Көмескі тарихтың көмбесі
Кейде көмескі тарихтың кілті алыс архивтің шаң басқан сөресінен емес, күн сайын табалдырығын аттап жүрген жұмыс орныңнан да табылып жатады. Былтыр Ақтоғай ауданындағы Асылбек кесенесінің қайта жаңғыртылғанын естіп, тұлғаны танып-білуге талпынып көрдік. Әуелгі дерек тым сараң еді. Кесене бар. Асылбек деген есім бар. Бірақ, ол кім болған? Қай кезеңде өмір сүрген? Ел ісінде қандай орны болған?Осы сауалдың ұшы қара шаңырақ, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакция қорында сақталған бір кітаптан шықты. Белгілі өлкетанушы Юрий Попов пен А.А.Алтыновтың «1870-1919 жылдар аралығындағы Қарқаралы, Ақмола уездерінің болыс басқарушылары мен билері» атты еңбегін парақтай отырып, Балқаш болысына қатысты тараудан біз іздеген есімді көзіміз шалды. Сөйтіп, бір ғасырдан астам уақыт бұрынғы ресми тізімнің бір жолы бүгінгі тарихи ізденіске жаңа бағыт сілтеді.

Балқаш болысындағы беделді би
Кітаптағы дерекке сүйенсек, Балқаш болысы 1878 жылы әкімшілік бірлік ретінде құрылған. Оның құрамына Ақсақ, Қалдау, Бораншы, Құланшы және Жуантаяқ руларының жерлері кірген. Болыстың қоғамдық өмірінде елге белгілі адамдардың есімі жиі ұшырасады. Орманбет Байжомартов бірнеше мерзім болыс басқарса, кейін бұл қызмет тізгінін Нарманбет Орманбетов те ұстаған.
Ал, ауылдардағы халық төрешілері, яғни, билер тізіміне үңілгенде №4 ауылға қатысты Бұланбай Байтүриннің есімі қайта-қайта көзге түседі. 1887-1895 жылдар аралығындағы сайлау деректерінде ол бірнеше мәрте аталады. ХІХ ғасырдың соңына таман осы ауылға қатысты тізімнен енді Асылбек Бұланбаев деген жаңа есім шығады.

Попов пен Алтынов еңбегінде 1899-1901 және 1901-1904 жылдардағы сайлау кезеңдері қатар беріліп, Балқаш болысын сол тұста Алдабек Дунин басқарғаны көрсетілген. №4 ауылдың халық билері қатарында Асылбек Бұланбаев пен Қазыбек Байтұриннің есімдері жазылған. Демек, Асылбектің Балқаш болысындағы №4 ауылда сайланбалы халық биі болғаны архивтік деректен аңғарылады.
Патшалық әкімшілік тұсындағы «халық судьясы» атауын бүгінгі сот жүйесімен тікелей салыстыруға болмайды. Дәстүрлі би институтының негізінде қызмет атқарған халық билері ел ішіндегі дау-дамайға, жер, жесір, мал-мүлік мәселелеріне әдет-ғұрып құқығына сүйеніп төрелік айтқан.
Архивтік тізімнен табылған осы бір есімнің соңын ала біз ел арасындағы дерекке де құлақ түрейік деп шештік. Осы сауалдармен белгілі өлкетанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұңғышбай Мұқанға хабарластық.
– Асылбек би төңірегінде халық арасында әлі де аз айтылады. Бұл кісі Балқаш болысында халық биі болып сайланған. Қазіргі Ақтоғай ауданы аумағында кезінде Тоқырауын, Қотанбұлақ, Балқаш болыстары болған. Өзім де Асылбек туралы бұдан өзге мол дерек кезіктіре алмадым. Тоқырауын өзені бойында жерленген. Ұрпақтары қазір Балқаш қаласында тұрады. Солардың арасында Мөлдір есімді ақын ұрпағы бар, – деді Тұңғышбай Мұқан.
Бұланбайдан – Асылбек
Тұңғышбай атамыздың осы бір жөн сілтеуі ізімізді әрі қарай жалғады. Сөйтіп, Балқаш қаласында тұратын ақын Мөлдір Бөлекованы тауып, хабарластық. Ол – Асылбек бидің тікелей ұрпағы екен. Ең қызығы, редакция қорындағы кітаптан байқалған Бұланбай мен Асылбек арасындағы сабақтастық Мөлдір апайдың аузынан жеткен әулет шежіресімен де қабысты. Әңгіме басталған сәттен-ақ ол әулет жадында көздің қарашығындай сақталған құнды естеліктерімен бөлісті.
– Өз уақытында Асылбек бидің әкесі Бұланбай Байтүрин да беделді, қара қылды қақ жарған әділ би болған. «Тура биде туған жоқ» дегендей, небір қиын дауға төрелік айтыпты. Бұланбай қайтыс болған соң «Ат тұяғын тай басар» дегендей, Асылбек те ел ісіне араласып, халық оны би сайлаған. Біздің шежіре бойынша Бұланбайдан – Асылбек, Асылбектен Айтбек пен Тәтибек тарайды. Айтбектен – Иманғалы, одан мен тараймын, – дейді Мөлдір Иманғалықызы.
Асылбек бидің өмірбаянын түгел түгендейтін жазба дерек әзірге табыла қойған жоқ. Бірақ, ұрпақ жадында тұлғаның болмысы мен мінез-құлқын аңғартатын өте қызықты естеліктер сақталған.
– Кезінде көнекөз қарттардан, әкелерімізден бәрін тәтпіштеп сұрап алмағанымызға қазір бармақ тістеймін. Бір естігенім – Асылбек бабамыз дау үстінде шешіліп сөйлегенде, басындағы тақиясы маңдайына қарай тыжырылып түсіп, сөзінің екпінімен қайта төбесіне қонады екен. Үлкендер осы бір көріністі ерекше сүйсініп айтып отыратын, – дейді Мөлдір Иманғалықызы.
Дулыға пішінді күмбез
Тұлға туралы дерек көмескі болғанымен, оның атымен байланысты кесене мамандар назарынан тыс қалмаған.
Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығы ұсынған мәлімет бойынша Асылбек кесенесі ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басына мерзімделеді. Нысан Ақтоғай ауданында, Нарманбет ауылдық округінен жеті шақырым солтүстік-батысқа қарай орналасқан. Оның құрылысшысы мен нақты салыну тарихы дүдамалдау.

