлғаларымыздың көзі тірісінде жазған хаттары, иығына жапқан шапандары, тұрмыста қолданған заттары туристер назарына ұсынылады, – деді Әлібек Үсенұлы.

Әлібек Үсенұлының айтуынша, Ақтоғайдағы маңызды тарихи орындардың бірі – қола дәуірінің аса құнды ескерткіші Беғазы кешенін мәдени-танымдық орталыққа айналдыру көзделіп отыр.

Осы мақсатта тарихи нысандарға апаратын жолдарды жақсарту, навигациялық және ақпараттық белгілер орнату, демалыс орындары, санитарлық тораптар мен автотұрақтар ұйымдастыру жоспарланған.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



