Нұржан Нұржігітов Су ресурстары және ирригация министрі қызметіне қайта тағайындалды
Нұржан Молдиярұлы Нұржігітов Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі лауазымына қайта тағайындалды. Тиісті жарлыққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұржан Молдиярұлы Нұржігітов Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі лауазымына тағайындалды», – делінген хабарламада.
Нұржан Нұржігітов 1967 жылы туған. 1991 жылы Ленинград ауыл шаруашылығы институтын «инженер-механик» мамандығы бойынша, 2008 жылы Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетін «экономика» мамандығы бойынша тәмамдаған. Техника ғылымдарының кандидаты, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің құрметті профессоры.
Еңбек жолын 1991 жылы Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы Максим Горький атындағы колхозда механик болып бастаған. Кейін ауыл шаруашылығы саласында және жергілікті атқарушы органдарда түрлі қызметтер атқарды.
2018-2019 жылдары Жамбыл облысы әкімдігінің Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болды. 2019-2021 жылдары Байзақ ауданының әкімі, 2021-2022 жылдары Жамбыл облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Ал 2022-2023 жылдары Жамбыл облысының әкімі болды.
2023 жылғы 4 қыркүйекте Нұржан Нұржігітов жаңадан құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігін басқарды. Содан бері ведомство басшысы қызметін атқарып келеді.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



