Жаңалықтар

Еңбекке көрсетілген құрмет

Қарағандының көмір өндірісі талай әулеттің тағдырымен біте қайнасқан. Өндірістегі әлеуметтік қолдау тек жалақымен, бір реттік төлеммен шектелмейді. Ол қолдау еңбек жағдайы, денсаулық, демалыс, материалдық көмек және сала ардагерлеріне көрсетілетін құрметті қамтиды.

Сурет «Qarmet» телеграмм каналынан

«Qarmet» АҚ-ның баспасөз қызметінің дерегінше, бүгінде «Qarmet» қызметкерлерінің әлеуметтік кепілдіктері ұжымдық еңбек шарт пен Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы негізінде сақталып отыр. Компания мен «Қорғау», «Жақтау» кәсіподақтары арасындағы келісімдер еңбек ұжымының тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Қызметкер үшін ең маңызды мәселенің бірі – еңбекақы. Qarmet-те жалақыны индексациялау тәртібі бекітілген. Соған сәйкес, 1 қаңтардан бастап сағаттық тарифтік мөлшерлемелер мен айлық лауазымдық жалақылар жыл сайын 4,5 пайызға индекстеледі. Әлеуметтік міндеттемелер қатарында материалдық көмек көрсету де бар. Мәселен, 2025 жылы болат және көмір департаменттерінің, «Құрылысмет» және «Qarmet Service» қызметкерлері арасындағы кәсіподақ мүшелеріне біржолғы материалдық көмек төленді. Ұжымдық шартта қызметкерлердің түрлі жағдайдағы әлеуметтік қажеттіліктеріне арналған басқа да кепілдіктер қарастырылған.

Әлеуметтік мәселелердің шешімін табу көбіне жұмыс беруші мен кәсіподақ арасындағы келіссөзге байланысты. «Қорғау» Көміршілер кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев жаңа ұжымдық шартты әзірлеу барысында кеншілер үшін маңызды мәселелердің кеңінен талқыланғанын атап өткен. Олардың қатарында еңбекақы, жеңілдікті тұрғын үй бағдарламасы, «Жартас» шипажайы мен «Шахтер» демалыс үйін ретке келтіру, сондай-ақ, арнайы әлеуметтік төлем мәселелері бар. Кәсіподақ үшін басты міндет – шахтадағы еңбек адамының мәселесін келіссөз үстеліне шығарып, оның шешілуіне ықпал ету.

Әлеуметтік саясаттың тағы бір ерекшелігі отбасын да назардан тыс қалдырмауы. «Qarmet» АҚ басқарма мүшесі – қаржы және стратегиялық даму жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары Зәуре Заурбекова жаңа ұжымдық шартта қызметкерлер мен олардың отбасыларын қолдауға бағытталған шаралар қамтылғанын айтқан.

– Құжатта қызметкерлер мен олардың отбасыларын қолдаудан бастап, еңбек жағдайларын жақсарту, медициналық қолдау, кадрлық әлеуетті дамыту, әлеуметтік кепілдіктер және тағы басқа көптеген бағыттар қамтылған, – дейді Зәуре Заурбекова.

Бұл сөздің астарында қарапайым еңбек адамының күнделікті өміріне қатысты мәселелер жатыр. Қызметкердің тұрақтылығы оның отбасының жағдайымен де тікелей байланысты. Кенші еңбегінің ауырлығын ескерсек, денсаулықты қалпына келтірудің маңызы зор. Осы бағытта «Qarmet» қызметкерлерін сауықтыру бағдарламалары жалғасып келеді. Кеншілерге «Шахтер» демалыс үйі мен санаторийі, «Жартас» демалыс орны ұсынылады. Бұдан бөлек, Балқаш пен Бурабайдың курорттық аймақтарына да жолдамалар беріледі. Қазір аталған әлеуметтік нысандарды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Мұндағы мақсат – қызметкерлер мен олардың отбасыларына демалып, денсаулығын қалпына келтіруге қолайлы жағдай жасау.

Әлеуметтік қолдаудың үлкен бағдарламалардан бөлек, қарапайым тұрмыстық жағдайдан басталатыны бар. Комбинатта іске асырылып жатқан «Гигиена» бағдарламасы осыған бағытталған. Бағдарлама аясында шахталардағы монша және әжетхана бөлімдері қалыпқа келтіріліп жатыр. Сырт көзге ұсақ көрінгенімен, шахтадағы жұмысшы үшін күнделікті өмірдің маңызды бөлігі. Ауысымнан кейін жуынып, тынығып, қалыпты тұрмыстық жағдайға оралу – еңбек мәдениетінің де бір көрсеткіші.

Кен өндірісінде еңбек еткен аға буынның орны бөлек. Бүгінгі өндірістің қалыптасуына олардың жылдар бойғы еңбегі негіз болды. Сала ардагерлеріне көрсетілетін қолдау да әлеуметтік саясаттың бір бөлігі болып отыр. Ардагерлер үшін сауықтыру бағдарламалары, түрлі әлеуметтік шаралар ұйымдастырылады. Олармен бірге спорттық және ауқымды іс-шаралар өткізіліп, еңбек жолын кейінгі буынға насихаттау жұмыстары жүргізіледі. Qarmet-тің әлеуметтік міндеттемелерінде жұмыс істемейтін зейнеткерлер мен олардың жұбайларына «Шахтер», «Жартас» және «Самал» нысандарына жеңілдікті жолдамалар беру мүмкіндігі де қарастырылған. Ардагер кеншілердің басын қосатын қоғамдық бірлестік те бұл бағыттағы жұмыстарға атсалысып келеді.

«Qarmet», «Қорғау» және «Жақтау» кәсіподақтарының әлеуметтік міндеттемелерді сақтау жөніндегі келісімінде жұмысшының жалақысы, отбасының жағдайы, денсаулығы мен ертеңге деген сенімі тұр. Өндірістік қуатты жаңғырту, технологияларды жаңарту, қауіпсіздікті арттыру жұмыстары әлеуметтік тұрақтылықпен қатар жүреді. Бүгін шахтаға түсіп жүрген жұмысшы да, ондаған жыл бұрын қара көмірдің ортасында еңбек еткен ардагер де осы құрметке лайық.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button