АймақБас тақырып

Биылғы жаңа оқу жылында 4,1 млн бала мектепте білім алады

2026–2027 оқу жылында Қазақстандағы 8 мыңнан астам мектепте 4,1 млн бала білім алады. Оның ішінде 380 мыңнан астам оқушы алғаш рет 1-сынып табалдырығын аттайды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінде айтылды.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде жаңа оқу жылы қарсаңында 62 мың оқушы орнына арналған 57 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Жаңа білім беру нысандарының ашылуы қолданыстағы мектептердегі жүктемені азайтып, балалардың заманауи жағдайда білім алуына мүмкіндік береді.

– Жаңа мектептердің ең көбі Алматы қаласында, Батыс Қазақстан, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе және Түркістан облыстарында ашылды. Оларда сапалы білім алуға, спортпен шұғылдануға, сондай-ақ оқушылардың шығармашылық және техникалық дағдыларын дамытуға қажетті барлық жағдай жасалған, – делінген Оқу-ағарту министрлігінің хабарламасында.

Сонымен қатар апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін шешу жұмыстары жалғасып жатыр. Жаңа нысандардың құрылысы Арнаулы мемлекеттік қордың, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының, жергілікті бюджеттердің қаражаты және тартылған жеке инвестициялар есебінен жүргізілуде.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 1300 мектепті реновациялау бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бағдарлама аясында мектеп ғимараттары мен олардың материалдық-техникалық базасы жаңартылып, қауіпсіздік деңгейі күшейтіледі және заманауи білім беру ортасы қалыптастырылады.

Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button