Үкі мен бүркіт те қалыс қалмады
Құрылтай депутаттарын сайлау күні Қарағандыдағы сайлау учаскелерінің бірінде көпшіліктің назарын аударған ерекше жағдай орын алды. Дауыс беруге келген тұрғындардың қатарында үкі мен бүркіт те болды.

Ерекше қонақтардың келуі учаскедегі сайлау барысына өзгеше реңк беріп, тұрғындардың қызығушылығын оятты. Көпшілік бұл сәтті телефон камераларына түсіріп, естелік суреттерге түсті.

Ұлттық болмысымызбен тығыз байланысты бүркіт пен қазақ мәдениетінде айрықша орны бар үкінің бір жерде көрінуі де өзіндік символдық мәнге ие болды.

Ал, сайлау учаскесінің жұмысы белгіленген тәртіпке сай, қалыпты жағдайда өтіп жатыр. Терешкова көшесі, 40 мекенжайында орналасқан №7 сайлау учаскесінде 2 мыңнан астам сайлаушы тіркелген.

– Бүгін №7 сайлау учаскесінде Құрылтай депутаттарын сайлау өтіп жатыр. Сайлау тыныш әрі қалыпты жағдайда өтуде. Ешқандай заң бұзушылық жоқ. Жағдай жақсы, сайлаушылар белсенділік танытып жатыр. Бізде 2 мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Сайлаушылардың 60 пайыздан астамы келіп, өз таңдауларын жасайды деп күтіп отырмыз, – деді учаскелік Құрылтай комиссиясының төрағасы Жұмагүл Жолдубаева.
Сонымен қатар, сайлау учаскесінде ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға да жағдай жасалған. Есту және көру қабілеті төмен, сондай-ақ қозғалысы шектеулі сайлаушылар үшін арнайы орындар ұйымдастырылған. Олар арнайы жабдықталған кабиналарда дауыс бере алады.
Аида РАХЫМҚҰЛ
Ortalyq.kz



