Бас тақырыпЖаңалықтар

Бүгін – сайлаушы, ертең – сарбаз

Бүгін сайлау бюллетенін ұстаған Қарағанды облыстық әскери-техникалық мектебінің курс тыңдаушылары үш айлық даярлықтан кейін көлік жүргізушісі ретінде әскери қызметке аттанады. Олар Құрылтай сайлауына қатысып, азаматтық таңдауын жасады.

Суреттер автордан

Әскери-техникалық мектептің офицерлері мен ұстаздары тіркелген мекенжайлары бойынша өз сайлау учаскелерінде дауыс берді. Ал, мектепте үш айлық оқу курсынан өтіп жатқан, дауыс беру жасына толған тыңдаушылар Қарағанды индустриалды-технологиялық колледжінде орналасқан №150 сайлау учаскесіне барды.

Әскери-техникалық мектепте 18 жастан асқан жастар үш ай бойы «B», «C» және «C1» санаттары бойынша көлік жүргізудің теориясы мен тәжірибесін меңгереді. Оқу аяқталған соң олар бір жылдық мерзімді әскери қызметке аттанып, әскери бөлімдерде жүргізуші ретінде борышын өтейді.

Мектеп тәрбиешісі Жанна Серікқызының айтуынша, оқу үдерісінде техникалық біліммен қатар тәртіпке, жауапкершілікке және отаншылдыққа ерекше мән беріледі.

– Үш айлық курсқа 18 жастан асқан жас өрендер қабылданады. Олар «B», «C» және «C1» санаттары бойынша көлік жүргізуді үйреніп, әскери жүргізуші мамандығына даярланады. Курсты аяқтағаннан кейін бір жылдық мерзімді әскери қызметке аттанып, алған білімін әскери бөлімдерде қолданады. Сондықтан, біздің міндетіміз жастарға тек көлік тізгінін меңгерту емес. Оларды тәртіпке, табандылыққа, жауапкершілікке және Отан алдындағы міндетін терең сезінуге баулимыз. Бүгін олардың сайлауға қатысып, саналы таңдау жасауы да осы азаматтық тәрбиенің бір көрінісі, – деді Жанна Серікқызы.

Әскери-техникалық мектептегі курс тыңдаушыларының үшеуі ғана 18 жасқа толмаған. Ал, дауыс беру жасына жеткен өрендер өздерінің конституциялық құқығын пайдаланып, №150 сайлау учаскесінде таңдау жасады.

Солардың бірі – Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданынан келген 18 жастағы Дінмұхамед Алимусин. Әскери қызметке аттанар алдындағы үш айлық даярлықтан өтіп жүрген жас сайлаушы бүгінгі саяси науқанның жауапкершілігін терең сезінетінін жеткізді.

– Бүгін өзіме берілген конституциялық құқықты пайдаланып, еліміздің кемел келешегі үшін таңдау жасадым. Әр азаматтың дауысы ел ертеңіне ықпал ететінін түсінемін. Қазір әскери қызметке даярланып жүрмін. Меніңше, Отанға қызмет ету тек әскери борышты өтеумен шектелмейді. Ол ел өміріндегі маңызды оқиғаларға бейжай қарамай, өз ұстанымыңды білдіруден басталады, – деді Дінмұхамед Алимусин.

Бір сөзбен айтқанда, бүгін сайлау учаскесінде азаматтық таңдауын жасаған жас өрендер көп ұзамай әскери сапқа қосылып, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Бюллетень ұстаған бүгінгі жас сайлаушы – ертең ел тыныштығын күзетер сарбаз.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button