Бас тақырыпЖаңалықтар

Өреміз көрерменнің ықыласымен өлшенеді

Телеарнаның жаңа маусымы дегенде ең әуелі көрерменмен сөйлесудің мәнері, тақырыпқа үңілудің тереңдігі өзгеруге тиіс. Облыстық «SARYARQA» телеарнасы 2026-2027 жылдардағы маусымды дәл осындай талаппен бастап отыр.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Арнаның техникалық тынысы кеңейіп, эфирге бірнеше жаңа жоба жол тартпақ. Бірақ, өзгерістің өзегі – техниканың мүмкіндігінде емес, мазмұнда. Телеарна директоры Жұрағат Баманұлымен жаңа маусымның жаңалығы, аудан мен ауылдың эфирдегі орны, көрермен сенімі және өңірлік журналистиканың бүгінгі цифрлық дәуірдегі мүмкіндігі туралы әңгімелестік.

– Жұрағат Баманұлы, жаңа маусымның шымылдығы түрілгелі тұр. Көрермен экраннан ең алдымен қандай өзгерісті аңғарады?

– Ең алдымен, арнаның жаңарғанын сезінсе дейміз. Мұны жаңа студиямен немесе безендірумен ғана өлшеуге болмайды. Біз үшін басты өзгеріс – эфирдің ырғағы, тақырыпты таңдау, материалды ұсыну және көрерменмен сөйлесу тәсілі.

Техникалық мүмкіндігіміз де кеңейді. Үлкен павильонға 45 шаршы метрлік LED-экран орнатылып, жарық жүйесі жаңарды, жаңа графика әзірленді. «Арқа-Ақпарат» бағдарламаларының да экрандағы кескін-келбеті өзгереді.

Әйткенмен, үлкен экран өздігінен жақсы бағдарлама жасап бермейді. Экранға жан бітіретін – адам. Сондықтан, жаңа техниканы терең мазмұнға қызмет еткізуіміз керек. Көрермен үшін ең маңыздысы да – осы.

– Телеарна тізгінін былтыр қарашада ұстадыңыз. Бұл – өз командаңызбен әзірлеген алғашқы толық маусым. Ең алдымен нені өзгерткіңіз келді?

– «Келем де, бәрін өзгертіп жіберемін!» деген ой болған жоқ. «SARYARQA»-ның өз тарихы, мектебі, қалыптасқан дәстүрі бар. Бұл жерде талай мықты журналист, оператор, режиссер еңбек етті. Сол негізді жоғалтпай, бүгінгі телевизияның талабына бейімделу маңызды болды.

Бір нәрсе – анық. Қазіргі көрермен «аймақтық арна ғой» деп бізге жеңілдік жасамайды. Ол біздің өнімді республикалық телеарналармен ғана емес, YouTube һәм әлеуметтік желідегі дүниелермен де салыстырады. Демек, өзімізге қоятын талабымыз да соған сай болуы керек.

– Сонда бүгін «SARYARQA»-ның басты бәсекелесі кім?

– Көрерменнің уақытына таласып жүргендердің бәрі – біздің бәсекелесіміз. Бұрын телеарналар бір-бірімен бәсекелесетін. Қазір адамның қолында смартфон бар. Бір сәтте жаңалық оқиды, бейне көреді, әлеуметтік желіге кіреді. Оған «міндетті түрде бізді көр» деп бұйыра алмаймыз. Көзі қарақты көрерменге бізді өзі іздеп, өзі таңдайтындай дүние ұсынуымыз керек.

Телевизияның басты артықшылығы – кәсіби журналистика. Ақпаратты жай жеткізу аз, оны тексеру, түсіндіру, лайықты кейіпкер табу, мәселенің адам өміріне қалай әсер еткенін көрсету қажет. Ал, цифрлық платформалардан жылдамдықты, ықшамдықты және жаңа визуалдық тілді үйренген жөн.

– Жаңа маусымда осы талапты арқалайтын қандай жобалар бар?

– Жобаларымыздың бағыты әртүрлі. «Айтылды – орындалды ма?» бағдарламасында бір мәселені көтеріп қана қоймай, оның соңына дейін бармақпыз. Берілген уәде орындалды ма, қабылданған шешімнен нақты нәтиже шықты ма, соны тексереміз. Көрерменге басталған әңгіменің немен аяқталғанын көрсету маңызды.

«Точка притяжения» хабары облыс жұртшылығын маңайына топтастырып, қызығушылық тудырып жүрген орындар, кәсіпорындар, өнімдер мен идеяларды таныстырады. Ал, «Еңселі өлке» аймақтың тарихын, жетістігін және әлеуетін бүгінгі көзқараспен қайта зерделейді.

Бұрыннан келе жатқан бағдарламалар да бір орнында қалмайды. Біз үшін жаңа атаулардың санын көбейту емес, таныс тақырыпқа тың көзбен қарап, көрерменге жаңа ой ұсыну маңызды.

– Облыстың аудандары мен шалғай ауылдары эфирден қаншалықты көрінеді?

– «SARYARQA» бір қаланың арнасы емес. Оның экранынан тұтас облыстың тынысы сезілуге тиіс. Қызық кейіпкер де, жақсы бастама да, шешімін күткен мәселе де облыс орталығында ғана өмір сүрмейді.

