Толағайлар әулеті
Бір өңірге ғана емес, тұтас елге, тіпті, жаһанға жақсы аты шыққан әулеттер бар. Солардың бірі – Дәрібай Оспановтың әулеті. Дәрібай Оспанов пауэрлифтингтен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Азия мен әлем чемпионаттарында атой салған даңқты спортшы, Қазақстанның Еңбек сіңірген жаттықтырушы. Өзінің ғана емес, әулетінің де даңқы төңірекке тарады. Спорт күні қарсаңында өмір бәйгесінде жүйрік болған өнегелі ғұмыр иесі туралы айтпақпыз.

Дәрібай Оспанов 1949 жылы Шет ауданының Ақадыр кентіндегі теміржолшылар отбасында дүниеге келді. Ғұмырының алғашқы баспалдақтары еңбекпен өрілді. Ата-анасының жолын жалғап, өзі де бүкіл өмірін теміржол саласына арнады. Құрылыс саласында да тер төкті. Аяулы жары Марфуға Татиева екеуі үш баланы дүниеге әкелді.
Ақсақал жас кезінен бастап, зілтемір көтеріп, шыныға бастаған. Бір қызығы – спортта толағай жетістіктерге жеткен Дәрібай Оспанов арнайы спорт мектебінде оқымаған, кәсіби оқу-жаттығу жиындарына қатыспаған. «Бәрі жан қалауымен басталды» дейді ақсақал.
– Ауылымыздың жанынан «Атасу-Алашанькоу» мұнай құбырының құрылысы басталып, соған инженер-геодезист болып орналастым. Содан, далалық жағдайда пауэрлифтингпен айналыса бастадым. Далада жатқан тастарды су құятын бөтелкелерге толтырып, көтердім. Күнделікті жаттығулардың сапасына мән бердім. Өзімді темірдей тәртіпке бағындырдым. Түбінде бір нәтиже шығаруға бекіндім. Жұмыспен қатар алып жүрдім. Шаршаған күндерде де жаттығуға көңіл бөлдім. Кейін жемісін көрдім, – деді Дәрібай Оспанов.
Ғұмырының кейінгі 20 жылында Дәрібай Оспанов талай мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Алғашқы жеңісіне 2010 жылы жетті. Филиппинде өткен Азия чемпионатында 140 келі зілтемірді көтеріп, әлемнің түпкір-түпкірінен келген үздіктер арасында үздік атанды. 63 жасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алды.
2021 жылы 72 жасында Теміртау қаласында өткен ел біріншілігінде 180 келі салмақ басатын зілтемірді көтеріп, өз рекордын қайталаған. Бұл – егде жастағы спортшылар арасындағы әлем рекорды. Қазақстан рекордын 12 рет жаңартқан. 2022 жылы әлемнің 3 дүркін абсолютті чемпионы болып, елімізге еңбегі сіңген халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. Азия біріншілігінің 10 алтыны мен 2 күмісі қанжығасында.
2023 жылы Дәрібай Оспановтың жетістіктерін Мемлекет басшысы бағалап, оған арнайы Алғыс хатын жолдады. Алғыс хатты салтанатты түрде облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев табыс еткен еді.
Даңқы әлемге жайылған ақсақал балаларын да осы спортқа баулыған. Үлкен ұлы Алмаз – Азияның, Әлемнің чемпионы және күміс жүлдегері. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Бапкерлік жолын бастап, бірнеше әлемнің, Азияның жеңімпаздарын баптап шығарды. Бүгінде Приозерск қаласында спорт залын ашып, шәкірт тәрбиелеуді жалғастырып жатыр.
Ортаншы ұлы – Манас. Ол – жеке кәсіпкер. Кәсіпкерлікте жүрсе де, спортпен шұғылданады. Биыл спорт шебері дәрежесін алды.
Кенже ұлы Қараман Абдулкарим 15 жасында спорт шебері, 17 жасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 25 жасында еңбегі сіңген спорт шебері атанған. Қазақ жастары арасынан тұңғыш осы спорт түрінен Әлем чемпионы, тұңғыш еңбегі сіңген спорт шебері болды. Бүкіл спорт түрімен салыстырғанда, әлемдік рейтингіде 5 жыл бойы бірінші орынды бермеген тұңғыш спортшы. Оның 59 келі салмақ дәрежесінде орнатқан рекорды 175,5 келі екен. Бұл рекордты 5 жыл бойы ешкім бұза алмай келеді. Әлемнің рекордын 5 рет жаңартыпты. Азия құрлығының 6 дүркін, әлемнің 10 дүркін жеңімпазы (7 рет жекелей, 3 рет командалық) және 9 рет күміс медалін қанжығалаған. Қазақстан біріншілігін 30 рет ұтқан.
Немерелері де ата жолын қуған. Немересі Айтас – Әлем чемпионы. 2022 жылы Алматыда өткен додада абсолютті чемпион болып, спорт шебері нормативін орындады. Қазір ол да шәкірт баптап жүр. Немересі Абдул-Азиз 13 жаста. Қазақстан біріншілігінде қара үзіпті. Ол – спорт шеберіне үміткер.
– Менің отбасым әлемнің және Азия құрлығының 55 алтынын, күміс жүлдесін алды. Туымызды 55 көтеріп, 37 рет Әнұранымызды жаһанға паш етті! – деді ақсақал зор мақтанышпен.
Ерік НАРЫН
«Ortalyq Qazaqstan»