Кесене бір камералы. Жоспары дөңгелек, диаметрі – 3,65 метр, қабырғаларының қалыңдығы – 85 сантиметр, жалпы биіктігі – 4 метр. Дулыға тәрізді төбесінің ұшында шағын күмбезше сипатындағы әрлеу элементі бар. Кіреберісі оңтүстік-шығысқа бағытталған. Құрылыс саз ерітіндісіне қаланған шикі кірпіштен тұрғызылған. Ішкі қабырғалар жоғарылаған сайын ішке қарай шығарылып өрілген. Кесенеде араб жазулы эпиграфика да сақталған. Нысанның өлшемдерін 1987 жылы «Қазпроектреставрация» институтының сәулетшілері А.О.Итеновтің жетекшілігімен түсірген.
Былтыр кесенеде реставрациялық жұмыстар жүргізілді. Бұған дейін іргелік бөлігіндегі кірпіштері түсіп, жарық түсетін ойық пен кіреберіс аралығындағы қабырға қабаты опырылған еді. Қалпына келтіру барысында уақыт мүжіген тарихи нысанның сәулеттік қалпын сақтауға басымдық берілді.
Ал, Мөлдір Иманғалықызының айтуынша, әулет ішінде кесененің тұрғызылуына қатысты да әңгіме сақталған.
– Үлкендерден естуімше, бабамыздың бейіті ХХ ғасырдың басында, 1917 жылдардың шамасында салынған. Мұсахан деген ағамыз сол кезде бала болғанын айтып отырады екен. Бейіт тұрғызғанда балшыққа ешкінің майын қосып илесе, кірпіші берік болады деп, сондай тәсіл қолданған деген сөз бар. Асылбек бабамыз дүниеден өтер алдында заманның аумалы-төкпелі екенін сезіп, туысы Туғанбайға «бейітімді сенің атыңмен атайық, әйтпесе мына сұм заман жоқ қылып жіберер» деген екен деген де әңгіме жетті. Бірақ, халық оны бәрібір «Асылбек бидің бейіті» деп атап кеткен. Бабамыздың кесенесіндегі кейінгі құлпытасты Асылбектің екінші ұлы Тәтибектің баласы Әбеубек орнатқан, – дейді ол.
Түйін
Былтыр жаңғырған кесене туралы шағын деректі қаузай бастаған ізіміз осылайша бірте-бірте тереңдей түсті. Әйтсе де, бұл – түгесілген тарих емес. Асылбек бидің нақты өмір сүрген жылдары, №4 ауылдың тарихи қонысы мен араб жазулы құлпытастағы сырлар әлі де терең зерттеуді күтіп тұр. Бәлкім, бүгінгі табылғаны – үлкен шежіренің бір-ақ парағы шығар. Бірақ, ұлт тарихы кейде дәл осындай бір есімнен, бір архивтік жолдан және ұрпақ жадында қалған бір ауыз жылы естеліктен қайта тірілетінін естен шығармау керек.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»



