«Облыста сайлау барысын 20 халықаралық байқаушы бақылауда»
Қарағанды облысында Құрылтай депутаттарын сайлау қалыпты режимде өтіп жатыр. Сайлау барысы, халықаралық байқаушылардың жұмысы және электоратқа жасалған жағдай туралы Қарағанды облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Қайрат Нұркеновпен шағын сұхбат алдық.

– Қайрат Қаршығаұлы, Қарағанды облысында Құрылтай сайлау қалай өтіп жатыр? Сайлаушылардың белсенділігі қандай?
– Бүгін таңғы сағат 7.00-ден бастап облыстағы барлық 639 сайлау учаскесі белгіленген тәртіппен жұмысын бастады. Азаматтар өздерінің конституциялық құқықтарын жүзеге асырып, дауыс беруге белсенді қатысып жатыр. Орталық сайлау комиссиясының сағат 14.00-дегі мәліметіне сәйкес, Қарағанды облысында сайлаушылардың 62,79% пайызы дауыс беріп үлгерді.
Өңірдегі сайлау процесіне аумақтық және учаскелік комиссиялардың 4 мыңнан астам мүшесі жұмылдырылған. Қазіргі уақытта жағдай тұрақты, дауыс беру процесі қалыпты жүріп жатыр.
– Еліміздегі бүгінгі Құрылтай сайлауының барысын бақылау жұмысына халықаралық байқаушылар да қатысып жатыр. Қарағанды облысында нақты кімдер мониторинг жүргізуде?
– Иә, халықаралық байқаушылардың жұмысы – сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі. Қарағанды облысында ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясының ұзақ және қысқа мерзімді байқаушылары жұмыс істеп жатыр.
Сонымен қатар, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының байқаушылар миссиясынан Олег Сосковец пен Владимир Старобыховский аккредиттелген. ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясының қысқа мерзімді байқаушылары қатарында Микко Йоонас Ваухконен, Лена София Виттке, Беате Эшмент және Александр Клосс секілді халықаралық сарапшылар бар. Сондай-ақ ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының өкілдері де сайлау барысын бақылауда.
Байқаушылар сайлау учаскелеріндегі дауыс беру процесін өз өкілеттіктері аясында бақылап отыр.
– Қазіргі уақытқа дейін заңбұзушылықтар немесе сайлаушылар тарапынан шағымдар болды ма?
– Қазіргі уақытқа дейін ешқандай заңбұзушылық тіркелген жоқ. Сайлау учаскелерінде дауыс беру рәсімі заң талаптарына сәйкес жүргізілуде. Комиссия мүшелері сайлаушылардың тізімдегі деректерін тексеріп, дауыс беру тәртібін түсіндіруде.
Сайлау процесін қоғамдық бірлестіктердің, саяси партиялардың өкілдері, республикалық деңгейде аккредиттелген байқаушылармен қатар, халықаралық байқаушылар да бақылап отыр. Сондықтан, барлық рәсімдердің ашық әрі белгіленген тәртіппен өтуіне баса мән берілуде.
– Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне қандай жағдай жасалды?
– Бұл бағытқа ерекше көңіл бөлдік. Облыста ерекше жағдай жасауды қажет ететін 6245 сайлаушы бар. Дауыс беру күні олар үшін облыс бойынша 143 инватакси қызмет көрсетіп жатыр, оның 15-і арнайы көтергіш құрылғылармен жабдықталған.
Сонымен бірге, 315 сайлау учаскесіне сурдоаудармашылар бекітілді. Сурдоаударма қызметі WhatsApp және Telegram мессенджерлері арқылы онлайн форматта да көрсетіледі. Көру қабілеті бұзылған азаматтар үшін арнайы құралдар қарастырылған.
І топтағы 1725 азаматқа жеке көмекші және инватакси қызметтері ұсынылады. Барлық сайлау комиссияларының мүшелері ерекше қажеттіліктері бар адамдармен жұмыс істеу бойынша арнайы нұсқамадан өтті.
– Дауыс беру әлі жалғасып жатыр. Сайлаушыларға айтарыңыз болса…
– Бүгін – ел өміріндегі маңызды саяси күн. Сондықтан, әр азаматтың өз таңдауын еркін жасап, дауыс беру процесіне қатысуы маңызды. Қарағанды облысында барлық жағдай жасалды. Қазір учаскелер қалыпты режимде жұмыс істеуде.
Дауыс беру аяқталғаннан кейін комиссиялар бюллетеньдерді санауға кірісіп, нәтижелерді заңнамада белгіленген тәртіппен рәсімдейді. Басты міндетіміз – сайлаудың заң талаптарына сай, ашық әрі ұйымдасқан түрде өтуін қамтамасыз ету.
– Уақыт тауып, маңызды ақпараттармен бөліскеніңіз үшін рахмет!
Сұхбаттасқан
Жәлел ШАЛҚАР
«Ortalyq Qazaqstan»



