Жаңалықтар

Дәуірдің жаңа парағы ашылды

Еліміздің саяси тарихында жаңа белес басталды. Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші сессиясы ашылды. Бір палаталы жаңа заң шығарушы органның жұмысқа кірісуі – елдің саяси жүйесін жаңғырту жолындағы тарихи оқиға. Президент те бұл күнді мемлекеттің саяси жүйесі жаңаратын маңызды кезең ретінде бағалады.

Сурет Ақордадан

Сессияға Құрылтай құрамына өткен 145 депутат қатысты. Олар елдің тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, Конституция мен заңдарға адал қызмет етуге салтанатты түрде ант қабылдады. 23 тамыздағы сайлау қорытындысы бойынша бес партия 5 пайыздық межеден өтіп, Құрылтайдан орын алды. «Әділет» партиясы 110 мандат иеленсе, «Ауылға» – 10, Respublica партиясына – 9, «Ақ жолға» – 8, ЖСДП-ға – 8 мандат берілді.

Құрылтайдың алғашқы отырысында Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформаның тарихи маңызына тоқталды. Президенттің айтуынша, жаңа заң шығарушы орган елдегі саяси өзгерістердің маңызды бөлігіне айналады.

– Бұл – мемлекетіміздің саяси жүйесінің жаңару үдерісі дәл осы күннен бастау алады деген сөз. Төл тарихымызға зер салсақ, Құрылтайда мемлекеттік маңызы бар мәселелер кеңінен талқыланып, ортақ шешімдер қабылданған. Бұл институттың жаңа кезеңде де жөні бөлек болары анық. Себебі, Құрылтай билік жүйесін түбегейлі жаңғыртады, бүкіл мемлекеттік аппараттың жұмысына тың серпін береді. Құрылтай ұлттық заңнама сапасын арттыру арқылы еліміздің құқықтық негізін нығайта түседі. Осы тарихи миссияны атқару сіздерге жүктеліп отыр. Құрылтайдың бірінші шақырылымының депутаты болу – ең алдымен, ерекше сәт. Бұл – үлкен бақыт деп айтсақ қате болмас, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Құрылтайға кең ауқымды өкілеттік берілгенін атап өтті. Жаңа орган заңдар мен конституциялық заңдарды қабылдайды. Сондай-ақ, атқарушы және сот билігін қалыптастыруға қатысады. Конституциялық сот пен Жоғары сот судьяларына қатысты бірқатар өкілеттігі бар. Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджет туралы есептерін бекітеді. Үкіметке сенімсіздік білдіру құқығына да ие.

Президент заң шығару сапасына ерекше мән берді. Оның айтуынша, жаңа Конституция талаптарына сәйкес, қолданыстағы заңнаманы жаңарту қажет. Заңдар халыққа түсінікті, әділетті және заман талабына сай болуы тиіс. Осы жұмыста жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға болады.

Сонымен бірге, Президент ел экономикасындағы өзгерістерге де тоқталды.

– Индустрияландыру қарқын алып, экономиканың жаңа өндірістік негізі айқындалып келеді. Мемлекет және шетелдік инвесторлар құйған қомақты қаржының нәтижесінде барлық өңірде жаңа өндіріс нысандары мен мыңдаған жұмыс орны ашылып жатыр. Қазақстанда халық тұрмысы мен экономикалық өсім үшін аса қажетті коммуналдық, көлік, энергетикалық және су инфрақұрылымдарын жаңғырту үдерісі басталды, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Құрылтайдың алғашқы құрамына үлкен жауапкершілік жүктелетінін айтты. Депутаттар халықтың сенімін ақтап, мемлекет мүддесіне адал қызмет етуі керек. Ал, жаңа заң шығарушы орган елдегі реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге тиіс.

Сессия барысында Президент Вице-президент пен Премьер-Министрдің кандидатураларын Құрылтайдың құрылымы толық қалыптасқаннан кейін ұсынатынын мәлімдеді. Үкімет жаңа құрам бекітілгенге дейін өз міндетін атқара береді.

Қыркүйектің екінші жартысында Халық Кеңесі жасақталмақ. Бұл – елдің этникалық, аймақтық, әлеуметтік және қоғамдық-саяси ерекшеліктерін бір арнаға тоғыстыратын жаңа жоғары консультативтік орган.

Құрылтайдың алғашқы сессиясында оның басшылық құрамы да жасақталды. Президент ұсынған Айбек Дәдебай Құрылтай төрағасы болып сайланды. Оның орынбасарлары Нұрлан Бекназаров, Дәния Еспаева және Динара Зәкиева болды.

Сонымен қатар, сегіз комитет құрылып, олардың төрағалары сайланды. Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетін Серік Егізбаев, Әлеуметтік даму комитетін Асхат Аймағамбетов басқарады.

Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетіне Үнзила Шапақ, Қаржы және бюджет комитетіне Ольга Перепечина төрағалық етеді.

Ал, Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитетінің төрағасы – Әмірбек Оспанбеков. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетін Марат Қожаев, Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетін Дархан Ахмедиев, Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитетін Наталья Годунова басқарады.

Жәлел ШАЛҚАР
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button