Президент: “Құшақтасып амандасу дәстүрге айналмауы керек”
Президент қоғамдағы амандасу және өзара қарым-қатынас мәдениетіне қатысты пікір білдірді. Мемлекет басшысы көпшілік алдында құшақтасып, сүйісіп амандасу үрдісінің кең тарауына назар аударып, қарым-қатынас әдебін ұлттық дәстүрге жақындату қажеттігін айтты,деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысының сөзінше, мұндай көріністер тек жастар арасында емес, аға буын өкілдері мен әскери қызметшілер арасында да байқалып жүр.
«Ер адамдардың бір-бірін құшақтап, сүйгені, әйелдердің ер адамдарды, ер адамдардың әйелдерді сүйіп амандасқаны жараспайды. Мұндай әдет бұрын салтымызда болмаған. Тіпті әскери формадағы адамдар мен генералдар да бір-бірін құшақтай бастады. Мұны қалай түсінуге болады?» – деді Президент.
Мемлекет басшысы бұл мәселені заңмен шектеу туралы емес, қоғамдағы қарым-қатынас мәдениетін ұлттық әдеп пен дәстүр негізінде қайта бағалау тұрғысынан көтерді.
Президенттің пікірі қоғамдағы күнделікті әдеттерге қатысты жаңа пікірталасқа түрткі болуы мүмкін. Өйткені амандасу да кейде бір елдің мәдени кодының шағын, бірақ көзге анық көрінетін бөлшегіне айналады.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



