Асығы алшысынан түсті
Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында асық атудан ересектер арасында республикалық ашық турнир өтті. Дүбірлі додаға еліміздің әр өңірінен 60-тан астам спортшы қатысып, бақтарын сынады. Турнирде Бұқар жырау ауданынан барған Ержан Солтан күміс жүлдеге ие болса, Шет ауданының мергені Айбек Шерікбай турнирдің «Үздік ойыншысы» атанды.

Айта кетейік, дүбірлі додаға Ұлытау облысынан бөлек, Қарағанды, Абай, Павлодар, Жамбыл облысы мен Астана қаласынан келген мергендер қатысты. Турнир олимпиадалық жүйе бойынша ұйымдастырылған. Яғни, жеңілген спортшы жарыс жолынан шығып, жеңімпаздар келесі кезеңге жолдама алып отырды.
Жерлесіміз Ержан Солтан ақтық сынға дейін бес қарсыласын жеңіп, шешуші бәсекеде Жамбыл облысының спортшысымен кездесті. Кездесудің бірінші айналымында қарсыласынан 8:5 есебімен жеңіліп қалса, екінші кезеңде Ержан есе қайтарып, 8:3 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, жалпы есеп теңескен.
Өкінішке қарай, үшінші кезеңде жамбылдық мерген небәрі екі асық айырмасымен жеңіске жетіп, турнир жеңімпазы атанды.
– Бұл сайыста «Үздік ойыншы» аталымының иегері өзгеше тәсілмен анықталды. Мәселен, ойынға жалпы жеті минут уақыт беріледі. Осы уақыт аралығында ортадағы сегіз асықты шеңбер сыртына кім неғұрлым аз уақытта шығарса, сол спортшы «Үздік ойыншы» атанады.
Қатысушылардың дені бұл тапсырманы үш, тіпті, екі минут шамасында орындады. Ал, Айбек сегіз асықты небәрі 1 минут 40 секундта шеңберден шығарып, турнир рекордын жаңартты. Жарыс соңына дейін ешбір спортшы оның көрсеткішін қайталай алмады.
Ал, Ержанның бұл турнирде асығы алшысынан түсті. Небір мықты қарсыластарымен сынға түсіп, ақтық кезеңге дейін жетті. Финалдық бәсекеде сәл ғана сәттілік жетіспеді деп ойлаймын. Дегенмен, оның күміс жүлдеге қол жеткізуі – үлкен жетістік, – деді Бұқар жырау ауданының «Арлан» спорт клубының жаттықтырушысы Айдар Қабыкенов.

Турнир қорытындысы бойынша Жамбыл облысының мергені топ жарса, Ержан Солтан күмісті місе тұтты. Ал, павлодарлық мерген үздік үштікті түйіндеді.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