Сондықтан, «Теле-Дала» жобасын іске қостық. Арнайы безендірілген көлік қарапайым қатынас құралы емес, жол үстіндегі жылжымалы телевизиялық алаң болмақ. Түсірілім тобы қала-аудандарды, ауылдарды аралайды. Бұл жобаның маған ұнайтыны «Кейіпкер бізге келмесін, біз кейіпкерге барайық!» деген бір қағидасы бар. Эфирдің елге жақындайтын жолы да – осы.

– Жаңалықтың соңынан жүріп, жетпіс жылға жуық тарихтың көмескіде қалып қою қаупі жоқ па?

– Жоқ. Ол тарих бізбен бірге жүреді. «SARYARQA» телеарнасының архиві – Қарағанды облысының бейнеге түскен шежіресі. Қалалардың қалай өзгергені, өндіріс пен шахталардың тынысы, мәдениет пен спорт, белгілі тұлғалар мен қарапайым еңбек адамдарының өмірі – бәрі сол алтын қорда сақтаулы.

Ендігі міндет – архивті жүйелеп, цифрландырып, ең құнды дүниелерін бүгінгі көрерменге қайта ұсыну. Арнаның кәсіби мектебін қалыптастырған ардагерлеріміздің еңбегі де ұмытылмайды. Жаңару – өткенді өшіру емес, сол берік іргетастың үстіне жаңа қабат қалау.

– Аймақтың басты арнасы үшін қайсысы маңызды, рейтинг пе, қоғамдық міндет пе?

– Екеуін бір-біріне қарсы қоюдың қажеті жоқ. Рейтинг керек. Өйткені, бізді ешкім көрмесе, айтқан сөзіміз кімге жетеді? Бірақ, көрермен жинаймыз деп арзан сенсацияның соңына түсуге болмайды.

Маңызды тақырыпты да тартымды беруге болады. Мәселе – оның тілін табуда. Мәселен, ресми ақпаратта «пәлен миллиард теңге бөлінді, пәлен шақырым жол жөнделеді» деп айтылады. Ал, журналист сол қаражат пен жұмыстың нақты бір адамның тіршілігін қалай өзгертетінін көрсетсе, көрермен оны бірден қабылдайды. Біздің міндет – күрделі нәрсені одан әрі күрделендірмей, адамға түсінікті етіп айту.

– Ал, жақсы журналисті өзгеден даралайтын қасиет не?

– Қызығушылық. Журналист өзі елең етпеген тақырыпқа көрерменді де еліктіре алмайды. Сұрақ қоя білу, жауапты тыңдау, жұрттың көзіне түсе бермейтін детальді байқау – кәсіптің өзегі осы.

Қазір журналист камераға түсіреді, монтаж жасайды, әлеуметтік желіге де бейімделе алады. Мұның бәрін үйренуге болады. Бірақ, телевизияның командалық еңбек екенін естен шығармау керек. Көрермен экраннан тілшіні көреді, ал, кадр сыртында оператор, режиссер, редактор, инженер, монтажер және дыбыс маманы тұр. Бір адамның шеберлігі тұтас команданың еңбегін алмастыра алмайды.

– Арна сигналы облыс шекарасынан тыс жерге де жетеді. Қарағандының телеарнасы өзге өңірдің көрерменін несімен қызықтыра алады?

– Сигналдың жетуі бір бөлек те, адамның арнаны арнайы іздеп көруі бір басқа. Сол себепті, «Бүкіл Қазақстан бізді көруге тиіс» деген жасанды міндет қоймаймыз.

Дегенмен, Қарағанды облысында республикаға ортақ тақырып аз емес. Көмір мен металлургия, ғылым, мәдениет, спорт, Балқаш пен Қарқаралының туризмі, тарихи тұлғалар, жаңа өндірістер, еңбек адамдарының тағдыры – мұның бәрі бір өңірдің шеңберінде қалатын әңгіме емес. Тақырып өзекті, кейіпкер мықты, материал сапалы болса, оның географиясы шектелмейді.

Біздің амбициямыз да – осы. Аймақтық телеарна бола отырып, сапа жағынан аймақтық шеңберде қалып қоймау.

– Демек, «аймақтық арна үшін жаман емес» деген баға Сізді қанағаттандырмайды ғой…

– Қанағаттандырмайды. Өйткені, ол сөздің ішінде жеңілдік бар. Көрерменнің «аймақтық арна үшін жақсы екен» дегенін емес, жай ғана «Бұл – жақсы телеарна!» дегенін қалаймын.

Бір жылдан кейін осы маусымға қандай өлшеммен баға бересіз?

– Студияның әдемілігімен немесе ашылған жобалардың санымен емес, көрерменнің ықыласымен өлшеймін. Бізді бұрынғыдан көбірек көре бастады ма? Айтқанымызға сене ме? Материалдарымыз талқылана ма? Кейіпкерлеріміз есте қала ма? Көтерген мәселемізден нәтиже шықты ма? Негізгі өлшем – осы.

«SARYARQA» – кенді өлкенің басты телеарнасы. Бірақ, бұл бір рет беріліп, мәңгі сақталатын мәртебе емес. Оны күн сайын дәлелдеу керек. Маңызды оқиға болса – біз сонда болуға, мәселе туса – ашық көтеруге, жақсы жаңалық болса – жарқыратып көрсетуге тиіспіз. Аймақ мақтанатын дүние болса, оны елге таныту – міндетіміз.

Біздің қарапайым қағидамыз бар. Облыстың басты арнасында басты әңгімелер айтылуға тиіс!

– Уақыт тауып, тұшымды әңгіме өрбіткеніңіз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан
Жәлел ШАЛҚАР

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button