ЖаңалықтарБас тақырып

Қарағандыда «Жасыл ел» еңбек маусымы қорытындыланды

Қарағанды қаласында жастардың еңбекке араласуына және туған өлкені абаттандыруға үлес қосуына мүмкіндік беретін «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының XXII маусымы қорытындыланды.

Суреттер “Жасыл Ел” ресми парақшасынан

Салтанатты жабылу рәсімі 21 тамызда Орталық саябақта өтті. Іс-шара Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен, қалалық жастар ресурстық орталығы мен «Жасыл ел» штабының ұйымдастыруымен өткізілді. 

Мерекелік концерт барысында еңбек маусымының нәтижелері қорытындыланып, белсенді жасақ командирлері мен үздік сарбаздар марапатталды. Жастарға арналған концерттік бағдарлама да ұйымдастырылып, кеш қонақтары отандық өнер иелері ADIL мен RaiM-ның өнерін тамашалады.

«Жасыл ел» жобасы жастарды еңбекке баулып қана қоймай, қаланы көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарына тартуға бағытталған. Қарағанды облысында биыл жобаны кеңейтіп, бес мыңнан астам жасты еңбек жасақтарына тарту жоспарланған.

Қатысушылар жаз бойы саябақтар мен қоғамдық аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстарын атқарып, қала көркіне үлес қосты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Жасыл ел» – жастардың еңбекке деген жауапкершілігін қалыптастырып, белсенді өмір салтын ұстануына мүмкіндік беретін маңызды жоба. Оның аясында жас буын алғашқы еңбек тәжірибесін жинап, қоғамға пайдалы іске атсалысады.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button