SARYARQA телеарнасы жаңа телемаусымын таныстырды
SARYARQA телеарнасы 2026/2027 жаңа телемаусымын таныстырды. Басты өзгерістер – жаңа студия, эфирдің заманауи безендірілуі және жаңа жобалар.

Негізгі жаңалықтардың бірі – аумағы 45 шаршы метр болатын LED-экран. Оның мүмкіндіктері телевизиялық графикамен, бейнематериалдармен және студиялық бағдарламалардың визуалды безендірілуімен жаңаша жұмыс істеуге жол ашады. Телеарнаның басты ақпараттық бағдарламасы – «Арқа Ақпарат» жаңа келбетке ие болды. Өзгерістер «Апта» қорытынды бағдарламасы мен «Сәлем, Қарағанды!» күнделікті таңғы бағдарламасын да қамтыды. «Сәлем, Қарағанды!» жұмыс күндері тікелей эфирде шығады.

Жаңа маусымда көрерменге «Айтылды, орындалды ма?» / «Сказано – сделано?», «Теле-Дала», «Еңселі Қарағанды» / «Точка притяжения», «Қамқорлық», «Таразыда тәртіп» жобалары ұсынылады. Басты назарда – облыстың дамуы, адамдар, қоғамдық маңызы бар тақырыптар және өңірдегі қызықты бастамалар. «Теле-Дала» мен «Таразыда тәртіп» жобалары телеарнаның цифрлық контентінде көрерменге ұсынылып үлгерді.

Таныстырылымда ұрпақтар сабақтастығына ерекше мән берілді. Қарағанды телевизиясының бастауында тұрған ардагерлер естеліктерімен бөлісіп, жаңа маусымға ақ батасын берді.

SARYARQA телеарнасының тарихы 1958 жылдан бастау алады және арна телевизия ардагерлерімен дәстүрлі сабақтастық байланысын сақтап келеді.

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Үсенұлы Әлденей телеарна ұжымына жаңа маусымда табыс тіледі. «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Еркін Таңатқанұлы Мұхамеджанов телеарнадағы жаңаруларға жоғары баға берді.

Таныстырылымға телеарнаның серіктестері, Астанадан келген бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және қарағандылық әріптес журналистер де қатысты.

SARYARQA-ның жаңа телемаусымы цифрлық дәуір рухына сай символдық түрде басталды – үлкен LED-экранда лента виртуалды түрде қиылды.

Осылайша телеарна өз тарихының жаңа парағын ашты.
Материалды әзірлеген
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ



